2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4 575 этникалық қазақ қандас статусын алды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (52,4%) Өзбекстаннан келген. 19,3%-і Қытайдан, 6,3%-і Түрікменстаннан, 5,3%-і Моңғолиядан, 13%-і Ресейден және 3,7%-і басқа елдерден оралды. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,9%), Маңғыстау (13,9%), Түркістан (6,8%) және Жамбыл (5%) облыстарына, Алматы (9,0%), Астана (11%) және Шымкент (6,5%) қалаларына қоныстанды, — делінген хабарламада.
Биыл 1 сәуіріндегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 69,1%, еңбекке қабілетті жастан кіші 22,3% және зейнеткерлер 8,6% болды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде білім деңгейі бойынша 18,5%-і жоғары білімді, 39,9%-і орта кәсіби білімді, 36,7%-і жалпы орта білімді және 4,8%-інің білімі жоқ.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 111,1 мың этникалық қазақ оралды.