Қазақ әдебиетіндегі жұптардың көбі тағдырдың тауқыметіне тап болып, бірге бола алмаған. Осыдан қоғамда “Шын ғашықтар қосылмайды” деген түсінік қалыптасты. Дегенмен махаббаты үшін күресіп, бақытты болған ғашықтар да бар. Baribar.kz 15 сәуір — Қозы көрпеш пен Баян сұлу күніне орай, қазақ әдебиетін шолып, қосылған жұптарды тізіп шықты.

Жиренше шешен мен Қарашаш сұлу

Жиренше мен Қарашаш — аңыз-әңгіме кейіпкерлері. Дегенмен олар — өмірде болған адамдар. Жиренше шешен туралы әңгімеде әз Жәнібек хан жиі кездеседі. Демек олар Қазақ хандығын Жәнібек хан билеген XV-XVI ғасырларда өмір сүрген деседі.

Аңыз бойынша, Жиренше шешен ақылды әрі дана адам болған. Жұбайы Қарагөз ханым қайтыс болған соң, Жиренше өз қалауындағы қызды кездестіре алмай, үйленбей жүріп қалады. Бір күні ауыл сыртында тезек теріп жүрген қыздардың жаңбыр жауып кеткен соң, қабын арқалап, ауылға қарай жүгіре жөнелгенін көреді. Тек бір қыз сырт киімін шешіп, қапқа жауып отырады. Жиренше жанына келіп, одан басқа қыздардан не үшін бөлініп қалғанын сұрайды. Сонда қыз: «Келе жатқан алды бар, арты жоқ, шағын бұлт. Бұл — өткінші жаңбыр, аз жауып ашылады. Ал олар үйге барғанша отыны, барлық киімі су болады. Су болған отын жанбайды, киімін кептіре алмайды. Мен отыныма шапанымды жаптым, отынымның ығына өзім отырдым: су болғаны жалғыз-ақ шапаным. Отыным мен өзге киімім құрғақ. Үйге барғанда отынды жағып, шапанымды кептіріп аламын», — дейді. Жиренше онымен біраз тілдесіп, ақылына көркі сай қыз екенін түсініп, ұнатып қалады. Бұл қыз Қарашаш сұлу болатын. Кейін Қарашаштың да оған көңлі бұрып, екеуі қосылады.

Жиренше мен Қарашаш — тек адал махаббатты емес, отбасындағы тең қарым-қатынасты, сыйластықты көрсеткен жұп. Жиренше талай би, хандарға ақыл айтып жүрген адам болса да, әрдайым Қарашашпен ақылдасуды, оның сөзіне құлақ асуды ұмытпаған.

Кейін Қарашаш сұлу ауырып қайтыс болған. Десе де олар — қазақ әдебиетіндегі қосылған жұптың бірі.

Жиренше Қарашаш
Жиренше шешен мен Қарашаш сұлу. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Ғали мен Жамал

Ғали мен Жамал — Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романының бас кейіпкерлері. Жамал — бала кезінен ақыл-ойға жүйрік, молдадан сауат ашып, хат таныған зерек қыз. Оған қоса ақындық қабілеті бар. Жамал туралы «Сәрсенбайдың бек көркем қызы бар» деушілер көп болған. Бір күні Байжан бай нашар баласы Жұманға Жамалды алып бергісі келеді. Оның байлығына қызыққан Сәрсенбай да қызын беруге келіседі. Дегенмен Жамал әкесі таңдап берген жігітті жақтырмайды.

Бір күні ауылдағы той-жиында Жамал Ғали деген сымбатты, жібі түзу жігітпен танысады. Екеуінің бір-біріне көзі түсіп, сөзі жарасады. Уағдаласқан мерзім жетіп, Жамал ұзатылатын күн таяғанда Жамал Ғалимен қашып кетеді. Қос ғашық Ғалидың шалғайдағы туыстарының үйінде тұрады. Екеуі бас қосып, бақытты отбасын құрады. Дегенмен олардың бақыты ұзаққа созылмайды. Ғали аяқ асты ауырып, көз жұмады.

Ғали қайтыс болғаннан кейін Сәрсенбай қызын Жұманға қосады. Брақ бұл некеде Жамал бақытсыз болып, қыс ауасында үйінен қашып кетеді. Ғалидың бейітнің басына барып, жылап отырып қайтыс болған.

«Бақытсыз Жамал» романының соңы қайғылы аяқталғанымен, бас кейіпкерлер — аз уақыт болса да, бәріне төтеп беріп, бірге болған жұп.

Ғали мен Жамал, Бақытсыз Жамал
Ғали мен Жамал. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Алпамыс пен Гүлбаршын

Алпамыс пен Гүлбаршын — «Алпамыс батыр» жырының бас кейіпкерлері. Эпос желісі бойынша, Жиделібайсын жеріндегі Қоңырат елінде Байбөрі деген бай болған. Оның Құлтай дейтін ағасы да, өзі де бала сүйе алмай, қиналады. Ол  Құлтайдың күңінен туған бір баланы асырап, бауырына басады. Есімін Ұлтан деп қояды. Ол өсе келе екеуіне де қорлық көрсетеді. Бұған шыдай алмаған Байбөрі мен әйелі тәңірден бала сұрайды. Құдай тілегенін береді. Кемпір мен шал ұлының атын Алпамыс, қызының атын Қарлығаш деп қояды.

