Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен келген Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевті Ақордада қарсы алды.
Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Осыдан кейін президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Ильхам Әлиев пен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді.
Әзербайжан басшысы құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, Қазақстан президентімен шағын құрамдағы кездесуге өтті.