Шаймен емделу
Шайдың пайдасы туралы бұрыннан білеміз. Лимон немесе таңқурай қосылған шай мен көк шайдың тұмаудың алғашқы сатыларында беретін көмегі зор. Жапон елінде цейлон шайы тұмауға қарсы басты қару саналады. Ыстық сүт пен бал да аурудың алдын алуға көмектеседі. Қазір дәріханаларда «Терафлю», «Антигриппин», «Колдрекс» сияқты көптеген дәрілер бар. Сұйықтық ретінде қабылдайтын бұл дәрілердің құрамында лимон, аз мөлшерде парацетамол кездеседі. Шайдың орнына осы дәрілерді ішуге де болады.
Пиязбен, сарымсақпен емделу
Бұл әдістің бір кемшілігі — жағымсыз иісінде. Әйтпесе, өте жылдам көмектесетін, зиянсыз тәсіл. Ақжелкектің тамырын ұнтақтап, дәкеге салып кеудеге, арқаға басуға да болады. Тұмау жаныңыздағы басқа адамдарға жұқпау үшін бөлмеге пияз турап қоюға кеңес береміз. Күнделікті тағамдану рационына бір тал сарымсақ қоссаңыз, тұмаумен ауру қаупі азаяды. Сарымсақ иммунитетті нығайтады, организмді қоршаған ортаның зиянды әсерінен қорғайды, ағзадағы бактерияларды өлтіреді. Тибеттіктер тұмаумен сирек ауырады. Мұның сыры сарымсақты-спиртті тұнбаны жиі қолдануларында.
«Нүктелі массаж»
Қытай медицинасында «нүктелі массаж» арқылы кез келген аурудан айығуға болады. Біздің елімізде де емнің осы түрі дамып келеді. Тыныс жолдары тарылса — кеңейтетін, басты ауру қысқанда — жазатын, мұрын қуысын тазалайтын “нүктелі массаждың” пайдасын көп адамдар біле бермейді. Нүктелі массаждың көмегімен қанайналым арқылы бойға оттегі көп мөлшерде тарайды. Егер тұмаудың алғашқы белгілері байқалса, жаттығудың көмегімен аурудың бетін қайтаруға болады.