Әдетте ноутбуктар жұмысқа я ойынға арналған болып бөлінеді. Дегенмен бұл жағынан ASUS ROG Strix SCAR ноутбугының 16 және 18-сериясы ерекшелене білді. Олар салмағы ауыр ойындарды, бағдарламаларды жүктеуге, еш кедергісіз ойнауға және жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, геймерлер мен шығармашыл адамдарға таптырмас құрылғы.

Моушн-дизайнер әрі әуесқой ойыншы Бейбарыс Бақтаев ASUS ROG Strix SCAR 16-ны бірнеше күн қолданып, оған шолу жасады.

Бейбарыс телевизия саласында моушн-дизайнер болып жұмыс істейді. Бос уақытында компьютер ойындарын ойнағанды ұнатады. Қызметі де, сүйікті ісі де компьютермен тығыз байланысты болғандықтан құрылғының сапасына, әр бөлшегіне жіті мән береді. Сондықтан ASUS ROG Strix SCAR 16 ноутбугын қолданып көруге ерекше ықылас танытты.

Бала кезден ойын ойнаймын, қазір хоббиіме айналды. Шамамен күнімнің үш сағатын компьютер ойындарына арнаймын. Демалыс күндері достарыммен бірге компьютер клубына барып, түнімен немесе таңға дейін ойнаймыз. Кейбірі «Жұмыста да ноутбук алдында отырасың. Шаршамайсың ба?» дейді. Керісінше, сергіп, демалып қаламын, — дейді Бейбарыс.

асус ноут ойын
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сырт көрінісі

Бейбарыс дизайнер болғандықтан әдемілікті, креативті жаны сүйеді. Сол себепті ең әуелі қорап дизайны, ноутбук қосылғанда экран бетіне шығатын анимациясы мен дыбысы ерекше есінде қалғанын айтады. Оған қоса ол қорапқа қарап, құрылғыны үлкен деп ойлаған. Дегенмен кейін ішіндегі ноутбуктың әлдеқайда шағын әрі ыңғайлы екенін байқаған.

Қорабынан-ақ құрылғының қымбат екені білінеді. Оны қолыма алғанда лезде unpacking видео түсіріп ашып көргім келді. Сонымен бірге қораптың сыртында түрлі анимация кейіпкері бейнеленген. Мұнысы ерекше болып көрінді. Ал ноутбуктың сырт көрінісі әдемі, дегенмен көбіне ұлдарға арналған дер едім. Ноутбукты қосқанда эмблемасы ерекше дыбыспен ытқып шықты. Бұл ауыз толтырып айтарлықтай болмаса да, күшті әсер қалдырды, — дейді ол.

асус ноут ойын
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
асус ноутбук ойын
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Компьютер клубтарының іші көбіне қараңғы болады. Ал онда тізіліп қойылған компьютер экранындағы ойындардан түрлі түс шағылысып, геймерлерге ерекше атмосфера сыйлайды. ASUS ROG Strix SCAR 16 ноутбугы дәл сол дүниені үйде де сезінуге мүмкіндік береді. Өйткені ноутбуктың пернетақтасы, экранының артында бейнеленген эмблемасы, ноутбук корпусы түрлі түске боялады. Ноутбук иесі осы ерекшелігінен-ақ құрылғысын алыстан таниды.

Түстерді өз бетіңмен ауыстыруға да болады екен, — дейді Бейбарыс.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Armor Cap қаптамалары. Ноутбугыңыздың сырт бейнесі сәнді әрі ешкімдікіне ұқсамайтындай болғанын қалайсыз ба? Онда сізге ROG Strix SCAR 16 ноутбугын ұсынамыз, өйткені ода айрықша элемент — Armor Cap қаптамалары бар. Бұл қаптамалардың бекіткіштері магниттен, сол себепті оңай тағылып-ағытылады. Ноутбук жинағында арнайы қаптама қарастырылған, десе де қолданушы 3D-принтері арқылы талғамына сай жаңасын басып шығара алады.

