Басты бетЖаңалықтарАстанада баспасөз...

Астанада баспасөз хатшыларына арналған семинар өтті

Бұл туралы қазақстандық қоғамдық даму институтының баспасөз қызметі хабарлады.

Шараның ұйымдастырушылары — ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР президентінің баспасөз қызметі, қазақстандық қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы және M.NARIKBAYEV KAZGUU UNIVERSITY.

Семинар мақсаты – мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру және кәсіби машықтарын дамыту.

Екі күндік семинарда белгілі медиа және коммуникация мамандары баспасөз қызметін жетілдіру, қоғам мен мемлекеттік органдар арасында байланыс орнату, пресс-стратегия құру және мәтінмен жұмыс істеу, имидж қалыптастыру секілді  салалар бойынша тренингтер мен мастер-класстар өткізді.

Жиынның ашылу салтанатына ҚР президенті әкімшілігі басшысының орынбасары – президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, «M.NARIKBAYEV KAZGUU UNIVERSITY» АҚ басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қатысты.

Фото: Қазақстандық қоғамдық даму институтының баспасөз қызметі

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай қатысушыларға сәттілік тілеп, баспасөз қызметі жұмыстарының басым бағыттары мен маңызын айтып өтті.

Сонымен қатар ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі баспасөз хатшыларының мәртебесіне тоқталды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында MediaLab орталығы ашылды. Бұл орталық мақсаттарының бірі – коммуникация саласының мамандарының біліктілігін арттыру екенін атап өткім келеді. Бүгінгі семинар сол MediaLab орталығының алғашқы жобасы. Медиа саласы – біздің қоғамның келбеті. Сіздердің қызметтеріңіз мемлекеттің беделін, мемлекеттік қызметкердің имиджін қалыптастырады. Сондықтан ел алдында абыроймен жүру, кәсіби, рухани тұрғыдан үнемі кемелденіп отыру біздің күн тәртібімізден түспейтін мәселе болуы керек,- деді спикер.

«M.NARIKBAYEV KAZGUU UNIVERSITY» АҚ басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев:

Қазір қоғамда баспасөз хатшыларына және коммуникация мамандарына сұраныс бар екенін байқап отырмыз. Сәйкесінше, алдағы уақытта дәл осы мамандарға арнайы оқыту курсын, яғни майнор ашу ниетіміз бар, — деді.

Фото: Қазақстандық қоғамдық даму институтының баспасөз қызметі

Ашылу салтанатынан кейін ҚР сыртқы істер министрлігінің экс-ресми өкілі Жанболат Үсенов, сонымен қатар медиа және коммуникация саласының мамандары Дана Саудегерова, Алма Сайлауқызы, Ақсұлу Санғали, Яков Федоров имидж қалыптастыру,  әлеуметтік желілер арқылы қоғаммен байланыс орнату, кризистік коммуникация мен медиа менеджмент сынды тақырыптар аясында тренинг өткізіп, осы саладағы озық тәжірибелерімен бөлісті.

Ал семинардың екінші күні коуч, PR және кризис-менеджер Асқар Өтепқалиев, эмоционалды интеллект бойынша эксперт Әсел Мұратова, медиатренер, редактор Назгүл Қожабек және «Астана» халықаралық қаржы орталығының коммуникация бойынша басқарушы директоры Елена Пактың шеберлік сағаттарымен жалғасты.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс айтып, сертификат табыстады.