Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының Тәжікстан Республикасының 26 жастағы азаматына қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енді.
Бұл туралы ҚР терроризмге қарсы күрес орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, халықаралық лаңкестік ұйымдардың идеологиясын насихаттағаны үшін сотталған «М» өз бетінше астаналық діндарларды «қарулы жиһадқа» қатысуға үндеген. Сонымен қатар ол өз әрекетінің заңсыздығын түсініп, лаңкестерге қаражат жіберген.
Елордалық соттың үкімімен шетел азаматы Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 256 және 258-баптары «Терроризмді насихаттау», «Терроризм қызметін қаржыландыру» бойынша кінәлі деп танылып, бес жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.