Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді

Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бұл туралы парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды. Елімізде бірнеше жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 1 мыңнан астам ауылдағы 3 700 нысан жаңғыртылды. Оның бәрі – әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары. Бұл жұмыс болашақта да жалғасады, — деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді.

Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына бес-жеті жылға жылдық өсімі 2,5% болатын шағын несие беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.