Дәл осы кезде Шекті еліндегі досы Сарыбайдың әйелі қыз тауып, атын Гүлбаршын қояды. Байбөрі мен Сарыбай балаларын үйлендіруге уағдаласады. Бірақ кейін Сарыбай Алпамыс әулетіндегі жалғыз ұл екенін, өлсе, қызы әмеңгерлікпен Ұлтанға тұрмысқа шығып, қор болатынын ескеріп, шектілермен қалмақтың еліне көшіп кетеді.

Гүлбаршын өте сұлу, инабатты, салмақты әрі ақылды қыз болып бойжетеді. Мұны Алпамыс та біледі. Бір күні ол қалмақ елінен қалыңдығын алып кетуге бел буады. Гүлбаршынды іздеп келе жатып, тастағы бір жазудан Қараман деген ханның Гүлбаршынды зорлап алмақ болып жатқанын біледі. Мұны Гүлбаршынның өзі жазып кеткен деседі. Алпамыс шектілермен бірігіп, қалмақтармен соғысып, Қараманды өлтіреді. Қалмақ еліне қайын атасы Сарыбайды хан етіп қойып, өзі Гүлбаршынға үйленіп, аулына қайтады.

Алпамыс батыр Гүлбаршын
Алпамыс пен Гүлбаршын. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Ер тарғын мен Ақжүніс

Тарғын мен Ақжүніс — «Ер тарғын» жырының бас кейіпкерлері. Бұл ғашықтар — махаббат кез келген қиындықты жеңетінін дәлелдеген жұп. Тарғын өз елінде кісі өлтіріп, Ақшахан деген ханның елін мекен етеді. Онда біраз уақыт белгісіз адам ретінде өмір сүреді. Кейін Ақшаханның жауынгерлерімен бірге соғысқа аттанады. Тарғын жауды ойсырата жеңіп, әскер басы атанады. Ақшаханның сұлу қызы Ақжүніс Тарғынға көзі түсіп, оған ғашық болады. Тарғынның да назары Ақжүніске ауады. Ақжүніс батырға, байға, тектіге емес, Тарғынға тұрмысқа шыққысы келетінін айтып, онымен қашып кетеді. Әкесі ашуланып, оларға іздеу салады. Оларды ұстап, Ақжүністі Тарғыннан айырған ерге қызын беретінін айтады.

Тарғын мен Ақжүніс махаббаты үшін талай күреседі. Тарғын Ақжүністі алып кетпек болған батырлармен жекпе-жекке шығады, ал Ақжүніс күшпен жеңбеген батырларды сөзбен жеңеді. Тарғын белін үзіп, ұзақ сырқаттанып жатқанда Ақжүніс оған демеу болады. Ақырында екеуінің сезімі бәрін жеңіп, бірге бақытты ғұмыр кешеді.

Ер Тарғын мен Ақжүніс
Ер тарғын мен Ақжүніс. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Ербол мен Меңтай

Ербол мен Меңтай — Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» романының бас кейіпкерлері. Шығарма желісі бойынша, Ербол мен Меңтай Алматыдағы қазақ университетіне оқуға түседі. Сабырлы да ақылды Меңтай Ерболға «аға» деп, оған үнемі көмектесіп жүреді. Ербол да тобындағы қыздардың ішінен Меңтайға көзі түсіп, көңлі ауып жүреді. Бірақ оған сезімін айтуға батылы жетпейтін. Екеуі бірге лекция жазып, сабаққа дайындалып, кейде кітаптарды бірге талқылап жүргенде бірін-бірі ұнатып қалады. Бұл сезімін іштей ұғынысады.

1946 жылы Меңтайдың басынан қиын жағдай өтеді. Майданда қаза тапқан ағасының досы «Ағаң сені маған тапсырды» деп сеніміне кіріп, зорлайды. Осы оқиғадан соң Меңтай Ерболдың жүзіне қарай алмай, құрбысы Майраның ауылына көшіп кетеді. Дегенмен Ербол қандай жағдай болса да, Меңтайды жары етуге бел байлайды. Ғашықтар Майраның аулында дүркіретіп той жасап, қол ұстасып қалаға жас жұбайлар болып оралады. Екеуінің отбасына университетте бірге оқыған достары қызыға қарайтын. Көп ұзамай Меңтай жүкті болады, бірақ өкінішке қарай, толғақ кезінде Меңтай да қайтыс болып, іштегі баласы шетінеп кетеді.

Бұл роман қайғылы болса да, Меңтай сүйіктісіне қосылып, өмірінің соңғы сәттерін Ерболдың жанында өткізген. Қос ғашықтың махаббат хикаясы көпшілікке кеңінен тарағаны соншалық, 2021 жылы «Махаббат қызық мол жылдар» кітабы желісімен сериал түсірілді. Ал екі жыл бұрын Ғабит Мүсірепов атындағы театр роман желісі бойынша «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклінің премьерасын ұсынды.

Махаббат Қызық мол жылдар
Ербол мен Меңтай образындағы актерлар. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов