Әнші, «Үркер» тобының бұрынғы мүшесі Нұрлан Тәжікенов парламент мәжілісі депутаттығына сайлауға түсіп жатыр. Ол — №11 округ бойынша үміткер. Бұл округке Алматы облысының Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Шелек, Талғар аудандары мен Есік, Қонаев қалалары кіреді. Нұрлан Тәжікенов сайлауға бір мандатты можаритарлық жүйе бойынша өзін-өзі ұсынған. Үміткерден депутат болса, қандай іске кірісетінін және «Әншіден депутат шыға ма?» деген сөзге көзқарасын, округіндегі өзге де үміткерлер туралы сұрадық.

— Нұрлан мырза, осы уақытқа дейін сахнада Нұрлан Албан деген атпен танылдыңыз. Енді саясатқа бет бұрып жатырсыз. Не себепті депутат боламын деп шештіңіз?

— Хакім Абайдың «болмасаң да ұқсап бақ» дегенін енді ғана түсініп жатқан сияқтымыз. Бұған дейін ән әлемінде жүрдім. Өнер өкілдері халық жырлаушысы деп білем. Өйткені бабалар қалдырған, халық әндері мен халық композиторлары әнін дәріптеушілер — музыкадағы өкіл. 27 жыл сахнада жүрдім. Сол уақытта репертуарымда шырқалған әндердің 99%-і — халық әндері мен халық композиторларының әндері. Оларды тек үлкен буын емес, ізімізден еріп келе жатқан жас буын да тыңдап өсті. Кейінгі жылдары тек оқытушылық бағытта қызмет істеп келе жатырмын. Балалар мен студенттерді оқыта жүріп қазақ балаларының болашағын ойлайтын болдым. Оның үстіне елімізде 30 жылдан кейін өзгеріс келіп, жаңа президент сайланды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстан құрамыз деді. Енді құрылатын жаңа елдің бел ортасында жүріп, кірпішін қаласам деген ниетпен парламент мәжілісі депутаттығына үміткер болып отырмын.

Депутат болу арманым емес, мақсатым. Бұл мақсат билік пен халық ортасындағы алтын көпір болуға алып барады. Кейінгі жылдары депутат деген аттың қадірі кетіп қалды. Депутатты халық қалап сайлайды. Оның үстіне мен бір де бір партияда тіркелмегем. Сайлауға қарапайым халық ортасынан шығып, өзімді өзім ұсындым. Бір мандатты мажоритарлық түрде сайланатын жүйені таңдап алдым.

— Сіз — әншісіз. Қанша жыл сахнада жүрдіңіз. Ендеше, депутат болу үшін бұрыннан саясатта жүру қажет деп олаймайсыз ба?

— Депутат болу үшін сарабдал саясаткер немесе мықты экономист болу қажет емес деп ойлаймын. Шенеунік болу да міндет емес. Қарапайым халық ішінде сол елдің мінезін білетін, жағдайын ойлайтын адам депутат болуы керек. Мәжіліс — заң шығаруышы кіші палата. Ертеңгі күні Конститутциямызға енетін заңнамалардың халыққа қай жағы тиімді, қай жағынан жақсылық көре алады деген дүниенің ара жігін ажырата алуымыз керек.

Нұрлан Албан
Нұрлан Тәжікенов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Біреулер «Әншіден депутат шыға ма?» дейді. Неге шықпасқа? Әнші — күн сайын болмаса да, апта сайын халық алдында жүрген өкіл. Ол халыққа еркелейді, сол еркелеткен жұрты бар жағдайын әншіге бүкпесіз мәлімдейді. Сондықтан ел-жұрттың жайын біз көбірек білеміз. Заң шығару, оларға түзету мен өзгерту енгізу кезінде халық мүддесін көздейтін адам біз деп ойлаймын. Депутат болу қолымнан келеді деп есептеймін. Бұған дейін ән шырқадым, қазақ балалары мен студенттерге тәлім-тәрбие, дәріс бердім. Енді 50 жасқа тақап қалғанда халықтың жоғын жоқтау үшін сайлауға түсіп жатырмын.

— Депутат болсаңыз, қандай проблемалар шешуге басымдық бересіз?

— Бағдарламам жеті бөлімнен тұрады. Ең біріншісі мақсатым — ұлттың күре тамыры – ана тіліміздің мәртебесін көтеру. Бұл үшін мемлекеттің қазақ тілін дамытуға бағытталған шаралары қалай жүзеге асырылып жатқанын қадағалаймын. Оған қоса іс-қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуін құқықтық негізде қамтамасыз етуге атсалысамын. Менің ойлайтыным — ана тіліміздің өшпеуі, өз мінберіне қонуы. Бірде біз сияқты Кеңестер одағынан бөлініп шыққан елдің бірі Грузияға іс-тәжірибеден өтуге бардым. Тбилисиде жүріп жастар орысша біле бермейтінін, жол сұрасаң, ағылшынша жауап бергенін көрдім. Грузин халқының жастарының рухы биік екенін, ана тіліне деген құрметін көрдім. Онда құжаттың бәрі бір тіл — грузин тілінде. Орыс тілі қатарласып жүрген жоқ. Біздің елімізде де қазақ тілін көтеру үшін құжатнама тілін түзетсек деймін.

