13 наурызда Лос-Анжелестегі Dolby театрында «Оскар» сыйлығының иегерлері белгілі болды. «Бәрі барлық жерде және бір уақытта» кинокартинасының жалғыз өзі жеті номинацияны ұтып алды. Тағы кімдер жүлделі болды? Baribar.kz үздік атанғандарды шолып шықты.

«Үздік фильм» — «Бәрі барлық жерде және бір уақытта» (Everything Everywhere All at Once)

Фантазия жанрындағы фильмнің сюжеті бойынша, Эвелин деген қарапайым қыз бір күні бойына тылсым күш дарығанын байқайды. Ол өзінің басқа нұсқасының естеліктеріне, эмоцияларына, қабілеттеріне ие болады. Енді Эвелин бір сәтті мың түрлі адам ретінде сүре алады: кино актрисасы, опера әншісі, жекпе-жек спортшысы және тағы басқа. Дегенмен оған қызығушылығын кейінге шегеруге тура келеді, өйткені әлемге беймәлім біреу қауіп төндіріп тұр. Эвелиннің ендігі мақсаты — онымен күресу.

«Бәрі барлық жерде және бір уақытта» фильмі — А24 студиясының табысты туындысы. Фильм прокаттан 106 миллион доллар жинады. Ал бүгін ол Оскардың «Үздік фильм» номинациясына лайық деп танылды.

«Үздік актриса» — Мишель Йео («Бәрі барлық жерде және бір уақытта»)

«Оскар-2023» марапаттау рәсімінің феномені «Бәрі барлық жерде және бір уақытта» фильмі болды. Себебі кинотуынды бірден жеті номинацияның лауреаты атанды. Мәселен, фильмнің бас кейіпкері Эвелинді сомдаған 60 жастағы малайзиялық актриса Мишель Йео бірінші рет Оскардың «Үздік актриса» сыйлығын жеңіп алды. Осылайша, ол Оскардың «Үздік актриса» номинациясын иеленген алғашқы азиялық артист атанды.

Бұған дейін Мишель Йео «Өте бай азиаттар», «Шан Чи және он сақина туралы аңыз», «Гейшаның естеліктері», «Марко Поло» және «Жасырын айдаһар» сияқты фильмдерде ойнаған.

Эвелин образындағы Мишель Йео. Фото: Cyber.sports.ru

«Үздік актер» — Брендан Фрейзер (Кит)

2010 жылы денсаулығына байланысты кино әлемінен алыстаған актер Брендан Фрейзер 2022 жылы қайта оралды. Ұзақ уақыт үзілістен кейін ол «Кит» (The Whale) драмасына түсті және таңдаудан қателеспеді. Себебі осы фильмдегі рөлі үшін Брендан Фрейзер «Үздік актер» атағын алды.

Брендан Фрейзер «Кит» фильмінде бас кейіпкерді — депрессияда жүрген, салмағы 270 келі тартатын әдебиет профессоры Чарлиді сомдайды. Дәл осы туынды Венециядағы кинофестивальде көрсетілгенде көрермен орнынан тұрып, алты минут бойы қол шапалақтаған. Сол уақытта актер еріксіз көзіне жас алды. Ал «Оскар» сыйлығына дейін ол Американың актерлар гильдиясы және «Сыншылар таңдауы» премиясымен марапатталған.

Актер бұған дейін «Мумия», «Жердің орталығына саяхат» сияқты фильмдерге түскен.

Чарли образындағы Брендан Фрейзер. Фото: Forbes.ru

«Үздік қосалқы актриса» — Джейми ли Кертис («Бәрі барлық жерде және бір уақытта»)

Актриса Джейми ли Кертис «Оскар» сыйлығын алғаш рет ұтты. Марапат оған «Бәрі барлық жерде және бір уақытта» фильміндегі салық инспекторы образы үшін берілді. Бір қызығы, кезінде Джейми ли Кертистің ата-анасы да «Оскар» сыйлығына үміткер болған: анасы Джанет Ли «Психо» фильміндегі, ал әкесі Тони Кертис «Бір шынжырға байланғандар» фильміндегі рөлі үшін ұсынылған.

Бұған қоса Джейми ли Кертис «Таңғаларлық жұма», «Шынайы өтірік», «Қорқыныш пойызы» сияқты фильмдерде бой көрсетті.

Салық инспекторы образындағы Джейм Ли Кертис Фото: Kinopoisk

«Үздік қосалқы актер» — Ке Хюи Куан «Бәрі барлық жерде және бір уақытта»

Актер Ке Хюи Куан «Бәрі барлық жерде және бір уақытта» фильміндегі образы үшін «Оскардың» «Үздік қосалқы актеры» марапатына ие болды. Онда ол бас кейіпкер Эвелиннің күйеуі Уэймонд Вангды ойнайды.

Актер бұған дейін «Меңіреулер», «Локи», «Индиана Джонс және соңғы крест жорығы» сияқты туындыларда ойнаған. Оған қоса «Алтын глобус», «Сыншылар таңдауы» премиясын алған.

Уэймонд Ванг образындағы Ке Хюи Куан. Фото: Kg-portal.ru
Уэймонд Ванг образындағы Ке Хюи Куан. Фото: Kg-portal.ru

«Үздік режиссер» және «Үздік түпнұсқа сценарий» — Дэн Кван, Дэниэл Шайнерт «Бәрі барлық жерде және бір уақытта»

Жыл сайын «Үздік режиссер» номинациясы тек бір режиссерға бұйыратын. Дегенмен осы жылы бұл марапатқа бірден екі режиссер — Дэн Кван мен Дэниэл Шайнерт «Бәрі барлық жерде және бір уақытта» фильмін түсіргені үшін ие болды.

Бұл олардың бірлесіп жасаған алғашқы жұмысы емес. Бұған дейін олар DJ Snake және Foster the People-дің клипін бірге түсірген.

Сонымен қатар режиссерлардың «Бәрі барлық жерде және бір уақытта» фильмінің сценарийі «Үздік түпнұсқа сценарий» марапатын алды.

Дэн Кван мен Дэниэл Шайнерт. Фото: РИА НОВОСТИ

«Үздік қысқаметражды фильм» — «Ирландша қоштасу»

«Ирландша қоштасу» (Irish Goodbye) қысқаметражды фильм анасы қайтыс болғаннан кейін бір-бірінен ажырап қалған бауырлардың кездесуі туралы. Ұзақтығы — 23 минут. Авторлары — Том Беркли мен Росс Уайт. Кинокартина 2022 жылы шықты. Басты рөлдерде Джеймс Мартин, Симус О’Хара, Пэдди Дженкинс, Мишель Фэрли сияқты актерлар ойнады.

«Үздік анимация фильмі» – «Пиноккио Гильермо дель Торо«

Netflix-тің «Пиноккио Гильермо дель Торо» (Guillermo del Toro’s Pinocchio) мультфильмі 2022 жылы экранға шықты. Сюжет желісі бойынша, оқиға 1930 жылы фашистер басып алған Италияда өрбиді. Баласынан айырылып, қан жұтып отырған ағаш ұстасы Джеппето бір күні ағаштан қуыршақ жасайды. Осылайша, ол баласының жоқ екенін білдірмеуге тырысады…

Мультфильм итальян жазушысы Карло Коллодидің «Пиноккионың шытырман оқиғалары» ертегісі бойынша түсірілген. Бұрын бұл анимация фильміне «Алтын глобус» берілген.

«Үздік бейімделген сценарий» — Сара Полли, (Әйелдер сөйлейді)

Бұл марапат — Сара Поллидің екінші «Оскары». Ол 2007 жылы «Одан алыста» фильмі үшін номинацияға ұсынылған. Ол кезде сценарист канадалық жазушы Мириам Тейвздің романын экранға бейімдегені үшін статуэтка алды. Ал бүгін оның «Әйелдер сөйлейді» (Women Talking) фильміне жазған сценарийі «Үздік бейімделген сценарий» атағына лайық деп танылды.

Сара Полли. Фото: Комсомольская правда

«Үздік шетел фильмі» — «Батыс майданда өзгеріс жоқ»

Сюжет желісі 1917 жылы Германияда өрбиді. Пол Баумер мен оның кластастары үгіт-насихатқа еріп, Бірінші дүниежүзілік соғысқа өз еркімен аттанады. Дегенмен жасөспірімдер майданға тап болғанда ғана ойында емес, нағыз соғыста жүргенін түсінеді.

Фильм жазушы Эрих Мария Ремарктың романымен аттас. Бұл кинокартина — «Үздік шетел фильмі» номинациясы бойынша беделді кино өнері және ғылым академиясы сыйлығын жеңіп алған Германияның төртінші фильмі. Бұрын осы марапат 1980 жылы «Қалайыдан жасалған барабан», 2003 жылы «Африкада еш жерде», 2007 жылы «Басқалардың өмірі» фильмдеріне берілді.

«Үздік деректі фильм» — «Навальный»

Канадалық режиссер Дэниел Роердің «Навальный» фильмі үздік деректі фильм ретінде «Оскар» сыйлығын жеңіп алды. HBO Max және CNN Films арналары үшін түсірілген деректі фильм ресейлік оппозиция жетекшісі Алексей Навальныйдың өмірін баяндайды. Фильм премьерасы 2022 жылғы 25 қаңтарда Sundance тәуелсіз кинофестивалінде өтті.

«Үздік саундтрек» — Фолькер Бертельманның саундтрегі («Батыс майданда өзгеріс жоқ»)

Бұл сыйлық Хаушка деген атпен танымал неміс музыканты әрі пианист Фолькер Бертельманға «Батыс майданда өзгеріс жоқ» фильміне жазған саундтрегі үшін берілді. Бір қызығы, оның музыкасы тек үш нотаға негізделген.

«Үздік ән»  үндістандық RRR фильміндегі «Naatu Naatu» әні

Кеервани мен Рахул Сиплигундж-дың RRR фильміне арнайы жазған Naatu Naatu трегі «Үздік ән» атанды. Ән 2021 жылғы 10 қазанда жарық көрді. Авторлар оны 19 ай жазған. Бір қызығы, ән телегу тілінде.

«Үздік костюм» — Рут Картер, («Қара Пантера: Уаканда жасасын»)

Америкалық дизайнер Рут Картер «Қара Пантера: Уаканда жасасын» (Black Panther: Wakanda Forever) фильмі үшін жасаған костюмдері «Үздік костюм» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығын жеңіп алды. Сонымен қатар ол 2019 жылы Marvel-дің бір бөлігіне жасаған жұмысы үшін статуэткаға ие болды. Оның жетекшілігімен 2000-нан астам ерекше костюм тігілген.

«Үздік грим мен шаш үлгісі» — Адриан Моро, Джуди Чин, Аннемари Брэдли, (Кит)

«Кит» фильмінің грим мен шаш үлгісіне жауап беретін команда бас кейіпкерді сомдаған Брендан Фрейзерді кадрда 270 келі етіп көрсетуі керек еді. Бұл үшін олар оның денесіне, саусақтарына, аяғына силикон төсеніш қолданды. Жұмыс процесі пандемия кезінде жүргендіктен олар актердың нақты өлшемін ала алмаған. Сол себепті команда мүшелері iPad көмегімен актердың денесін сканерлеп, 3D басып шығару технологиясын пайдаланған. Олардың еңбегі бағаланып, «Үздік шаш пен грим үлгісі» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығы берілді.

«Үздік визуал эффект» — Джо Леттери, Ричард Бэйнхэм, Эрик Сайндон, Дэниел Барретт, (Аватар: Су жолы)

Джеймс Кэмеронның «Аватар: су жолы» фильмі (Avatar: The Way of Water) «Үздік визуал эффект» номинациясы бйынша «Оскар» сыйлығын жеңіп алды. «Аватар: су жолы» — ғылыми-фантастикалық фильм.

Айта кетейік, бұл жүлдеге Мэтт Ривздің «Бэтмен», «Батыс майданында өзгеріс жоқ», «Қара Пантера: Уаканда жасасын» және «Топ мылтық: Маверик» фильмдері де таласты.

«Үздік оператор жұмысы» —  Джеймс Френд («Батыс майданда өзгеріс жоқ»)

Бұл — оператор Джеймс Френдтің алғашқы «Оскар» сыйлығы. Ол бұған дейін Эрих Мария Ремарк романын экранизациялағаны үшін BAFTA жүлдесін жеңіген.

Джеймс Френд «Патрик Мелроуз», «Виктория» сериалдарын түсірді.

«Үздік қоюшы-суретші жұмысы» — Кристиан Гольдбек пен Эрнестина Хиппер, «Батыс майданда өзгеріс жоқ».

«Батыс майданда өзгеріс жоқ» фильмі «Үздік қоюшы-суретші жұмысы» номинациясын жеңіп алды. Суретшілердің айтуынша, олар неміс архивін ақтарып, жіті зерттеу жүргізген.

«Үздік қысқаметражды анимация фильмі» — «Бала, көртышқан, түлкі және жылқы»

2022 жылы жарыққа шыққан «Бала, көртышқан, түлкі және жылқы» (Th eboy, the mole and the horse) «Үздік қысқаметражды анимация фильмі» атанды. Мультфильмде әлемді жалғыз кезіп жүрген бала жолында түрлі кейіпкерді кездестіреді: мейірімді көртышқанды, қу түлкіні және көңілді жылқыны. Олар дос болып, өзінің бойындағы ең жақсы қасиеттерін ашуға мүмкіндік беретін түрлі шытырман оқиғаға тап болады.

Фильмнің ұзақтығы — 34 минут.

«Үздік қысқаметражды деректі фильм» – «Піл сиқыршылары»

«Піл сиқыршылары» (The Elephant Whisperers) — режиссер Картики Гонсалвестің дебют жұмысы. Үнді-америкалық фильм ерлі-зайыптының жетім қалған піл баласы Парксиге көрсеткен қамқорлығы жайлы. Фильм 2022 жылғы 8 желтоқсанда жарық көрді.

«Піл сиқыршылары» фильмінің скрині

«Үздік дыбыс» — «Топ Ган Мэверик» (Top Gun: Maverick)

Фильмінің режиссеры — Джозеф Косински. Кинокартина 30 жастағы ең мықты ұшқыш Пит Митчел туралы. Боевик жанрындағы фильм «Үздік дыбыс» номинациясын иеленді.