Бас прокуратура Серік Күдебаевтың қашып кету фактісімен қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов айтты.
Қандай да бір ақпараттың шығуына қарай біз қажет болған жағдайда өзге елдерге, оның ішінде Ресейге де жүгінетін боламыз. Ақпараттың түсуіне байланысты барлық елге жүгінеміз. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша бас прокуратура қылмыстық іс қозғады, — деді Ерлан Алдажұманов мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Еске салайық, Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған еді.
Сот талқылауы барысында прокурор судьядан Серік Күдебаевқа тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
3 сәуірде Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды.