Кездесу барысында аманаттықтар партияның сайлауалды бағдарламасын кеңінен түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Жалпы, аталған елдімекенде бүгінде 3 мыңға жуық тұрғын бар. Мұнда түрлі ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Жергілікті халықтың басым бөлігі облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. Ал өзгелері өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Тұрғындардың айтуынша, қызылқайнарлықтар үшін мал жайылымы бас қатырар мәселеге айналған. Бұдан бөлек, қоғамдық көліктің аздығы, медициналық қызметтердің жоқтығы мен тіршілік нәрінің қолжетімсіздігі егін шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге қолбайлау болып отыр. Ауыл тұрғындары партиялықтардан бұл мәселелердің оң шешілу жолында ықпал етуін сұрады.
Облыстық штабтың мүшесі Абдалы Нұралиев кез келген өтініш-тілек пен арыз-шағым назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, партияның сайлауалды бағдарламасы халық тарапынан ұсыныстарын негізінде дайындалғанын жеткізді. «Қазіргі таңда жер-жерлерде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Ал Amanat партиясы бұл жұмыстардың бел ортасында жүр. Біз әрбір тұрғынның талап-тілегін тыңдап, бақылауға алып келеміз. Шын мәнінде, партиялықтардың араласуымен бұған дейін талай мәселелер шешімін тапты. Мәселен, өткен жылы облыстық филиалға 5 мыңнан аса өтініш түссе, оның 60%-і оң шешілген. Біз алдағы уақытта да қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ескереміз, — деді Абдалы Тоқбергенұлы.
Облыстық сайлауалды штабының мүшелері мұнан соң аталған ауданға қарасты Жасөркен ауылындағы «Ертөстік» бөбекжай-бақшасының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында жетекші партия мектеп дейінгі мекемелерге айрықша көңіл бөлінетінін жөнінде сөз болды. Облыстық сайлауалды штабының мүшесі Абдалы Нұралиев Amanat партиясының білім беру саласына белсенді араласуының нәтижесінде кейінгі екі жыл ішінде 6 мың орындық 18 мектеп және 3,4 мыңға бүлдіршінге арналған 28 балабақша ашылғанын атап өтті.
Облыс орталығындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Бүгінде мұндағы 90-нан астам үйірмеде мектеп оқушылары бос уақытын тиімді пайдалануда. Жалпы, бүгінде облыста 485 жалпы білім беретін мектеп және 569 мектепке дейінгі мекеме мен 67 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100, 2 жастан алты жасқа дейін – 94, %-і болды. Ал оқушы орындарының тапшылығы 2,4 мыңды құрап отыр. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жандандыру өте маңызды, — деді ол.
Кездесу соңында партиялықтар «Есіктен есікке» акциясы аясында аталған елді-мекендегі тұрғын үйлерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Шара барысында арнайы үнпарақтар таратқан аманаттықтар жергілікті тұрғындарды лайықты партияға дауыс беруге шақырды.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған Amanat партиясы сайлау қорының қаражатынан төленді.