Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан елімізде терминал ойындары мен лотереяға тыйым салуды ұсынды.
Казиноларды қақсап жүріп Қапшағайға, шулап жүріп Щучинскіге көшіргенмен, мәселе өз шешімін толық таппады. Жастарды түрлі онлайн интернет-казинолар мен терминалдарға телміртіп қойды. Нәтижесінде, құмар ойынға шатылғандар адам айтса сенгісіз ауыр қылмыстарға барып, қатігездік белең алып барады. Былтыр құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі 553,6 миллиард теңге болған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 52 миллиард теңгеге, ал 2020 жылмен салыстырғанда 6,2 есеге (89,7 миллиард теңге) артқан. Құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу – қызмет көрсету көлемі бойынша жылжымайтын мүлікті рәсімдеуден, (2,6 есе), сәулет, инженерлік ізденістер, техникалық сынақтар және талдау саласындағы қызметтен (1,7 есе), компьютерлік бағдарламалау мен консультациялық қызметтерден (1,4 есе) кейінгі орында тұр, — деді Жанарбек Әшімжан мәжілістің жалпы отырысында.
Мәжіліс депутаты мәселені шешу бойынша келесі ұсыныстарды айтты.
Бірінші, букмекерлік кеңселерге банкрот деп танылған тұлғалардан және қолданыстағы несие бойынша үш айдан астам уақыттан бері төлем жасай алмаған тұлғалардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салу керек.
Екінші, қаржы пирамидаларын, онлайн-казиноларды және басқа да қауіпті құмар ойындарды жарнамалауға толық тыйым салу туралы қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу керек.
Үшінші, елде тыйым салынған, бірақ соған қарамастан интернетте кездесетін электрон казинолардың жарнамалық қызметін бақылауды күшейту қажет.
Төртінші, супермаркеттер мен қоғамдық орындарда тұрған Lotomatic секілді әртүрлі лотерея терминалдарын орнатуға және лотерея билеттерін таратуға қатаң тыйым салу керек.
Бесінші, жетекші теле-радио арналар мен интернет-порталдарда құмар ойынды насихаттайтын жарнаманың барлығына сыйым салу керек.