2023 жылғы 28 ақпаннан бастап елімізде Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға өзгерту енгізілді. Енді 35 жасқа дейінгі азаматтар да жастар санатына қосылды. Baribar жастар санатына жаңадан қосылған азаматтар қандай мүмкіндікке ие болатынын тізіп шықты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, заңға өзгертулер енгеннен соң мемлекеттік бағдарламалар мен жастарға арналған жоба қатысушыларына жас бойынша қойылатын талаптар да өзгереді. 

Бұл заң бойынша, Қазақстанда енді 35 жасқа дейінгілердің бәрі жастар санатына кіреді. Осылайша елдегі жастар үлесі 3,7 миллионнан 6 миллионға артып отыр.

Енді мына ұғымдар 35 жасқа дейінгі азаматтарға ресми түрде қолданылады:

1. жастардың даму индексі;
2. уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар);
3. жастармен жұмыс жөніндегі маман;
4. жастардың еңбек жасақтары.

Сонымен қатар олар білім алу, жұмыспен қамту, жеңілдетілген несие алу және тағы басқа игіліктерге ие болады. 35 жасқа дейінгі азаматтар енді қатыса алатын бағдарламаларды ұсынамыз.

Білім

«Бастау Бизнес» бағдарламасы

Бұл бағдарлама бойынша, азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін оқу мүмкіндігі ұсынылады. Бағдарлама аясында жастарға өз ісін ашуға қайтарымсыз гранттар беріледі. Бағдарламаға өтініш бере алатын бір топ — жұмыссыз жастар санаты. 14 күндік онлайн оқу аяқталған соң бағдарламаға қатысушы қорытынды емтиханда сұрақтардың кемі 70%-не дұрыс жауап беріп, курсты өткенін растайтын сертификат алуы керек. Қатысушыға жыл ішінде тек екі рет оқу мүмкіндігі ұсынылады. Сертификат үш жылға жарамды. Бағдарламаға қатысу үшін Business.enbek.kz сайтына өтініш қалдыру керек. 

Бағдарламаға қатысушыға қойылатын талаптар мынадай:

  • Арнайы санат бойынша сәйкестік;
  • «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы қолданыстағы сертификаттың болмауы;
  • Бұған дейін жұмыс беретін бағдарламаларға қатыспауы керек (ерікті түрде оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуға қатысқандардан басқа);
  • Кейінгі 12 ай ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын өз бетінше тоқтату фактілері тіркелмеуі керек.

«Жастар тәжірбиесі» бағдарламасы

Бағдарлама азамат өзі меңгерген мамандық бойынша тәжірибе жинауға көмектеседі. Бұл бағдарлама оқу бітіргеннен кейін үш жыл бойы мамандығы бойынша жұмыс істемеген жастарға арналған. Тәжірибе уақыты — 12 ай.  Жобаға қатысушылар ай сайын кемі 30 АЕК көлемінде төлемақы алып отырады. Бағдарламаға қатысу үшін азамат тіркелген мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығына баруы керек.

Қажет құжаттар:

  • жеке куәлік;
  • аттестат немесе диплом;
  • еңбек кітапшасы (бар болса).

Жұмыс

“Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасы

2020 жылдан бастап елімізде “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама оқу орнын бітірген түлектер мен жұмыссыз жастарға жұмыс беру үшін ашылған. Жұмыс беруші кемі 24 айға тұрақты негізде жұмысқа қабылдайды. Ал халықты жұмыспен қамту орталығы бірінші жұмыс жылындағы еңбекақыны субсидиялайды. Субсидияның ай сайынғы мөлшері — 30  АЕК. Қатысу үшін азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығына барып, жеке куәлік пен білімі туралы құжатты көрсетеді.

Халықты жұмыспен қамту орталықтарының байланыс нөмірін мына жерден біле аласыз.

“Жасыл ел” бағдарламасы

Бұл жастарға жаз мезгілінде құрылыс салу, елді  мекендерді көгалдандыру (ағаш отырғызу, арамшөп отау, орманда, су қоймаларында санитарлық тазалық жүргізу) сияқты түрлі бағыт бойынша студенттік отрядтарда жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынады. Бағдарламаға қатысу үшін “Жасыл ел” штабының жастарға арналған филиалына барып өтініш жазу керек.

