Басты бетЖаңалықтарМемлекет басшысы...

Мемлекет басшысы бизнесмендерге үндеу жасады

Мемлекет Қазақстанды дамытуға атсалысатын отандық кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді. Президент парламенттің бірінші сессиясында осындай кепілдік берді.

Елді жайлаған індет және оның салдары кәсіпкерлерге оңай тимегені анық. Былтырдан бері саяси жүйені жаңғыртуға баса мән бердік. Енді экономикадағы нақты мәселелермен айналысатын кез келді. Бұл жұмысты мықтап қолға алу керек, — деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – жеке меншікті қорғау және нарықтың бәсекелі болуын қамтамасыз ету. Сол үшін сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды жалғастыру қажет.

Осы орайда президент бизнесмендерге үндеу жасады.

Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше, қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық. Мен президент ретінде сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін, — деп Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел билігі шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береді. Осыған байланысты президент ШОБ-қа қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.