Басты бетЖаңалықтарАқтөбеде жылу...

Ақтөбеде жылу желілерінің 54%-і тозған

Ақтөбеде жылу желілерінің 54%-і ескірген. Биыл жөндеу жұмыстарына 1,3 миллиард теңге бөлінеді.

Бұл туралы «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директорының жабдықтау жөніндегі орынбасары Айтбай Дауылбаев айтты.

Ақтөбеде жылыту маусымы 18 сәуір күні аяқталады. Ол кезде тұрғын үй, мекемелер мен мектептер жылу желісінен ажыратылады. Ал емдеу орындары мен балабақшаларға жылу 29 сәуірге дейін беріледі.

Биыл жылыту маусымы аяқталуға жақын. Аяқталған соң жаңа жылыту маусымына дайындық басталады. Биыл күрделі жөндеу жұмыстарына 1,3 миллиард теңге бөлініп отыр. Ол төрт шақырымдық жылу желісін жөндеуге жеткілікті. Кейін 15-17 мамыр аралығында желілерді қысыммен тексереміз, — деді Айтбай Дауылбаев.

Оның айтуынша, жылу желілерінің 54%-і тозған. Жыл сайын 11-12 шақырым желіні жөндеуге тарифтің төмендігі мүмкіндік бермейді.

Биыл 13 қазандыққа жөндеу жүргізіледі. Оның үшеуі – күрделі жөндеу жұмысы. Ал 1 маусымға дейін өңірдегі жылу желілеріне техникалық сараптама жүргізіледі. Кейін жөндеу жоспары дайындалады. 2024-2027 жылдары қаржы республикалық бюджеттен бөлінуі мүмкін. Министрлік қолдап отыр, — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрберген Бекеев.