Мереке Құлкенов: Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді

Ұлыстың ұлы күні туды. Тұмса табиғатпен бірге ел де, қоғам да жаңарып жатыр. Бұл орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы бір жылда қолға алған саяси реформалары 30 жыл қордаланған түйткілдердің шешімін табуға жол салды.

Қазіргі 12 мыңнан аса үміткер қатысып жатқан сайлау додасы – осы саяси реформалардың жүзеге асуы. Әсіресе, бұрын оппозицияшыл ортада жүрген Ермұрат Бапи, Тоғжан Қожалы сияқты тәуелсіз үміткерлердің додаға түсіп, бақ сынауы азаматтық қоғамның үмітін оятты.

Әйтсе де, саяси жаңғырудың жөні осы екен деп, ата дәстүрден аттап, ұлттық құндылықтарды аяққа таптауға бола ма екен? Ұлы жұрттардың ешқайсысы өткенін жоққа шығармаған, тарихтан сабақ алып, абызы мен ақсақалын сыйлаған.

Ал қазір саяси билікке ұмтылған «жаңа толқын» 40-қа толмай жатып өздерін «ақсақал» санайды екен, жасы 60-тан асқандармен мүлде санаспайды екен.

Бұл – кеше «Хабар» телеарнасында өткен саяси партиялар арасындағы дебаттан түйгеніміз. «Республика» атты партияның төрағасы Айдарбек Қожаназаров «Біздің орта жасымыз – 37-де!» деп,  жасы 60-тан асқандарды түгел итке теңеді. Сөзбе-сөз мысал келтірмеймін, орысша шүлдірлеген неме «қоғамға жаңа адамдар керек, ал кәрі иттен жаңа өнер күтпе» деп көлгірсіді.

Сондағы айтпағы – кемелдіктің жасы 40-ты толтырғандар, 50-ді еңсеріп, Ел ағасына айналғандар, 60-ты алқымдап, Ата сақалы аузына түскендер, 70-ке келіп, Ел басқарып отырғандар түгел кәрі ит пе? Басқасын былай қойғанда, Мемлекет басқарып отырған, Ел тұтқасы болып жүрген Аға ұрпаққа, тіпті бала оқытып, ел алдында жүрген өзінің ата-анасына да тіл тигізгенін түсінбейді-ау?

Ең сорақысы, оның жанында сөзін түзейтін, Сөз қадірін білетін бір адам жоқ. Айдарбек жасы үлкенді түгел итке теңеп тұрғанда, оның жақтастары (ішінде қандас Сырымбек Тау да бар) қарқылдап күліп, қол шапалақтап, қиқулап, мәз болысып қалды. Міне, ақшаға бөгіп, көзін шел басқан шалағайлар!

Бұл аз болғандай, Айдарбек «ақсақал» тұтас халыққа тіл тигізді. Дебат дегеннің саяси қойылым екенін бала да біледі. Ал ол халықтың мәдениетін сол саяси қойылымның деңгейімен өлшейді екен. «Бірінші дебатты («Қазақстан» телеарнасында өткен дебатты айтады) көрдік қой, егер біздің саясаттағы мәдениетіміздің деңгейі осындай болса, онда Ұлттың мәдениеті туралы не айтуға болады?» деді. Қазақ деген жұрттың мыңжылдық мәдениетін телеарнадағы саяси шоудың деңгейімен өлшейтін адамның ойы қандай шолақ, түйсігі қалай тар?

Дебатқа қатыссаң, әуелі өз идеяңды айт, елді түзейтін сөз айт, бірақ Ұлтқа тіл тигізбе! Жасы үлкеннің жағасынан алма! Өкініштісі, байлықтың буына мастанған көргенсіздер үшін қастерлі ештеңе жоқ сияқты.

Өздерін «жастар партиясымыз» деп санайтын шығар, бірақ ұлттық мәдениетті саяси шоуға теңейтін, «үлкенге – құрмет» деген ата-баба салтын жоққа шығарған «республикашылдар» жастарға не өнеге көрсетеді?

Саяси пікірталастың мәдениеті деген бар. Оны түсінбей, «жылайтын бала атасының сақалымен ойнайды» демекші, әсірелеп айтамын деп, асырып жіберсе, саясаткер ретінде «өлгені».

«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» дегенді де білмейді-ау, олар бірақ…