Одан кейін ұлттық құндылықтардың алтын бесігі — ауылды көркейтуге әрекет етем. Қазақ рудан құралса, Қазақстанның мықты болуы ауылдарға байланысты. Ауылды жетілдірмей, экономиканың дамуы неғайбыл. Ел-жұрттың жағдайы мықты болсын десек, жұмысты ауылдан бастау керек. Елдің асыраушы — қазақ ауылдары.

Қазақ жерін халық игілігіне пайдалануға еңбек етемін деп отырмын. Ауылдарға ірі зауыттар салынбаса да, шағын кәсіпорындар салынуына атсалысқым келеді. Мен депутаттыққа түсіп отырған Алматы облысындағы ауылдар климатына, орналасқан жеріне байланысты мал, егін шаруашылығымен айналысқанға ыңғайлы. Ендеше, сол саладағы шағын кәсіпорындар салуға әбден лайық. Біз бала кезімізде соның бәрі болды. Шағын кәсіпорындар ауылдың экономикасын көтеріп қана қоймай, қаңырап бос қалып жатқан ауылдарға жан бітіріп, тұрғындарың оралуына ықпал етеді.

Кейінгі жылдары елімізде екі-ақ мамандық қалғандай: мұғалім мен дәрігер. Сол мамандарға ғана дем беріп жатқандаймыз, ал ауылдағы еңбек иегерлерін ескермейміз. Бүкіл қаланы жарылқап жатқандар да, елді асырап отырғандар да — солар. Оған қоса қазақ жастары туралы да айта кетейін. Олардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауымыз керек. Жас буынға дұрыс тәрбие беруіміз керек. Ол үшін ұлттық рух мықты болуға тиіс. Ал ондай рух ауылда қалыптасады.

Ұлттық құндылықтарды жаңғырту да — мақсатым. Қазір ауылдағы балабақша мәселесі, кітапханалар аз екені, мәдениет үйлерінің қалмағаны, аналардың зейнет жасының төмендеуі сияқты проблемаларды шешуге әрекет қыламын. Қазір көпбалалы ана санатындағы әйелдерді басқаларынан бөліп алдық. Дүниеге төрт бала әкелсе ғана ескеріліп, мемлекеттен жәрдемақы алады. Сонда бір, екі баласы барлар ше? Олар ана емес пе? Оған қоса жалғызбасты аналардың, ауру баласына қарап отырған аналардың да жағдайын ескеру — бағдарламамда бар бағыт.

Ұлттың болашағы — жастардың жарқын келешегіне жағдай жасау. Мен түсіп жатқан №11 округ — шекаралы аймақ. Бұл өңірге Алматы облысының Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Шелек, Талғар аудандары және Есік, Қонаев қалалары кіреді. Соның ішінде Райымбек ауданы Қытаймен шекаралас болып жатыр. Сол өңірде әскери колледждер мен әскери жоғары оқу орындары болғаны дұрыс.

Нұрлан Тәжікенов.
Нұрлан Тәжікенов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Шекаралы аймақтар проблемасын назардан тыс қалдырмау керек. Геосаяси тұрғыдан аса маңызды шекаралы аймақта халықтың тығыз шоғырлануына жағдай жасау қажет деп білем.

Жергілікті бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға аламын. Соның ішінде «Ашық бюджет» принциптерін жетілдіру және тендер өткізуде шынайы бәсекелестік орнату механизмдерін жасауға атсалысамын.

Өзім әнші болсам да, бағдарламамда өнерге қатысты бір де бір бағыт жоқ. Әуелі халық жағдайын ойлау керек. Өйткені нан болса, ән де болады.

— Биыл өзін-өзі ұсынуға рұқсат берілгеннен кейін бе, сайлауға түсетіндер қатары артты. Бір округтен бір адам ғана депутат болатыны түсінікті ғой. Дегенмен ел аузында «бәрі депутат болып кетті» деген сөз жүр. Бұған көзқарасыңыз қандай?