Кейде қолымыздағы құрылғының ішкі құрылысы қандай екені, қалай жасалғаны қызық. Адамдарда мұндай сауал туындайтынын ROG Strix SCAR 16 әзірлеушілері де аңғарған болса керек. Олар 2020 жылдан бастап ноутбуктарында мөлдір бетті пернетақталарды қолдана бастады. Енді қолданушы құрылғының тек сырт бейнесін емес, ішкі құрылысын да көріп, бағалай алады. Оған қоса бұл — бұрын-соңды кездеспеген дизайн екенін айтқан жөн.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar/kz

Touch pad. Бейбарыстың айтуына қарағанда, ASUS ROG Strix SCAR 16-ның Touch pad-ы кез келген адамның көзіне бірден түседі. Бұл ноутбуктардың тачпадтары ROG-тың бұрынғы серияларына қарағанда әлдеқайда үлкен, оған қоса арнайы шыны жабынмен қорғалған. Адам саусақтарымен оны қозғалтқанда жағымды әрі ыңғайлы екенін сезеді. Оған қоса пернетақтаны қолданып отырып, бір секундта Touch pad-қа ауысып кетуге болады.

Touch pad ойын кодтарын тергенде ыңғайлы. Бұл ноутбук қымбат, дегенмен артықшылықтарын ескерсек, бағасына тұрарлық, — дейді ол.

Процессоры мен видеокартасы

Кейбір ойын мен бағдарламаның «салмағы ауыр» болғандықтан оларды жүктеу қиын. Құрылғыға орнатқанның өзінде ойын дұрыс қосылмай, қолданушы біраз әлекке түседі. Мұндай мәселеге ұшырағандарға біз ASUS ROG Strix SCAR ноутбугының 16 немесе 18-сериясын ұсынамыз. Себебі дәл осы ноутбукке Intel® Core™ i9-13980HX процессоры, NVIDIA GeForce RTX 4090 видеокартасы орнатылған. NVIDIA Advanced Optimus технологиясымен біріктірілген арнайы мультиплексор дисплейдегі өнімділікті арттырады. Мұндай ноутбуктармен ойын ойнап қана қоймай, стриминг жүргізуге, мультимедиа контентін жасауға болады.

Мысалы, жақында Бейбарыс Хәрри Поттер әлеміне қатысты Hogwarts legacy деген жаңа ойынды ойнамақ болып, оны үйіндегі компьютеріне орнатқан. Бірақ ойын қатып, графикасы дұрыс көрінбеген. Ал ASUS ROG Strix SCAR 16 ноутбугымен осы ойынды емін-еркін ойнаған.

Жұмыс істеуге әрі түрлі ойын ойнауға ыңғайлы болуы үшін үйдегі компьютерімді өзім жинап, барынша қуатты етіп құрастырғанмын. Дегенмен соның өзінде ойынды дұрыс ойнай алмаймын. Ал компьютер клубтардың көбінде бұл ойын жоқ. Болса да, ақылы. Ойын ASUS ROG Strix SCAR 16 ноутбугына бірден орнатылды, ойнап жатқанда да ноутбук қатпады, — дейді Бейбарыс.

Оның айтуынша, геймерлер ноутбуктың қаншалық жақсы екенін тексеру үшін көбіне Cyberpunk 2077 ойыны арқылы сынап көреді, себебі бұл ойынды көп құрылғы «көтермейді екен».

Біразы осыған байланысты ойынды компьютермен ойнайды. ASUS ROG Strix SCAR 16 ноутбугының «ауыр ойындарды көтере алуының» арқасында оны кез келген жерге арқалап әкетіп, ойнауға болады екен, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тұрақты жады

ASUS ROG Strix SCAR 16-ның тұрақты жады — 2Тб SSD дейін, амалдық жады — 64 ГБ-қа дейін. Бейбарыстың айтуына қарағанда, бұл жағынан ноутбук ұтып тұр, өйткені оған көп ойын, бағдарлама орнатуға болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сонымен қатар кей ноутбукқа жарық шығарытан шағын диодтар негізіндегі ROG Nebula HDR деген матрица қолданылады. Оның арқасында ғимарат ішінде де, көшеде де экрандағы бейне, әсіресе қара-қою түстер анық, қанық көрінеді. Тіпті геймердің ойында жеңіске жетуіне де септігін тигізеді десек қателеспейміз — ойыншы қарсыласын алыстан бірден байқап, көздей алады.

