Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы парламентінің бірінші сессиясында сайлауға белсене қатысқан азаматтарға алғыс айтты.
Реформаларымыз «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» қағидасына негізделді. Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі.
Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес президентті сайлау, сенатты, мәжілісті және мәслихаттарды сайлау өтті.
Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды бес саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті, — деді президент.
Мемлекет басшысы кешегі сайлауда партиялармен қатар, көптеген азамат бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынғанын айтып өтті.
Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын, — деді Қасым Жомарт Тоқаев.