Басты бетЖаңалықтарЖаңа автомобиль...

Жаңа автомобиль зауытына «Астана Моторс» жоғары технология жабдығын сатып алады

«Астана Моторс» Алматының Индустрия аймағында қытайлық Chery, Haval және Changan авто алпауыттарының автомобильдерін өндіруге арналған толық циклді мультибрендті зауыт салуға кірісті.

Жоғары технология жабдықтарын жеткізу саласында әлемде көш бастап тұрған Automotive Engineering Corporation (ҚХР) қазақстандық «Астана Моторс»компаниясының жаңа мультибрендті автомобиль зауытын салу бойынша серіктесі атанды.

«Астана Моторс» компаниясының топ-менеджменті Қытайдың Тяньцзинь қаласына барды. Басты мақсаты корпорацияның өндірістік қуатымен танысу және қазақстандық кәсіпорын жобасының дамуын талқылау болды.

Кездесу аясында «Астана Моторс» және Automotive Engineering Corporation арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа «Астана Моторс» атқарушы директоры Бекнұр Несіпбаев және Automotive Engineering Corporation басқарма төрағасы Дай Мин қол қойды.

Астана моторс
Фото: Астана Моторс

Қытай корпорациясы нарықта 60 жылдан астам жұмыс атқарып келеді. Осы уақыт аралығында әлем бойынша 30 мыңнан астам өндірістік жобаларды жүзеге асырды. Айта кетсек, автомобиль зауыттарының 80 пайызы Automotive Engineering Corporation қатысуымен жобаланады. Корпорацияның құрамында 4,5 мың білікті инженер бар.

“Астана Моторстың» Алматыдағы жаңа зауытына өндірістік алаңдар мен технологиялық желілерді жобалауға қатысатын, автомобильдер өндіруге арналған жабдықты жеткізетін компанияны таңдағанымызды қуана хабарлаймыз. Аutomotive Engineering Corporation — беделді және сенімді серіктес. Ол автоөнеркәсіптің әлемдік көшбасшыларымен жұмыс жасайды. Мысалы, BMW, Mercedes-Benz, Volkswagen, Hyundai, Toyota, Jaguar, Land Rover, BYD және басқа да танымал брендтер. Корпорация Haval брендіндегі Great Wall Motor және Chery, Changan  қытайлық автобрендтерінің ондаған зауыты мен конструкторлық бюроға (R&D) арналған жабдықты жобалап, жеткізді”, – деді Бекнұр Несіпбаев.

Қазақстандық компания автомобиль өндірісіне арналған дәнекерлеу, бояу және басқа да  жоғары технологиялық жабдықтарды сатып алуға және орнатуға ниетті. Сәуір айында Алматыға Automotive Engineering Corporation тарапынан жоғары білікті инженерлер мен автоөнеркәсіп мамандарынан тұратын делегация келеді.

Астана моторс
Фото: Астана Моторс

Қытай тарапы атап өткендей, компаниялар арасындағы ынтымақтастық туралы келісім «Бір белдеу бір жол» бастамасының стратегиялық бағытына сай келіп, Қытай мен Қазақстанның достық қарым-қатынасының айғағына айналды. Сондай-ақ, аталған келісім Қазақстан мен  жалпы өңірдің автомобиль өнеркәсібін дамуындағы жаңа белесі.

Еске салайық, 2022 жылдық қараша айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жасаған ресми сапары аясында кәсіпорынның құрылысын бастауға рұқсат берді.

Мультибрендті зауыттың өндірістік қуаты жылына 90 мың көлік шығаруға жетеді. Кәсіпорындағы автомобильдерді шанақты дәнекерлеу және бояумен тек ұсақ түйінді әдіспен шығаратын болады.

«Астана Моторс» өндірілген автокөліктердің жалпы көлемінің 40 пайызын отандық нарыққа, ал қалған 60 пайызын – ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.

Мультибренд зауытта 3000 жұмыс орны құрылады. Ұжымның негізгі тірегі – инженерлік-техникалық мамандар, олар жетекші автоконцерндердің тәжірибесін қабылдап, Қазақстанда технологияларды дамытады.

«Астана Моторс» Қытайдың автоөнеркәсіп көшбасшыларының стандарттары бойынша өндірісті ұйымдастыруға 115 млрд теңге инвестициялайды. Оның 20 пайызы – өз қаражаты, 80 пайызы – коммерциялық несие.

Компанияның жаһандық мақсаты – Алматының Индустриялық аймағында технопарк салу, компоненттерді өндіріп, оларды кәсіпорындарымыздың желісіне жеткізетін шағын және орта бизнеске арналған кластер құру.

Мультибрендті зауыттың құрылысын аяқтаудың жоспарланған күні – 2024 жылғы IV тоқсан. 2025 жылдың I тоқсанында автомобильдердің пилоттық өндірісін іске қосу жоспарлануда.

Лицензиялық келісімдер бойынша автомобильдер шығаратын «Астана Моторс» компаниясының 100% меншігіндегі кәсіпорын.