Әкемтеатр артистері жыл бойы көрерменге рухани азық сыйлап, күн сайын сахнаға шығады. Әдемі костюмдерімен, ерекше декорациясымен, шебер ойындарымен көрерменді түрлі күйге бөлейді. Baribar тілшілері 27 наурыз — Халықаралық театр күні қарсаңында Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына барып, қойылым алдындағы дайындық процесін көріп, актерлармен әңгімелесіп қайтты.
Бізді театрда драматург Жақсылық Мұратбек күтіп алды. Ә дегеннен бүгін қойылатын спектакльде басты рөлді сомдайтын актердың бөлмесіне апарды. Дәлізбен келе жатып театр актерының жұмыс күні қалай өтетінін айтып берді.
Қойылымдар 18.30-да басталып, 20.00-де аяқталады. Соған қарап, театрда жұмыс істеген оңай, кешке келіп, рөл ойнап кетсең болғаны деп ойлайтындар көп. Бірақ жұмыс таңғы 9-да басталады. Актерлардың бәрі күн сайын биге барады. 11-де жаңа қойылымға дайындалады. Кейін түскі ас, одан соң кешке қойылатын спектакль дайындығы, грим жағу дегендей. Сосын сахнаға шығады. Сонда кешкі екі сағаттық қойылым үшін актер таңертең сағат 8 болмай жатып үйінен шығады. 20.00-де аяқталған қойылымнан үйіне кешкі 9-дан өте бір-ақ жетеді. Бірақ жұмыстың мұндай графигіне шағымданған актерды көрмеппін, — дейді драматург.
Бүгін қара шаңырақ саналатын драма театрда «Жан әке» спектаклі қойылады. Режиссеры — Асыл Құдайбергенов. Осымен жетінші рет қойылғалы отыр. Театр қызметкерлері бүгін де аншлаг деп мәз болып жатты. Қойылымдағы басты рөл — әкені Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері Болат Әбділманов сомдайды. Сонымен қатар ол — туындының сахналық нұсқасының авторы. Артист ескі суреттерге толы ерекше бөлмеде қойылым туралы айтып берді.
Бұл — Флориан Зеллер деген француз жазушысының шығармасы. Туынды Ресейде, Еуропа елдерінде сахналанған. Мен оны қазақы менталитетке сай бейімдеп, мистика элементтерін, қазақылықты дәріптейтін сахналар қостым. Өзім сонда 80 жастағы шалды ойнаймын, — дейді Болат Әбділманов.
Қойылымда жастардың әке-шешеге қатігездігі, ұрпақтар арасындағы байланыстың үзіліп қалғаны сөз болады.
Бұған қоса түрі қазақ, жаны жат болып бөтен ағымның жетегінде кеткен жастар туралы да сахналар бар. Шалдың қазақ қыздарының жаппай шетел азаматына тұрмысқа шығып жатқанына мұңайып отырған сәтін де қостық. Бір сөзінде кейіпкерім: «Ол қытай азаматына бала туып берсе, баласы қытай болады. Жолдасы орыс болса, баласы да орыс болып туады, солай кете береді. Сонда қазақтың санын кім көбейтеді? Ертең ел басына күн туа қалса, қазақты кім қорғайды? Қазағым қайда барасың? Қыздарым қайда барасың?» — деп еңіреп жылайды. Жылайтын тағы бір себебі сол, шалдың екі қызының бірі дәл солай шетел азаматына тұрмысқа шығып кетеді. Сол қызын көрместей болып, әке болудан бас тартады. Дегенмен сол қызын сағынады, өзінің кемпірін аңсайды.
Осы әңгімеден соң грим бөлмесіне бардық. Ерлер бөлмесінде Бауыржан Мәнжігітов дайындалып отыр екен. Ол бүгін Қабыл деген жағымсыз кейіпкерді сомдайды. Грим жасайтын қыздан қасын көтеріп, шашын артқа қайырып беруді сұрады.
Актер көбіне жағымсыз рөлді ойнайтынын айтты. Өзіне де сондай рөлдер ұнайды. Халық алдында жағымды кейіпкерге қарағанда ұнамсызын сомдаған қызығырақ дейді. Артист әңгіме арасында сахнадағы қызықтарды да еске алды.
Сахнада түрлі жағдай болады. Ауырып тұрып шыққан кездеріміз де болды. Актерлар сөзін ұмытып қалатын сәті тіпті көп. Сондай кезде кейде көмектесіп, «Сен сонда маған «кет» дегің келіп тұр ма?» деп сөзін еске салып жіберуге тырысамыз (күліп).
Ал әйелдер бөлмесінде Айша Ағымбай мен Майра Әбсадықова дайындалып отыр екен. Айша да бүгінгі қойылымда Лола деген жағымсыз кейіпкерді сомдайды. Бұл — оның Әуезов театрындағы алғашқы өзі жасаған рөлі.
Бұған дейін жергілікті театрда бірнеше жыл жұмыс істеп, былтыр осы қара шаңыраққа жұмысқа кірдім. Театр актерлары арасында «Вводқа» түскенше, отқа түс» деген әзіл бар. Мұндағы көп рөлім сол — «ввод», яғни бұған дейін басқа актер ойнаған рөлді сомдауым керек болды. Әдетте көрермен бірінші ойнаған актерды есте сақтап, кейінгілерін сонымен салыстырып отырады. Сондықтан мұндай рөлді сомдау екі есе еңбекті талап етеді. Ал бүгінгі Лола — осы театрдағы түгел өзім жасап шыққан, басынан-аяқ зерттеп, өзім жан бітірген алғашқы рөлім.
