Концертке барып, сергіп қайтқыңыз келеді, бірақ баламен кіргізбей ме? Уайымдаудың қажеті шамалы, себебі Қазақстанда арнайы кішкентай тыңдармандарға арналған Menin balam Mozart деген концерт бар. Бұл қандай концерт? Baribar тілшілері біліп қайтты.

Menin balam Mozart — жеті жасқа дейінгі балаларға арналған классика концерті. Алайда мұнда балаларға басқа концерттегідей тып-тыныш, бір орыннан тапжылмай отыру міндетті емес. Бұл жерде кішкентайлар музыка тыңдайды, оған қоса емін-еркін жүре алады, еңбектейді, ойнап, билеп, бір-бірімен таныса да алады. Жоба 2022 жылғы 19 ақпанда басталған. Авторы әрі құрылтайшысы — танымал виолончелистің бірі Бағжан Октябрь.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жоба жетекшісі Таңшолпан Есіркептің айтуынша, музыканттың мұндай жоба жасауының бірнеше себебі бар.

Біріншісі — қазақ халқының мәдениетін көтеруге үлес қосу. Бағжан әсіресе Қаңтар оқиғасынан соң бұл дүниеге аса мән беру керек екенін түсінді. Содан кішкентай балалардан бастады. Бағжан балаларға мәдениетті өнер арқылы көрсеткісі келді. Екіншісі — кішкентай балалар мен декреттегі аналардың концертке қатысуына мүмкіндік беру. Бағжан елдің көп қаласын аралап, концерт өткізді. Сол кезде оған кішкентай сәбиі бар немесе үйде бала-шағасымен отырған көп ана концертке барғысы келетінін, бірақ кішкентайымен бара алмайтынын жазатын. Кейбірі «Неге баламен кіргізбейді?» деп ренжитін. Содан ол «Неге кішкентай балалар да, декреттегі аналар да концертке бармасқа?» деп ойлап, осы жобаны қолға алды. Үшіншісі — музыканың балаға пайдасы. Музыка тек бала мәдениетіне емес, денсаулығына, психологиясына да оң әсер береді. Классика тыңдап өскен баланың есту қабілеті жақсы дамиды, ұйқысы тыныш болады, — дейді Таңшолпан Есіркеп.

Таңшолпан Есіркеп, Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Концерттің форматы мынадай: музыканттар 45 минут әртүрлі танымал шетел және қазақ композиторының түрлі шығармасын ойнайды.

Музыка кезінде бала еркін жүре алады, дегенмен бір ереже бар: әуен ойнап жатқанда есікті көп ашпауға тырысамыз. Сонымен бірге бала қатты жыласа, ата-анасынан сыртқа шығып, жұбатуын сұраймыз, себебі басқалар демалу үшін келгендіктен оларды мазаламауымыз қажет. Бұл ережелер  де — баладағы мәдениетті қалыптастырады, — дейді жоба жетекшісі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Концерттің ұзақтығы — бір сағат. Алғашқы 45 минуттында концерт қойылса, қалған 15 минуты аспаптармен танысуға арналады. Бұл кезде балаларға музыканттардың аспаптарын ұстауға, ойнауға және суретке түсуге болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Алматыда өткен кезекті Menin balam Mozart концертіне біраз кішкентай тыңдарман жиналған. Бір жарым жастағы Даниал ата-анасымен бірге келіпті. Даниалдың өте зерек, ашық-жарқын бала екені бірден байқалады. Концерт бойы залда зыр жүгіріп, билеп, басқа тыңдармандармен бірден тіл табысып кетті.

Даниал мен әкесі
Даниал мен әкесі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Даниалдың анасы Гүлмира мұндай концертке бірінші рет қатысып отырғанын айтты. Жолдасы Бауыржан да бірге келген.

Даниал музыканы өте қатты жақсы көреді. Музыка қосылғанда шат-шадыман болып ойнайды. Концерт туралы естігенімде бірден «барайық» дедім. Баламның музыка тыңдап қана қоймай, аспаптарды ұстап, сезіп көргенін қаладым. Кейін бұл оның сүйікті ісі болып қалар. Мұндай концерттің болғанына қуаныштымын. Бұл баланың музыкалық қабілетін ашуға көп көмек береді деп ойлаймын. Оған қоса мен сияқты декрет демалысындағы аналар да сергіп қалады екен. Кәдімгідей демалып, рахаттанып қалдым, — дейді Даниалдың анасы Гүлмира.

