Қазақстанда аяқ киім бағасы бір жыл ішінде 20,5%-ке өсті. Оның ішінде ерлер мен әйелдердің аяқ киімі 18,2%-ке, ал балалар аяқ киімі 26,5%-ке қымбаттады.
Бұл туралы Energyprom мониторинг компаниясы хабарлады.
Маңғыстау облысында баға бір жылда 31,5%-ке өсті. Антирейтингке Шымкент (30,2%) пен Астана (28%) қаласы да енді. Ең аз өсім Ұлытау облысында тіркелді, өңірде аяқ киім 13,7%-ке қымбаттаған.
Мониторинг деректеріне сәйкес, Ақтөбе облысында ерлер аяқ киімі, Маңғыстау облысында әйелдер аяқ киімі, Шымкентте балалар аяқ киімі ең көп қымбаттады. Ұлытау облысында ерлер, Батыс Қазақстан облысында әйелдер, Қостанай облысында балалар аяқ киімінің бағасы ең аз өскен.
Сонымен қатар биыл қаңтар-ақпан айларында елімізде 286,7 мың жұп аяқ киім шығарылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 42,9%-ке артық.
Өңірлер арасында ең көп аяқ киім Алматыда шығарылды: 153 мың жұп – 2022 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 50,4%-ке артық. Үздік үштікке Алматы (48,5 мың жұп) және Жамбыл (27,9 мың жұп) облыстары кірді. Ішкі нарықта 40,3 миллион жұп аяқ киім сатылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 21,6%-ке аз, — делінген хабарламада.
Аяқ киім импорты бір жылда 22,9%-ке, 38,7 миллион жұпқа дейін азайды. Экспорт көлемі де 50,2%-ке, 105,5 мың жұпқа дейін төмендеді.