Түркияның Кахраманмараш провинциясында болған ақпандағы зілзаладан қираған ғимараттарға қатысты ұсталғандар саны 269-ға жетті.
Бұл туралы Анадолы агенттігі хабарлады.
Зілзаланың ауқымды зардабына байланысты тергеу жұмысы жалғасып жатыр. Бас прокуратура адам өліміне әкелген сапасыз құрылысқа 1 068 адамның қатысы бар екенін анықтады. 320 күдікті елден шықпау туралы қолхатпен босатылды.
Сонымен қатар 228 күдіктіні ұстау туралы бұйрық берілсе, 106 күдіктіні қамауға алуға ордер берілді. Күдіктілердің 43-і өмірден өткені, 14 адам шетелде екені анықталды.
6 ақпанда Түркияда эпицентрі Кахраманмарашта болған, магнитудасы жеті балдан асатын екі зілзала тіркелді. Кейінгі деректер бойынша, жойқын зілзала салдарынан қаза болғандар саны 46 104 адамға жетті.