14 наурыз — Амал мейрамы. Қазақ бұл мейрамда «Амалың оң болсын», «Жасың құтты болсын!» деп тілек айтады. Өйткені бұрынырақта жер көгеріп, мал төлдей бастайтын осы айды жылдың басы деп есептеген. Бірінші амал — 13 наурызда қара шаңырақтағы кездесу. Келесі амал — көрісу. «Адамның бәрі 14 наурызда туады, 13-іне туған бала 14-інде бірге толады» деп есептелген. Биыл Алматыда алғаш рет Амал мейрамы тойланды. Baribar тілшілері мейрамнан түсірген фоторепортажын ұсынамыз.
Алматыда Наурыз мейрамы Көрісу күнін тойлаудан басталды. Мейрамға арналған концерт Көктөбеде өтті. Жиналған жұрт кеуде қағысып, ұлттық киім киіп, бір-бірінің жасына құтты болсын айтты.
Мейрам күні халыққа наурызкөже мен бауырсақ тегін таратылды.
Мейрамда сахнада әншілер Мөлдір Әуелбекова, Айдар Тұрғанбек, «Алашұлы» тобы, «КешYou” тобы және «Алатау»дәстүрлі өнер театрының артистері өнер көрсетті.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенті Нұрлыхан Жұмахан концертке достарымен бірге келген. Ол Түркістан облысында туған. Бұған дейін Көрісу күнін тойлап көрмегенін айтады.
Амал мейрамы дегенді биыл ғана тойлап жатырмын. Аса қызық мейрам екен. Адамдар бір-біріне сыйлық беріп, төс қағыстырып, «Бір жасың құтты болсын!» деген тілек айтып жатыр. Наурыз мейрамын неге ерте тойлап кетті деп таңырқап қалғаным рас. Көрісу күні туралы батыста тұратын достарымнан естідім. Олар бүгін мені құттықтады, — дейді Нұрлыхан.
Ол мейрамның қалай тойланатынын көру үшін концертке арнайы келген.
Бұл Наурыз емес, сол мейрамды тойлауға арналған ұлықтау қадамы екен. Қыстан аман шыққан халықтың қуанышы деп түсіндім. Оның үстіне Көктөбеге келетін арқан жолмен жүру тегін, сосын ән тыңдап, көңіл көтеріп қайтайық дедік, — дейді ол.
Жұрт әр әнге ортаға шығып биледі. Біразы ұлттық киім киіп алған.
Мәдениет қайраткері, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артисі Марал Анарбек бүгін қазақ әйелі образында киінген.
Негізі үстімде белгілі бір образ жоқ. Ұлттық киімді иыққа іліп алып, өз мейрамымызды тойлап жүргенге не жетсін! — дейді Марал Анарбек.
Ол мұны үзбей тойлап келе жатқан батыс халқы екенін айтып өтті.
Бұл — Көрісу күні. Мұндай мейрамды білмесек, тарихымызды білмегеніміз. Амал мейрамы тарихта бар. Бірақ мұны үзбей тойлап келе жатқан — батыс халқы. Бүгінде еліміздің барлық аймағы ашық аспан астында мейрамды қарсы алуды дәстүрге айналдырып жатыр. Еліміз аман болсын, бейбіт күн кешейік! — деп тілек айтты артист.
Концертке келген көрерменнің бірі Ардақ Шофорды сөзге тарттық. Ол Сапарғали Бегалин атындағы кітапханада кітапханашы болып істейді. Мейрам тойлауға әріптестерімен бірге келген.
Концертке басынан бастап қатысып жатырмыз. Шынымды айстам, Көрісу күні туралы білмейді екенмін. Бүгін Амал мейрамында халықтың бір-бірімен қауышатынын білдім. Қос қолдап амандасып, төс қағыстырып жатты. Наурыз мейрамының біссімілләсі ғой. Біз кітапханада 22 наурызда «Бауырсақ party» өткіземіз. Келген балаларға бауырсақ таратамыз, — деді Ардақ Шофор.
Алматының мәдениет басқармасы басшысы Ғани Майлыбаев қалада биылдан бастап Амал мейрамы тойланып жатқанын айтып өтті. Ол 24 науры
зға дейін қаланың әр ауданында күн сайын іс-шара өтетінін де айтты.
Көрісу күні бұрын әр өңірде өзінше тойланып жататын. Алматыдағы бүгінгі концертті Наурыз мейрамындағы барлық іс-шараның бастауы болсын дедік. Өзімізде бар дәстүрді халыққа кеңінен насихаттау үшін биылдан бастап қалада Амал мейрамы тойлана бастады. Биыл Наурыз мейрамы Алматыда 14 наурыздан 24 наурзызға дейін тойланады. Осы 10 күнде қаланың барлық ауданында күнде іс-шара өтеді. Оған 2000-нан астам өнерпаз қатысады. Осы бастаманы қолдаған мәдениет басқармасына қарасты барлық мекеме өнерпаздары мен қалалық, республикалық мәдени мекемелері қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Бұл дәстүр бұдан да үлкен деңгейге жетеді деп үміттенемін, — деді Ғани Майлыбаев.
Алматыдағы негізгі Наурыз мейрамы Орталық алаңда өтеді.
Қаладан Көктөбеге баратын аспалы жол барлық келушіге 10:30-дан 14:00-ге дейін тегін болды.