Қажет құжаттар:

  • жеке куәлік;
  • зейнетақы қорымен жасалған келісімшарт және дербес шот деректері;
  • денсаулық жағдайы туралы 086-анықтама;
  • екі дана 3х4 фото.

Студент 18 жасқа толмаса, ата-анасы жұмыс істегеніне қарсы емес екені туралы жазбаша рұқсат жазып беруі керек.

«Ұрпақтар келісімі» бағдарламасы

Бұл бағдарлама бойынша зейнет жасы таяған қызметкер жас буынға тәжірибесін үйретіп, тәлімгерлік етеді. “Ұрпақтар келісіміне” оқу орнын екі жыл бұрын бітірген жастар ғана қатыса алады. Жұмыс ұзақтығы — кемі 18 ай. Бұл мерзім аяқталған соң оған жаңа жұмыс орны немесе зейнет жасындағы маманның орны беріледі. Жалақы — кемі 30 АЕК. Бағдарламаға қатысу үшін өңірлік жұмыспен қамту орталығына бару керек.

Қажет құжаттар:

  • жеке куәлік;
  • білімі туралы құжат;
  • еңбек кітапшасы (міндетті емес).

Шағын несие беру бағдарламасы

Бұл бағдарлама аясында елдімекендер мен кішігірім қалалардағы жастардың шағын кәсіп ашуы үшін несие беріледі. Бұға қоса бағдарлама өз ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлердің қызметін кеңейтуге, ауыл шаруашылығы кооперативтерін ашуға бағытталған.

Несие/шағын несие алу үшін қойылатын басты талап — өтініш берушінің салық органдарында тіркелгені және жұмыспен қамту орталығының жолдамасы болғаны. Несие мерзімі — бес жылға дейін. Бағдарламаға қатысу үшін азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығына баруы керек.

Қажет құжаттар:

  • жеке куәлік;
  • кәсіпкерлікті оқыту курстарын өткенін растайтын сертификат.

Пәтер жалдау

“Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй” жобасы

Бұл жоба Астанада, Алматыда және Шымкентте жүзеге асырылады.  Бағдарламаға қатысу үшін осы үш қаланың бірінде ресми тіркелген болу керек. Қатысатын адамның атында жеке тұрғын үй болмауы керек. Тұрақты жұмысы болуы керек және жалақысы 100 мың теңгеден жоғары болуға тиіс. 

Жалдамалы пәтер бес жылға дейін беріледі. 

Қажет құжаттар:

  • өтініш берушінің ЭЦҚ кілті;
  • өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (жұбайы, балалары болса) жеке куәлігінің сканерленген нұсқасы;
  • дипломның сканерленген нұсқасы (жоғары білім туралы диплом, мектеп аттестаты, біліктілік, арнайы-техникалық білім туралы диплом – бар дипломдардың бірі);
  • неке қию туралы куәліктің сканерленген нұсқасы (болса);
  • балалардың туу туралы куәлігінің сканерленген нұсқасы (болса);
  • өтініш берушіге және отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүліктің жоқ екені туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (болса, жұбайына да, балаларына да);
  • жұмыс орнынан анықтаманың сканерленген нұсқасы;
  • еңбек қызметінің бүкіл кезеңі үшін БЖЗҚ зейнетақы аударымдары туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы;
  • банктік шоттың бар екені және нөмірі туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (карточкалық шот, ағымдағы, жинақ, дебеттік шот және тағы басқа – бар шоттардың бірі);
  • банктік шот бойынша ақша қалдығы туралы көшірменің сканерленген нұсқасы;
  • өтініш берушінің жеке жетістіктері туралы құжаттың сканерленген нұсқасы;
  • жеке кәсіпкерлер жеке кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарлама ұсынады;
  • Егер еңбек демалысында немесе ауырған болсаңыз, соның салдарынан табысыңыз кейінгі алты айдың бірінде төмендесе, демалыс туралы бұйрықты немесе еңбекке жарамсыздық парағын қосымша ұсыну қажет.

Бағдарламаға қатысу үшін астаналықтар “Тұрғын үй” КММ, Алматыдан өтініш беретіндер қоғамдық даму басқармасына, Шымкент тұрғындары отбасы, балалар және жастар мәселесі басқармасына баруы керек.