Жаңадан құрылатын үкіметті Әлихан Смайылов басқарады.
29 наурызда президент парламент палаталарының бірлескен отырысында премьер-министр кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия ұсынатынын, жауапкершілік те сол партияға жүктелетінін мәлімдеді.
Бүгін мәжіліс спикері, партия төрағасы Ерлан Қошанов президенттің қабылдауында болды. Amanat партиясы үкімет басшысы лауазымына Әлихан Смайыловты ұсынды.
Осыдан кейін мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны мәжілістегі партиялардың басқа фракцияларымен талқылады.
Ата заңымыздың 44-бабына сәйкес, премьер-министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын ұсынамын. Баршаңыз бұл азаматты жақсы танисыздар. Білікті әрі тәжірибелі маман. Жұмысқа адал, еңбекқор адам. Ол үкіметтің алдында тұрған міндеттерді жақсы біледі. Оған жаңа үкіметтің тізгінін сеніп тапсыруға болады деп санаймын. Конституцияның 56-бабына сәйкес премьер-министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловты тағайындау үшін мәжілістің келісім беруін сұраймын, — деді президент.
Мәжіліс депутаттары үкімет басшысы кандидатурасын талқылағаннан кейін «Қазақстан Республикасының президентіне Қазақстан Республикасы премьер-министрі лауазымына Смайылов Әлихан Асханұлын тағайындауға келісім берілсін» деген қаулы жобасына дауыс берді. Дауыс беру барысында жалпы отырысқа қатысқан 97 депутаттың 82-сі оның кандидатурасын қолдады. 7 депутат қарсы шығып, 8 депутат қалыс қалды.
Айта кетейік, Әлихан Смайылов министрлер кабинетін былтырдан бері басқарып келеді.