Грим бөлмесіне соңғы болып Болат Әбділманов кірді. Орындыққа жайғаса сала грим жасайтын қызға көзіне ештеңе жақпауды сұрады.
Айналайын, көзім онсыз да жап-жақсы ғой. Ештеңе жақпай-ақ қойшы. Сахнада рөлге беріліп, терлеп кеткенде ол жаққаның көзді қызартып, қышытады екен, — деді.
Театрдың арнайы киім цехі бар. Театр тігіншілері костюмші-суретші мамандармен бірлесіп әр қойылымға бөлек киім тігеді. Ал заманауи қойылымдардың киімдерін суретшілер кейде базардан сатып алады. Бірақ «Жан әке» қойылымына актер киім таппай қиналған. Жейдесін түймелеп отырып бір қызықты еске алды.
Шалға бұрынғы замандағы қолдан тоқылған бір кеудеше керек болды. Театр тігіншілері тіккен киім арасында ондай ештеңе таппадым. Базардағыларды білесіз — Қытайдың машинамен тіккен жемпірлері. Қалай табам деп отырғанда кемпірімді ойнайтын Гүлшат Тутова: «Бөке, 92 жасқа кеп қайтыс болған атамның кеудешесі бар. Соны көрсеңіз қайтеді?» — деді. Киіп көрсем, кеудеше әйел адамдікі екен.
Болат Әбділманов мұны бірден қойылымға қосқан. Шалдың қызы әкесіне «Үстіңдегі ескі кеудешені тасташы, күйе жеп барады» деп сөйленетін сахна бар.
Сонда шал:
— Жоқ, балам, бұл — анаңның көзі, анаңның иісі сіңген кеудеше. Мен соны иіскеп, мауқымды басамын ғой, — дейді. Гүлшаттың атасының кемпірі де өзінен бұрын қайтыс болған екен. Ол да кемпірін сағынып, кеудешені тастамай киген болса керек. Осы кішкентай эпизодтың өзі қойылымға әр бере түсті, — дейді актер.
Грим жағып жатқанда Болат Әбділмановқа қоңырау шалғандар көп болды. Бірі сәттілік тілеп, бірі алыстан келгендер барын айтып қуантып жатты.
Спектакль көрУге алыс-жақыннан келіп жатқандар көп. Жаңаөзеннен, Атырау мен Ақтөбеден келгендер болды. Жақында бір апамыз Қарқарадан арнайы келіп қуантты. Бүгін де басқа қалалардан келгендер бар екен. Бұған қоса қазір залда жастар көбейе түскенін көріп, ерекше марқайып қаламын, — дейді ол.
Осыдан соң актерлар киім ауыстыруға, ал біз сахна дайындығын бақылауға төменгі қабатқа түстік. Қызметкерлер реквизиттерді реттеп, орындық бетіндегі матаны алып, көрермен келуіне дайындала бастады. Сағат 17.45 болды, сахнаға жан біте бастағандай. Көрермен залында жарық әлі қосылмаған соң, сахнаға қарсы бетте жағылған жарық көзге түседі. Дыбыс режиссерлары отыратын шағын бөлмеден түсіп тұр.
Ербол Есенбаев театрда 2005 жылдан бері дыбыс режиссеры болып істейді. Оның сөзіне қарағанда, бір қойылымның дыбыс эффектілерін дайындауға кемі бір ай кетеді.
Дыбыстарды жинаудың өзіне кемі бір ай керек. Кейбір қойылымдарға арнайы композиторлық туындылар жазылады, өзіміз түрлі дыбыс іздеп қосамыз. Дыбыс түгенделген соң, біз де күн сайын актерлармен бірге дайындыққа қатысамыз. Қойылым көрерменге ұсынылғанда қате кетпес үшін актерлардың әр әрекетін жаттап, есте сақтап алуымыз керек, — дейді дыбыс режиссеры.
Сағат кешкі 6-дан асты. Жұмыс қыза түсті. Сондықтан маманды көп бөгемеуді жөн көрдік. Театр алды адамға тола бастады. Басты есік ашылып, билет бақылауын жүргізетін екі жігіт орнына барып тұрды. 15 минут бұрын тып-тыныш болған ғимарат жанға толып, мерекелік көңіл-күй пайда болғандай.
Біз соңғы рет сахна артына өтіп, сұхбат берген актерларға сәттілік тілеуге асықтық. Бірер минуттан кейін көрерменімен қауышатын артистер дайындығын пысықтап жатты.
Театр ақсақалы әрі бүгінгі қойылымдағы басты кейіпкерді сомдайтын Болат Әбділманов грим бөлмесінде отырғанда әр қойылым алдында дұға ететінін айтқан еді.
Сахнаға шықпас бұрын үнемі Құран сүрелерін оқып, қойылым жеңіл өтуін тілеймін. Бірер сағат бұрын артық әңгімеден тыйылып, ойымды жинақтауды жөн көремін, — деЙді актер.
Сахнаның артына шыққанда актерды таппай қалдық. Дұға етіп жатқан болар деп залға жайғастық. Үлкен қызыл перде ашылды.
Құрметті көрермен, ұялы телефоныңызды дыбыссыз режимге қойыңыз. Спектакльді жақсы көңіл-күймен тамашалауыңызға тілектеспіз!
Белгісіз кеңістіктен естілген осы таныс дауыстан соң залда бес минут бұрынғы қарбалас орнына тыныштық орнады. Қойылым басталды.