Мәншүк Туғанбаева жеке бизнесін бұдан 15 жыл бұрын бастаған. Мамандығы дәрігер болғандықтан, медициналық орталық ашуды жөн санапты. Бұл сала елімізде қарқынды дамып келе жатқандықтан, нарықтағы бәсеке де жоғары. Сол себепті емдеу тәсілдерін де қажетті құрал-жабдықтарды да дер кезінде жаңартып отыру міндет. Бастаған ісі баянды болуы үшін кәсіпкер «Даму» қорынан жәрдем сұрады. Төмен пайыздық несие алған ол, сапалы ем көрсетуге қажетті жаңа техника сатып алды.
«Даму» қоры көрсеткен көмектің арқасында бізге келіп емделетіндердің саны 2 есе артты. Қазір біз ағзада қатерлі ісіктің бар-жоғын ерте анықтай аламыз. Соңғы уақытта ұялы телефонды пайдалану салдарынан құлақ аурулары жиі кездесетін болды. Арнайы техникамен сараптама жүргізіп, сол дертті дер кезінде емдеп шыға аламыз. Сол себепті қыз келіншектерге айтарым, еш қиындықтардан жасқанбай, алға басу керек. Мемлекет тарапынан қолдау бар» — дейді медициналық орталықтың директоры Мәншүк Туғанбаева.
Дина Лидің кәсіпкерлік қызметіне 4 жылдың жүзі болды. Аз уақыттың ішінде ол кәсіби дизайнер атанып, өзінің арт-ательесін ашқан. Бірақ Дина мұнымен шектелмейін деп отыр. Алдағы 3 жылдың ішінде өзінің туындыларын халықаралық аренаға шығаруды жоспарлап қойған.
«Біз жобамызды «Даму» қоры арқылы жүзеге асырдық. Басында қатты қиналдым. Құжаттарды жинауға көп уақыт кетті. Сол уақытты жиі еске аламын. Ал бүгінгі таңда мен өзім жас дизайнерлерге қолдау көрсетемін. 3 жылдан кейін Италияға барып, танымал мамандармен бірге жұмыс бастамақшымын. Бүкіл әлемде сұранысқа ие болатын лейблді жарыққа шығарғым келеді» — дейді дизайнер Дина Ли.
Алуа Рударова өз баласына балабақша іздеген кезде бизнеспен айналысу ойына келгенін айтады. Талапқа сай мекеме таба алмаған ол ата-аналар үшін қол жетімді әрі сапалы қызмет көрсететін балабақшаны өзі ашты. Оған да қажетті қаражатты «Даму» қоры бөлді. Қазір мұнда 20-дан астам бала мектепке дейінгі білім алып жатыр. Алуа енді бизнесін кеңейтуді көздеп отыр.
«Кеңседе жұмыс істейтін қыз-келіншектер мансап қуу жолында кемінде 5-10 жылын сарп етеді. Ал бизнесте бұл мерзім әлдеқайда азаяды. Кәсібімді ашқалы мол тәжірибе жинадым. Есеп, басқару және тұтынушылармен жұмыс істеуді тез арада меңгеріп алдым. Отбасыммен айналысуға да уақытым бар. Сондықтан да әрбір әйел азаматқа бизнес саласында қызмет етуге кеңес бере аламын» — дейді балабақша директоры Алуа Рударова.
Былтыр «Даму» қоры әйел кәсіпкерлерді қолдау және дамыту бағдарламасы аясында 3 мыңға жуық іскер азаматшаға қолдау көрсетті. Ол үшін 311 миллиард теңге қаражат бөлінді. Айта кетейік, бұл жоба аясында Шығыс Қазақстан облысының қыз келіншектері көш бастап тұр.