Соған орай үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр.
Respublica партиясы еңбек ұжымдарымен кездесті
Respublica көшбасшыларының, сонымен қатар партиядан депутаттыққа кандидаттардың қатысуымен сайлауалды тур жалғасып жатыр. Бүгін Алматыда 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған «APR Construction» ЖШС құрылыс компаниясының жұмысшыларымен әңгімелесті.
Партия өкілдері жұмыс істейтін жастарды қолдаудың, кәсіпкерлерге мүмкіндік берудің маңызын айтты.
Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де еңбек ұжымдарымен кездесулер өтеді.
Amanat жанынан партияның әйелдер қанаты құрылады
Елордада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 800-ден астам қатысушының басын қосқан Amanat партиясының әйелдер форумы өтті. Жиынға белгілі саяси және қоғам қайраткерлері, көпбалалы аналар, кәсіпкерлік, білім беру сияқты және басқа да салалардың өкілдері қатысты.
Партияның Республикалық сайлауалды штабының басшысы Ерлан Қошанов әйелдердің мемлекеттік басқару ісіне және қоғамдық өмірге араласуын кеңейту қажет екенін атап өтті.
Халқымыз әуел бастан аналарымызға, жары мен қарындас-қыздарына зор құрметпен, сыйластықпен қараған. Сондықтан отбасының ғана емес, Отанымыздың тарихындағы әйелдердің рөлі қашанда ерекше. Партияға да өздеріңіздей күш-қуаты мол жандар қажет екені анық. Біз әрбір әйелдің еңбегі мен арманына құрметпен қараймыз, сіздердің бастамаларыңызды қолдауға әзірміз, — деді Ерлан Қошанов.
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Қарағанды облысына барып, сайлаушылармен кездесті
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев «Арселор Миттал» кәсіпорнының ұжымымен кездесті.
Басқосу барысында ҚХП басшысы партияның еліміздің тау-кен-металлургиялық кәсіподақ ұйымдарымен ынтымақтастығы, сонымен қатар нақты секторды дамыту жоспарлары туралы айтты.
Бұдан басқа ҚХП ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлерді 50-55 жастан зейнетке шығару әділетті деп есептейді. Сонымен қатар халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сай кеншілер мен металлургтердің жұмыс барысында денсаулығын жоғалтқан жағдайда қосымша ақы төлеуді, құқықтық қорғауды жақтайды.
Ермұхамет Ертісбаев Костенко атындағы шахта кеншілерімен кездесті. Мұндағы пікірталас тақырыбы – өндірістік жарақаттану мәселелері болды.
ЖСДП кандидаттары сайлаушыларымен кездесті
ЖСДП кандидаттары сайлаушылармен бірге «Қазақстандағы өмір сапасының стандарттары қандай болуы керек?» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Іc-шара барысында әлеуметтік мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, азық-түлік инфляциясы, коммуналдық тарифтердің құны, әлеуметтік кепілдіктер және мемлекеттік қолдау мәселелері қозғалды.
«Байтақ» — қоқыс өңдеушілермен кездесті
«Байтақ» жасылдар партиясының мәжіліс депутаттығына кандидат Өскемендегі қоқыс өңдеу зауытының қызметкерлерімен кездесті.
Сағатына 25 тоннаға дейін қоқыстарды сұрыптауға қабілетті Орта Азиядағы алғашқы зауыт өз жұмысын өткен жылы бастаған болатын. Кездесу барысында қатысушылар экологиялық салаға қатысты көптеген мәселелерді, соның ішінде Қазақстандағы басты экологиялық мәселелердің бірі – қоқыс өңдеу мәселесін талқылады.
Сонымен қатар жалақы туралы да мәселе көтерілді. Қызметкерлер өздерінің ауыр еңбегі үшін 140-180 мың теңге ғана жалақы алатынын айтты.