«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Жамбыл облысына келді. Штаб мүшелері көпбалалы аналармен, еңбек ұжымдарымен, шаруалармен және Қаратау қаласының тұрғындарымен кездесті.
Таразда көпбалалы және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналармен кездесу өтті.
«Бүгінде әйелдер өз іскерлігі мен қабілет-қарымының арқасында барлық салада табысты еңбек етіп жүр. Олардың ұрпақ тәрбиесіне қосып отырған үлесі де ұшан-теңіз. Сондықтан ана мен балаға айрықша қамқорлық жасау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әйелдер құқығын қорғау – «AMANAT»-тың негізгі басымдығы, — деп атап өтті партия Төрағасы Ерлан Қошанов.
Осыған байланысты партия жалақы мен лауазым адамның жынысына емес, дағдысына қарай бөлінетін инклюзивті мәдениет пен гендерлік теңдік қалыптастыруды көздейді.
«Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдау шараларына айрықша назар аударылған.
Осылайша, жаңа ұйымдар желісі – аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталықтар, мүгедектік қаупін азайтуға бағытталған, патологияны ертерек анықтау орталықтары және аудандық деңгейдегі оңалту орталықтары іске қосылады.
2-ден 6 жасқа дейінгі балалары бар барлық мұқтаж отбасы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында орынмен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, алдағы 5 жылда партия отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату бойынша заңнамалық өзгерістер енгізеді.
Бұдан соң штаб мүшелері Қаратау қаласының жұртшылығымен жүздесіп, оған 200-ден астам адам қатысты. Тұрғындар жұмыссыздық, коммуналдық инфрақұрылымның тозуы, медицина қызметкерлерінің тапшылығы мәселелерін көтерді.
Жұмыссыздық мәселесін шешу үшін 2027 жылдың соңына дейін «AMANAT» Жамбыл облысында ең кемі 84 мың жұмыс орнын ашуға атсалысады. Сондай-ақ, өңірде алдағы 5 жыл ішінде 9 мың отбасы баспаналы болады.
Осы күні «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытының еңбек ұжымымен кездесу өтті. Партиялықтар еңбек адамын қолдауға және өндірістердегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған негізгі басымдықтар туралы айтты.
Дайындаған: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі
Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов
“AMANAT” партиясының сайлау қоры қаражаты есебінен төленді.