Желдеткіші

Бейбарыс та, басқа ойыншылар да ойынға кіріссе, түнімен, тіпті кейде таңға дейін ойнайтынын байқадық. Мұндай кезде желдеткіші бар екеніне қарамастан, құрылғының қызып кететіні орынды. ASUS ROG Strix SCAR 16 және 18 ноутбугы бұл проблеманы шешуге тырысты. Көп құрылғыда екі желдеткіш болса, бұл ноутбуктар бірден үш желдеткішке ие. Ол ноутбуктың тез қызып кетпеуіне, оны салқындатуға мүмкіндік береді. Оған қоса желдеткіштер айнала орналасқан: бұл ыстық ауаны жылдам сыртқа шығаруға көмектеседі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көпшілік арасында танымал ойынның көбі атыс-шабысқа, адреналинге, эмоцияға толы екені рас. Оған қоса ойыншылар кезеңнен кезеңге өтіп, виртуал әлемде ұзақ саяхаттайды. Мұндай эмоцияға толы әрі ұзақ уақытқа созылатын ойын пернетақтаны қыздырып жібереді. Кейде құдды саусағың күйіп жатқандай болуы мүмкін. ASUS ROG Strix SCAR 16 және 18 ноутбугы әзірлеушілері осыны ескеріп, салқын ауа кіруі үшін WASD пернелері жанына көрінер-көрінбес етіп кішкентай желдеткіш орнатқан.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

ROG-тың басқа құрылғыларындағыдай мұнда да термоинтерфейс пен графикалық процессор үшін Conduction Extreme сұйық металы қолданылады. Ол арқылы чиптердің температурасы 15 градустан төмен болады.

Сонымен қатар желдеткіш дыбысы да шулы емес. Ноутбуктың орталық және графикалық процессоры температурасы белгілі деңгейден төмендегенде, яғни салқындаған соң және Silent режимі қосылған соң салқындату жүйесі өз бетімен желдеткішті тоқтатып, мүлдем дыбыссыз режимге көшеді. Осылайша, жұмыс істеп отырған яки фильм көріп отырған адамның мазасын алмайды. Ноутбук қызғанда, желдеткіштер қайта іске қосылады.

Желдеткіштің дыбысы қатты шулы емес. Ойын ойнағанда, видео көргенде көңіліңді, ойыңды бөлмейді, — дейді Бейбарыс.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дисплей

ASUS ROG Strix SCAR 16 ноутбугының дисплейі — 16 дюйм, жиілігі — 240 Гц, жарықтығы — 500 кд/м2, түс гаммасы — 100%«DCI-P3», матрицасы — ROG Nebula. Демек адам экрандағы бейнені анық, біртегіс көре алады. Мәселен, фильмдегі, ойындағы кейіпкерлер, ондағы заттар шалт қозғалмайды, кадрлар «роботтардың жүрісіндей» бірден ауыспайды, өмірдегідей шынайы қозғалып, тегіс ауысады.

Мұнда видеоларды жоғары сапада 2К-мен көре аласыз, — дейді Бейбарыс.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бейбарыс ASUS ROG Strix SCAR 16 ноутбугы ойын ойнауға ғана емес, өзі сияқты дизайнерлерге, колористерге жұмыс істеуге де ыңғайлы екенін айтады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі — дисплей матрицасының IPS екені, екіншісі — салмағы ауыр бағдарламамен жұмыс істеуге болатыны.

