Екі айда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,3%-ке өсті

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров үкімет отырысында ел экономикасының жай-күйі жыл басынан бері қалай өзгергенін баяндады.

Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда биыл қаңтар-ақпанда Қазақстан экономикасы 4,3%-ке өсті. Оның ішінде нақты сектордағы өсім — 2,7%, ал қызмет көрсету саласындағы өсім – 5% болды, — деді ол үкімет отырысында.

Оның айтуынша, негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр. Әсіресе құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс ең жоғары өсім көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 19,2%-ке өсті.

Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтарда сыртқы сауда тауар айналымы 15,7%-ке өсіп, 10,3 миллиард доллар болды. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 0,4%-ке артып, 6,1 миллиард долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 21,5%-ке ұлғайып, 2,1 миллиард доллар болды. Тауар импорты 4,2 миллиард долларға жетті.

Жалпы, оң сауда балансы 1,9 миллиард долларға тең, — деді Қуантыров.

Өңдеу өнеркәсібінде де оң өсім сақталды. Өндіріс көлемі 2,5%-ке өскен. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,5%-ке жоғарылады.