бала музыка концерт
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бүгінгі концерттің ең кішкентай тыңдарманы — бес айлық Федор. Оған концерт қатты ұнаған сияқты, себебі мүлдем жыламады, анасының мазасын алмады.

Қазір баламен концертке, театрға бара алмаймын, кіргізбейді. Ал бүгін өзім де, балам да мәз. Басында аспаптың қатты дыбысынан шошып қала ма деп едім. Бірақ мүлдем қорықпады. Қайта әдемі әуен тыңдап, рахаттанып, ойнап жатты. Бұйырса, тағы келеміз, — дейді Александра.

Федор анасымен бірге
Федор анасымен бірге. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ал екі жарым жастағы Айлин Menin balam Mozart концертіне екінші рет келіп отыр. Алғаш келгенінде музыка дыбысынан қатты қорыққан. Ал бүгін музыканы да тыңдады, аспаптарға да ерекше қызықты, жаңа достар да тапқан. Анасы Сымбаттың айтуынша, концерттің қызына берген пайдасын қазірден-ақ байқап жатыр.

Айлин анасымен бірге
Айлин анасымен бірге. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Отбасымызбен мейрамханаға тамақ ішуге бардық. Онда бір музыкант саксофон ойнады. Саксофоншы туындысын тәмамдаған соң қызым бірден қол шапалақтады. Айлин осы концерттен кейін өнер иесіне қол шапалақтау керек екені, қошемет көрсету қажет екені есінде қалған. Бір концерттің өзі баладағы мәдениеттің қалыптасуына әсер етті. Мұны байқаған соң қызымды мұндай шараларға жиі апарып тұрамын дедім, — дейді Сымбат.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ұйымдастырушылар ата-аналардан балаларына концертке классика немесе мерекелік киім кигізуді сұрайды. Олар «осылайша балалар кішкентайынан эстетикаға үйренеді» деп есептейді.

Егіздер Геннадий мен Валентина концерт талабын ескеріп, шырттай киініп келіпті. Геннадий көбелек-галстугын таққан, қолында өзінің гитарасы бар. Ал Валентина әдемі күлгін жейдесін, қоңыр белдемшесін киген.

Киімнің өзі балаға көңіл-күй сыйлайды. Оған қоса қазірден бастап концертке қалай киініп бару керек екенін үйренеді, — дейді жоба жетекшісі Таңшолпан Есіркеп.

Геннадий, бала, классика, ән, музыка
Геннадий. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Валентина, қыз бала, классика, бала
Валентина. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Концертте балаларға жоғары оқу орнында оқыған, музыкалық білімі бар, Қазақстандағы беделді оркестрлерде жұмыс істейтін мамандар өнер көрсетеді. Бүгінгі шарада олар Вольфганг Моцарттың, Людвиг ван Бетховеннің, Иоганн Штраустың, Абайдың шығармаларын орындады. Музыканттар балаларға ауыр болмас үшін көңілді әрі жеңіл классика әуенін ойнауға тырысты.

Адилет Әбдірахманова
Адилет Әбдірахманова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Скрипкашы Адилет Әбдірахманованың айтуынша, балалардың аспапты қолымен ұстап сезінуі музыка әлемін түсінуге мүмкіндік береді.

Музыканттар отбасында өстім. Кішкентайымнан анама қарап, скрипкаға қызықтым. Өз тәжірибеме сүйеніп, осындай жобалар арқылы балалардың музыкаға деген махаббатын ашуға болады деп нық сеніммен айта аламын, — дейді скрипкашы.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Таңшолпан Есіркептің айтуына қарағанда, концертке деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Мәселен, қазіргі уақытта Menin balam Mozart жобасы Алматы мен Астанада аптасына бір рет, Шымкентте  айына екі рет ұйымдастырылып жүр. Жақында олардың қатарына Атырау қосылады.

Концертті ұнатып, қайта-қайта келетін тыңдармандарымыз бар. Мысалы, астаналық бір ата-ана баласымен 15 шақты рет қатысты. Жоба халыққа ұнаса, оны қуана-қуана дамытамыз, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz