Арыстанбек Мұхамедиұлының соты 17 сәуірде болады. Бұл туралы елордалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
«Байқоңыр» ауданының сотына Мұхамедиұлы, Нұразхан, Көшенов және Сәдуақасованы бюджет қаражатын жымқырды деген айыптаумен қылмыстық іс қабылданды, — деп хабарлады ведомстводан.
Негізгі сот талқылауы 17 сәуірде болады. Сот отырысы ашық өтеді. Тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 миллиард теңге.
Еске салайық, былтыр 29 мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды.