Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстанда...

Батыс Қазақстанда өзендерде су деңгейі көтеріліп жатыр

Батыс Қазақстан облысында өзендерде су деңгейі көтеріліп жатыр. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапанов мәлімдеді. 

Тілеген Шапановтың мәлімдемесіне сәйкес, облыста 11 наурызда күннің 4-13 градусқа дейін жылынуына байланысты шағын өзендерде су деңгейі жоғарылады.

Тасқала ауданында Шежін-2 өзенінде су деңгейі 779 сантиметрге көтеріліп, қауіпті шекке жетті. Тасқала ауылындағы гидробекетте Деркөл өзенінде 555 сантиметрге жетіп, қауіпті деңгейден 25 сантиметр болды.

Тілеген Шапановтың сөзіне қарағанда, Шідерті, Өлеңті және Шаған өзендерінде де су деңгейі көтеріліп жатыр.

Алдағы күндері күндіз 8-14 градус, түнде 0-5 градус жылы болып, қар ериді. Оған қоса облыстың бірқатар бөлігінде жаңбыр жаууы мүмкін. Облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс бөлігінде қар жамылғысы сақталып тұр. Қардың биіктігі – 1-19 сантиметр. Өңірде биылғы тоңның қалыңдығы – 80-140 сантиметр. Бұл еріген қар суының жерге сіңбей, өзендерге құйылып, олардағы су деңгейінің көтерілуіне әкеледі. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне сәйкес, 12-14 наурыз аралығында жауын-шашын болып, қар қатты ериді. Соған байланысты су тасқыны болуы мүмкін, — деді Тілеген Шапанов.