IPS матрицасы түстерді, контрастарды жақсы көрсетеді. Мысалы, өз компьютерімді жинағанда біздің нарықтан матрицасы IPS болатын екі-ақ монитор таптым. Ал ROG ноутбугының мұндай матрицаға ие болуы — үлкен артықшылық. Сонымен бірге бұл құрылғыға Adobe After Effects сияқты ауыр бағдарламаны көшіріп, кез келген жерде жұмыс істеуге болады. Сол себепті бұл ноутбукты фрилансерлерге, шығармашыл адамдарға сатып алуға кеңес беремін, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бағдарламалары: Windows 11 Pro және Armoury Crate бағдарламасы

ASUS ROG Strix SCAR 16 әзірлеушілері өнімін қолданатындар үшін барлық жағдайды алдын ала қарастырған. Адам ноутбукты сатып алған соң оған ақылы түрде бағдарлама орнатып немесе танысынан көмек сұрап, күш, уақыт жұмсап әуреленбейді. Себебі құрылғыға Windows 11 Pro орнатылған. Қысқасы, сатып ала сала қолдан!

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тағы бір ерекше тұсы — барлық функцияның басын бір жерге біріктірген Armoury Crate бағдарламасы. Ноутбуктағы бұл бағдарламаға кіріп процессор жиілігін, желдеткіштің күшін, қуат көзін азайтуға не жоғарылатуға, оны бақылап отыруға, жақтауларда жанатын түстерді, салқындату режимін  өзгертуге — бәрін басқаруға болады.

Бас қатырып отырмайсың, бір жерге кіріп-ақ бәрін көріп, реттей аласың — дейді Бейбарыс.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қуаттағыштары

ASUS ROG Strix SCAR 16-ның екі қуаттағышы бар. Бірі — кәдімгі үлкен қуаттағыш, екіншісі — кішкентай сөмкеге сыйып кететін жинақы Type C USB-і.

Ойынға арналған ноутбуктардың қуаттағыштары үлкен. Оны тасып жүру қиын, бір жерге барғанда сөмкеңнең шығарсаң, ерсі көрінеді, көп орын алады. Өзі бөлек бір аппарат сияқты. Ал мына ноутбуктың Type-C USB-і қосымша қуаттағышы бар екені қуантты. Жеп-жеңіл, кішкентай, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл ноутбук шынымен-ақ мобильді құрылғы сияқты, өйткені оның аккумуляторының сыйымдылығы — 90 Вт/сағ, яғни ноутбуктың қуаты ұзақ уақытқа жетеді. Мәселен, бұл құрылғымен шамамен 7,5 сағаттай үзбей видео көруге болады. Сонымен қатар оның 330 ваттық адаптері небәрі 30 минутта ноутбуктың қуатын 50%-ке дейін толтыра алады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar/kz

Аудиожүйесі

Басқа құрылғыларға қарағанда 2,8 есе жоғары дыбыс, үш есе қуатты бас, үш есе кең динамика диапазоны. Иә, мұның бәрі ASUS ROG Strix SCAR 16 ноутбугына тән артықшылық, себебі құрылғының Dolby Atmos технологиясы арқылы жұмыс істейтін төрт динамикасы бар: екеуінің жиілігі жоғары, екеуінікі төмен. Мұндай дыбыс қолданушыға өзін толықтай виртуал әлемде жүргендей сезінуге, жоғары сападағы аудиоларды кедергісіз тыңдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ноутбукта екіжақты шудан оқшаулағыш орнатылған. Оны адам өз бетімен басқарып, реттей алады. Мәселен, ойын кезінде басқа бағдарламалардың дыбысын азайтып, тек ойын даусын күшейтуіне болады. Бұл ойынға зиянын тигізбейді.

ноутбук
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Шолуымызды қорыта келе, ASUS ROG Strix SCAR 16 ноутбугының мынадай артықшылықтарын атап айтуға болады:

  • өте ауқымды видеокарта мен тұрақты жадыға ие;
  • екі қуаттағышы бар;
  • төрт динамикасы бар;
  • дизайны ерекше;
  • үш желдеткіші бар;
  • арнайы бағдарламалар орнатылған;
  • экраны анық әрі қанық.
НОУТБУКҚА ASUS ҚОЛДАУЫМЕН ШОЛУ ЖАСАЛҒАН