TikTok платформасы #Наурыз2023 онлайн-фестивалін қорытындылады. Шара платформа қауымдастығында айрықша назарда болып, хэштег бойынша контент 120 миллионнан аса рет қаралды. TikTok-тағы алғашқы онлайн-фестиваль мәдениет және спорт министрлігінің, «Kazakh Tourism» АҚ және TikTok-тағы танымал контент авторларының қолдауымен өтті. Оған қоса TikTok үздік роликтер байқауының жеңімпаздарын жариялады. Олар Қазақстанның ең сұлу мекендеріне саяхаттауға жолдама алды.
TikTok бүкіл әлем жұртына түрлі елдің мәдениетін жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. TikTok-та көктем мерекесі Наурызға арналған онлайн-фестиваль платформаның Қазақстандағы ірі қауымдастығының басын қосты. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар Наурызды қалай тойлағанын паш етті: бір-бірін құттықтап, мейрамға арналған тағамдар пісірді, ұлттық әндер орындады, өз өңіріндегі мейрам тарихы мен дәстүрлері туралы айтып берді. Мейрам қолданушылардың айрықша қызығушылығын оятты: жобаның хэштегі бойынша роликтер 120 миллионнан астам рет қаралды.
Қолданушылар наурыз көже, дәмі тіл үйіретін асылған ет пен қуырдақ, бауырсақ және басқа да тағамдардың рецептін белсенді бөлісті. Қазақстандықтар еліміздің түкпір-түкпірінде мейрам қалай өтіп жатқанынан репортаж жүргізді. Контент авторлары мейрамның тарихы, оның дәстүрлері туралы әңгімелеп, дәстүрлі киімдер мен зергерлік бұйымдардың сұлулығын көрсетті және, әрине, платформаны ұлттық музыкамен толтырды. Мейрамның басты музыкалық трендтерінің бірі дәстүрлер мен заманауи мотивтерді үйлестіретін «Қамажай» қазақ халық әнінің ремиксіне биленген би болды.
Жобаға қатысқан барлық қолданушы арасында ең жаңащыл видеороликтердің авторлары анықталды. Фестивальдің жеңімпазы Қазақстанның түкпір-түкпірінде Наурыз қалай тойланатыны туралы көркем суреттеме жасаған @malikatakira бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынды асылған еттің отбасылық рецептісін көрсеткен @pak_lafamilia алды. Үшінші орын таудағы биді түсірген авторлар @kz_white_angel_kz иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жоба серіктестері — мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ-дан, «Rocket Go Travel» туристік компаниясынан бағалы сыйлықтар алады. Сөйтіп олар Қазақстанның ең әдемі жерлеріне саяхаттайды.