— Бір округтен біраз адамның түсіп жатқанының бірден бір себебі сол, бұрын мұндай мүмкіндік болған жоқ. Бұл — 2004 жылдан кейін, яғни 20 жылдан кейін ғана қайта оралған өзгеріс. Сонша уақыт бойы депутаттарды халық сайлаған жоқ, өздерін өзі сайлап алды. Біз тек саяси партиялармен жұмыс істеп келдік. Бұл өзгерісті президент енгізді. Сайланатын депутаттардың 70%-ін жеті саяси партияның еншісіне бөліп берді, қалған 30%-ін бір мандатты можаритар түрде өзін-өзі ұсыну жүйесі бойынша сайланатын халық ішінен шыққан адамдарға берді.

Халық арасында мықты, іскер азамат көп. Олай болса, сайлауға түсетін адамның көп екені — қуанатын жағдай. Әйтпесе сайлауға түсетін жарна оңай емес, 1 миллион 50 мың теңге төлейміз. Оны қарапайым халық қалтасынан табу қиын. Одан бөлек қаншама шығын бар. Сол қиындыққа қарамастан, халыққа қызмет етпекші ағайын көп. Сондықтан бұған қуану керек. Кезінде 2000-жылдары депутат болған Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов ағаларымыз халықтың жағдайын тіліп-тіліп айтты, жеткізді. Ал кейін саяси партиялар ғана сайланатын болған соң не болды? Халық депутаттарды мінберге ақша үшін, карьера үшін барады дейді.

Құдайға шүкір, бұған дейін де ақшасыз, абыройсыз болған жоқпын. Осы рахат өмірімді жауапкершілігі жоғары, қорқынышты, ауыр іске арнауға бел будым.

— Сіздің округіңізден біраз адам сайлауға түсіп жатыр. Солардың ішінде депутат болуға мынау лайық деп айтатын кім бар?

— №11 округтен депутат болуға 10 адам сайлауға түсіп жатыр еді. Оның біреуі бас тартты. Өзімді қоспағанда қалған сегіз үміткердің алтауын жақсы танимын. Бәріміз осы Алматы облысының тумасы болғандықтан бір-бірімізді білеміз. Олардың ішінде журналист Рысбек Сәрсенбай, кәсіби боксшы Ардақ Назаров, психолог-мотиватор Алғадай Әбілғазыұлы бар. Қайрат Нұрқәділов (Заманбек Нұрқәділовтың ұлы — ред.) сайлауға түсіп еді, кейін бас тартты.

Әрқайсының халыққа еткен еңбегі, мықты қабілеті бар. Сондықтан «Мынау не үшін сайланып жатыр?» дейтіндей емес. Сол тоғыз адамның ішінде халық көңілінен шыққан адам сайланады. Дегенмен кездесу сайын айтатыным мынау — кімге дауыс берсеңіз де, сайлаудан қалмаңыз. Дауыс ұрланбауы керек.

— Қайрат Нұрқәділов сайлауға түсуден бас тартты. Алтынбек Сәрсенбайұлының інісі Рысбек Сәрсенбайұлына жолымды берем деді. Бұл кісі бұрыннан саясатта келе жатыр. Ол кісіге жол беру керек-ау деген сияқты ой болмады ма?

— Жоқ, ондай ой болмады. Халық арасынан ұлтжанды азамат шығарамыз десек, өзін дәлелдеп қойған бір адамның ізінен ере берген дұрыс емес. Біз 30 жыл бойы онсыз да бір адамның соңынан жүрдік. Рысбек ағамды құрметтеймін, еңбегін бағалаймын, бүгінде 72 жасқа келген ел ақсақалы болды. Керісінше, мықты болғымыз келсе, жаңа буынды тәрбиелеп, сондай ағалардың деңгейіне көтеруіміз керек. Ол үшін әуелі өзіміз сол деңгейге жетуіміз қажет.

Рысбек Сәрсенбайұлы — ауызды журналист, мықты оппозиционер, халық қамын ойлайтын жанашыр адам. Өзінен кейінгі толқынды да сондай болсын деп өсіру қажет. Бір адаммен ғана қалып қалмау керек. Біздің округтен сайланатын тоғыз адамның өз орны, жолы бар деп отырғаным — осы.

Депутат болуға мүмкіндік болса, қазақ тілінің мәртебесі биіктеуіне қолымнан келгенше үлес қосам. Одан кейін қарапайым халықпен ортадағы байланысты нығайтамын. Жаңадан шығатын заңдарға, Конституциядағы заңдарға түзету мен өзгерту енетін кезде қайткен күнде сол елге тиімді заң етуге еңбек етемін. Халық тойынса, мемлекет бай болады. Абыройымды жерге таптамай, халық үшін қызмет қылуға дайынмын.

Үгіт материалы ҚР парламент мәжілісі депутаттығына №11 сайлау округі бойынша үміткер Н.Б.Тәжікеновтің сайлау қоры қаражатынан төленді.