Басты бетЖаңалықтарМәжілісті сайлау:...

Мәжілісті сайлау: саяси партиялар өкілдерінің пікірсайысы өтті

Оған Amanat партиясынан Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, Respublica партиясынан Сырымбек Тау, Қазақстан Халық партиясынан Асхат Асылбеков, «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Берік Дүйсембинов, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысты.

Пікірсайыс төрт кезең бойынша өтті. 1-кезеңге жалпы 14 минут берілген. Осы уақыт ішінде әр партия өкілі ортақ сұраққа жауап берді.

2-кезеңде партия өкілдері бір-біріне сұрақ қойды. Бұл кезең 33 минутқа созылды. Сұрақ қоюға 30 секунд, жауап беруге 4 минут бөлінді.

3-кезең ұзақтығы да 14 минут болды. Бұл кезеңде де пікірсайысқа қатысушыларға ортақ сұрақ қойылды.

Ал қорытынды 4-кезеңде әр партия өкілдері 1 минут ішінде сайлаушыларға үндеу жасады. Сөйтіп бұл кезеңге 7 минут берілді.

Бірінші турда қарсыластар өзінің сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Тараптар қазақстандықтарға:

  • әділетсіздік және олигополиямен күресу,
  • сыбайлас жемқорлықты жою,
  • қарапайым жұмысшылардың мәртебесін көтеру,
  • білім мен медицина деңгейін көтеру,
  • мәжіліс пен мәслихаттарға нақты билікті қайтаруды ұсынды.

Талқылау басталған соң қарсыластар бір-біріне сұрақ қоя бастады.

«Сіздің партияңыз 20 жыл бойы биікте болды. Қаржылық және әкімшілік ресурстарыңыз бар. 20 жыл ұйықтадыңыздар, енді парламентке қайта барғыңыз келеді, сонда не істейсіз?» деп ЖСДП Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев Amanat-тың жауапты хатшысы Елнұр Бейсенбаевтан сұрады.

Біз 20 жылдық бағдарламаны аяқтадық, оны жүзеге асыратын жол картасын әзірледік. Мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысын көтердік. Шәкіртақы көбейді, студенттерге 10 мың грант бөлінді, — деп жауап берді Елнұр Бейсенбаев.

Ал «Ақ жол» партиясының өкілі Берік Дүйсенбинов Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өкілі Нұрлан Әуесбаевқа партия өзін оппозиция деп санағанымен, өткен сайлауға бойкот жариялағанын еске салды.

«Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тауға «Шағын партия мәжіліске қалай өтеді?» деп сұрақ қойды.

Бизнесті қалай дамытсақ, мемлекетті де солай дамытамыз. Мемлекеттен ақша алған жоқпыз, сұраған да жоқпыз. Өзіміз жұмыс істедік, салық төледік. Бизнестен келдік. Коронавирус кезінде Мақтааралға көмектестік, — деп жауап берді Сырымбек Тау.

Сырымбек Тау Respublica-да 277 адам бар екенін, орташа жасы 37 жас болатын ең жас партия екенін айтып өтті. Оның айтуынша, партияластары арасында әйелдер де көп.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР парламенті мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлауды 2023 жылғы 19 наурызға тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

Сайлауға мына саяси партиялар түсе алады:

  • Қазақстанның Халық партиясы;
  • «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы;
  • Amanat партиясы;
  • «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы;
  • «Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясы;
  • Respublica партиясы.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпанда сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі. 18 наурыз – тыныштық күні, 19 наурыз – сайлау күні.