Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстанда...

Батыс Қазақстанда 50-ге жуық тұрғын үйді су басты

Батыс Қазақстанда 48 тұрғын үйді су басып, 150-ге жуық адам эвакуацияланды. Бұл туралы БҚО төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Орал қаласы мен Шыңғырлау, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды, — делінген хабарламада.

Облыста ауа температурасы +12 градусқа дейін күрт жылынып, қар тез еріген. Салдарынан Бөрлі, Сырым және Теректі аудандарында 48 тұрғын үйді су басты.

Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен 149 адам эвакуацияланып, 300-ге жуық төрт түлік мал қауіпсіз жерге айдалды. Авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізуге тәулігіне 800-ден астам адам, 200 бірлік техника және 100 су айдау құралы жұмылдырылды.

Тек өткен тәуліктің ішінде қауіпті учаскелерде инертті материалдар салынған 4 мың дана қап төселді, 25 мың текше метрден астам су сорылды. Жалпы дайындық және су тасқынына қарсы күрес кезеңінде 15 мыңнан астам инертті материал салынған қаптар жиналып, төселді, шамамен 300 мың текше метр су сорылды, 300 мың текше метрден астам қар шығарылды, 65 мың шаршы метр мұз кесілді, — делінген хабарламада.