Қазақстанда қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға салынатын айыппұл төрт есе өсті. Бүгіннен бастап әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді.
Қоғамдық орында балағат сөз айту әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінде «ұсақ бұзақылық» санатына жатады.
Сонымен қатар ұсақ бұзақылық қатарына жеке тұлғаларды қорлау және оларға қысым көрсету, ғимараттарға, құрылыстарға, тұрғын үй-жайларға, ортақ пайдалану орындарына, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікке нұқсан келтіру, айналаға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын жайттар жатады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұған дейін сот ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салатын немесе 15 тәулікке дейін қамауға алатын еді. Ал бүгіннен бастап айыппұл 20 АЕК (69 000 теңге) болды, қамауға алу 5-тен 30 тәулікке дейін ұзарады.
Еске салайық, түзетулер алғаш ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Президент түзетулерге 2023 жылғы 3 қаңтарда қол қойған еді.