Үш айда ұлттық қордан 984 миллиард теңге алынған

Қаржы министрлігі ұлттық қордың түсімдері мен шығыстары туралы 1 сәуірдегі есебін жариялады.

Министрлік мәліметінше, 2023 жылғы 1 қаңтарда ұлттық қорда 29,1 триллион теңгеден астам (29 176 508 444 000) қаражат болған. Ал 1 сәуірдегі жағдайы бойынша 29,3 триллион теңгеге (29 391 788 468 000) жеткен.

Үш айдың ішінде ұлттық қорға 1,1 триллион теңгеден астам (1 199 306 040 000) кіріс түскен. Оның ішінде мұнай секторындағы ұйымдардан тікелей ұлттық қорға аударылатын салықтан 1 197 058 132 000 теңге түскен. Ал мұнай секторындағы ұйымдарға салынатын айыппұлдар мен өсімпұлдардан, мұнай өндірісінен табиғатқа келетін зиян үшін төленетін алымдардан жалпы жиыны 800 миллион теңгеден астам (800 068 000) ақша түскен. Сонымен қатар:

  • республикалық меншікті жекешелендіруден 219 895 000 теңге;
  • ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан 7 945 000 теңге;
  • Қазақстан заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістерден 1 220 000 000 теңге түскен.

Жылдың алғашқы үш айында ұлттық қордың 984 миллиард теңгеден сәл асатын (984 026 016 000) қаражаты пайдаланылған.

Бұл қаражаттың 621 миллиард теңгесі — кепілдік берілген трансферттерге, 360 миллиард 620 миллион теңгесі — мақсатты трансферттерге, 2,4 миллиард теңгеден астам (2 406 016 000) қаражаты — ұлттық қорды басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге байланысты шығыстарды жабуға жұмсалған.