Осмий — платина металдар тобына жататын әлемдегі ең тығыз металл.
Оның қаншаға бағаланатындығын да ешкім тап басып айта алмайды. Бір деректе 1 граммы 10 мың доллар делінсе, екінші бір деректе 200 мың долларға дейін бағаланатыны келтірілген. Үшінші біреулер «осмий-187 изотопының 1 граммы 3 килограмм алтыннан қымбат тұрады», дейді. Интернеттегі жазбаларға қарағанда, осмий-187 изотопы ашық саудаға шығарылмайтын көрінеді. Бір затқа әртүрлі бағаның айтылатындығы да содан секілді.
Осмий осы қасиетіне байланысты өзі қосылған затқа ғажайып беріктік береді. Әдетте қымбат қаламсаптардың үшін тозбау үшін алтынмен булайтыны белгілі. Ал егер оған осмийді қосатын болса, ол мүлдем тозбайтын болады. Техникалық, медициналық, өнеркәсіптік пышақтар, осмий қосылған жағдайда, барынша өткірлене түседі және жүзі қайтпайды. Осы қасиетіне байланысты осмий аэроғарыш құралдарын жасаған кезде қолданылады.
Бұл металлды алғаш рет 1803 жылы ағылшын химигі Смитсон Теннат әріптесі Уильям Х.Уоолластонмен бірігіп ашқан. Платинаны азот және тұз қышқылының қоспасына салып еріткен кезде ыдыстың түбінде ерімеген күйінде шағын шөгінді қалады. Жаңа элемент осылайша ашылады. Ал оған «осмий» деген ат берілуіне оның жағымсыз иісі себеп болған. «Осмий» грек тілінде «иіс» деген мағынаны білдіреді екен. Себебі шөгіндіні жекелеп алған кезде одан хлордың немесе сасыған шомырдың (редьканың) иісі шығып, ол өңешті кернеп, қолқаны тұтып қалған.