2023 жылғы 4 сәуір күні Астана қаласы, MAQSUT NARIKBAYEV университетінде медиа сарапшы, журналист, қоғаммен байланыс және коммуникация саласының маманы, “Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі” кітабының авторы Маргерит Хокси Салливан мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың баспасөз хатшылары үшін тренингтер мен уоркшоптар өткізді.
Жиынның мақсаты – баспасөз хатшыларының кәсібилігін жетілдіру және біліктілігін арттыру.
Уоркшоптар баспасөз хатшыларының қоғаммен сауатты қарым-қатынас орнатуы, мемлекеттік мекемелердің коммуникация қызметінің стратегиясын ұйымдастыру, кризистік жағдайларда жұмыс істеу, сонымен қатар әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдардың имиджін қалыптастырудың заманауи техникаларын меңгеру сынды бағыттарды қамтыды.
Тренинг барысында Маргерит Хокси Салливан хабарлама тілінің түсінікті, нақты болуы керек екенін айтып өтіп, аудиториямен дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңызына тоқталды.
Баспасөз хатшысы аудиториясының кім екенін нақты білу керек. “Айтылған аргументтерге кім қарсы болады, кім қолдайды?”, “Ұсыныстарға кім келіседі?” деген сұрақтарға алдын-ала жауап іздегені жөн. Өйткені, аудиторияның ұсынысқа қарсы аргумент айтуы мүмкін, осындай жағдайда коммуникация саласының маманы өз ой-пікірін дәлелдей алуы қажет. Сонымен қоса ең бастысы, сенім мен адалдықты жоғалтпау керек, — деді спикер.
Шара ертең, 5 сәуір күні де жалғасады, медиа сарапшы “Кризистік коммуникация” тақырыбында тренинг өткізеді.
Маргерит Хокси Салливан Смитсон институтында дәріс оқыған және Харвард университетінің Джон Ф. Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінің саясат институтында ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеген. АҚШ-тың гуманитарлық ғылымдар жөніндегі ұлттық кеңесінде және ЮНЕСКО-ның коммуникацияны дамыту бағдарламасының гранттар басқармасында қызмет атқарған.
Шараның ұйымдастырушылары — ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі және «MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY».