2023 жылдың басынан бері 3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас статусын алды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 3 134 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас статусын алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 110,1 мың этникалық қазақ оралды.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (50%) Өзбекстаннан, 16,3% – Қытайдан, 15,9% – Ресейден, 8,4% – Түрікменстаннан, 4,5% – Моңғолиядан және 4,9% басқа елдерден. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27%), Маңғыстау (16,6%), Түркістан (7,1%) және Жамбыл (3,6%) облыстарына, сонымен қатар Астана (10,5%), Алматы (7,6%) және Шымкент (6,5%) қалаларына қоныстанды, — делінген хабарламада.
2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны — 69,1%, еңбекке қабілетті жастан кіші — 22,7% және зейнеткерлер — 8,2% болады.
Еңбекке қабілетті жастағы кандидаттардың ішінен білім деңейі бойынша 20,1%-і жоғары білімді, 40,9%-і орта кәсіби білімді, 35,2%-і жалпы орта білімді және 3,8%-інің білімі жоқ.