Елдің негізгі заңы бойынша, адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады. Олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.
Егжей-тегжейлі айтар болсақ, Қазақстан Конституциясының 30 бабы азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды айқындайтын һәм қорғайтын адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына арналған. Конституциялық парадигма — экономикалық өсу, ұлттық әл-ауқатты дамыту және елдегі құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету үшін мемлекет қабылдайтын стратегиялық шешімдердің іргетасы. Институционалдық және құрылымдық реформаларды жүргізу кезінде осы құндылықтарды бағдарға аламыз. Елдің Конституцияға негізделген стратегиялық құжаттары мемлекетіміздің ұзақмерзімді даму бағытын анықтайды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия, Конституциялық сот және адам құқықтары жөніндегі уәкіл сияқты конституциялық реформа нәтижесінде қайта форматталған институттар пайда болып, адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі құрылды.
Адам құқықтары жөніндегі комиссия — мемлекет басшысының адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретіндегі конституциялық өкілеттерін іске асыруға жәрдемдесетін президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы негізгі байланыстырушы буындардың бірі, адам құқықтары жөніндегі тиімді диалог алаңы.
Комиссия қоғамдық пікірді, ағымдағы заңнаманы және құқық қолдану практикасын зерттейді және президентті, парламентті, үкіметті елдегі адам құқықтарының жағдайы, азаматтық қоғамның қажеттіктері туралы хабардар етеді. Комиссия мемлекеттік құрылымдар үшін адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласындағы ақпарат пен жаңа идеялардың қосымша, кейде балама көзі бола алады.
Комиссия құрамы адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің мәртебесіне қатысты БҰҰ-ның Париж қағидаттарына сәйкес тепе-теңдік негізінде іріктелді. Қазіргі уақытта комиссия құрамында азаматтық қоғамның өкілдері: қоғамдық қорлар, үкіметтік емес ұйымдар басшысы, адвокаттар, ЖОО-лар басшысы мен оқытушылары, ғалымдар, діни конфессиялардың өкілдері және басқалар; сонымен қатар ҚР заң шығарушы, атқарушы билік тармақтары мен құқық қорғау органдарының өкілдері, оның ішінде мемлекеттік құрылымдардың бірінші басшылары жұмыс істейді. Комиссияның мұндай құрамы адам құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру жөнінде келісілген және тексерілген ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Қазақстан елімізде адам құқықтарын қорғау стандарттарын арттыру бойынша жоспарлы және жүйелі жұмыстар жүргізеді. Бұған адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша әмбебап халықаралық шарттарға қатысуымыз да дәлел бола алады.
2004 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылғы 24 қыркүйекке дейін Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланғаны белгілі. 2020 жылғы 24 қыркүйекте Қазақстан өлім жазасын жою көзделген азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қосылды. Қазіргі уақытта өлім жазасына конституциялық деңгейде тыйым салынған және бұл жаза түрі ҚР қылмыстық кодексінен алынып тасталды.
2021 жылғы 9 маусымда президент «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» жарлығына қол қойды. Жарлық бойынша, адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспары бекітілді, қазіргі уақытта іске асырылып жатыр. Ол мынадай түйінді міндеттерді іске асыруды көздейді:
- БҰҰ шарттық органдарымен және БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңесінің арнайы рәсімдерімен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру;
- адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету; мүгедектігі бар азаматтарға қатысты адам құқықтары; әйелдерге қатысты алалауды жою;
- бірлесу бостандығына құқық; пікір білдіру бостандығына құқық;
- адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқығы; үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру;
- адамның қылмыстық сот төрелігі, атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтары.
Жоспардың қабылдануын халықаралық қауымдастық оң қабылдады. Діни заңнаманы ырықтандыру, өлім жазасын жою, әйелдерге қатысты саясат, құқық қорғау және сот жүйелерін жетілдіру, сонымен қоса мүгедектігі бар адамдар үшін жасалатын жағдайлар ерекше аталып өтілді.
Сол 2021 жылы заңнамалық актілерге де түзетулер енгізілді:
- діни бірлестіктерді тіркеу үшін сандық цензаны қысқарту;
- діни іс-шараларды өткізуге рұқсат алудан хабарламалық сипатқа көшу;
- полиция органдары жұмысының қызмет көрсету үлгісін енгізу;
- сотталғандар мен қамауға алынған және тергеуде жүрген адамдарды медициналық көмек беру функцияларын ІІМ-нен денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру;
- сотталғандарды жұмыспен қамту және олардың әлеуметтік бейімделуі үшін жағдай жасау.
Адам құқықтарын қамтамасыз ету ісіндегі ең басты нәрсе — мемлекеттің анықталған қателер мен кемшіліктерді ескере отырып, заңнамаға және құқық қолдану практикасына уақтылы ден қоюы және түзетулер енгізуге дайын болуы.
2022 жылғы конституциялық реформалардың нәтижесінде елдің құқық қорғау әлеуеті айтарлықтай күшейді. Әуелі президент жолдауында айтылған, содан кейін республикалық референдум арқылы мақұлданған бастамаларды орындау үшін «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы», «Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Прокуратура туралы» Конституциялық заңдар қабылданды. Қабылданған заңдар азаматтарды кез-келген заңсыздықтан, құқық бұзудан қорғау мүмкіндіктерін едәуір арттырды.
Конституциялық сотқа азаматтардың өтініші негізінде олардың конституциялық құқықтары мен азаматтық бостандығына тікелей қатысты нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін анықтау бойынша өкілеттік берілді. Былайша айтқанда, бұдан былай елдің заңнамасында қолданылған қандай да бір нормативтік құқықтық акті, заң, нұсқаулық немесе ереже өзінің конституциялық құқықтары мен мүдделеріне тікелей нұқсан келтіреді деп есептейтін кез келген Қазақстан азаматы Конституциялық соттан көмек сұрай алады.
Конституциялық заң арқылы прокуратура органдарының құқық қорғау әлеуеті де күшейтілді. Атап айтқанда, бас прокурорға Конституция нормаларын түсіндіру, халықаралық шарттар мен нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілді.
Сонымен бірге заңда адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру бойынша прокуратураның адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, мемлекеттік органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылы көзделген. Өзара іс-қимыл тетігін құқықтық негізде бекіту азаматтардың құқықтарын қорғауға көбірек мүмкіндік береді.
Сонымен қатар енді бас прокурордың азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілері міндетті түрде жарияланатын болады.
Конституцияда (83-1-бап) адам құқықтары жөніндегі уәкіл статусы бекітілді, бұл омбудсмен институтының салмағын едәуір арттырды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге медиативтік функция берілді. Ол мемлекеттік органдар, әкімдіктер, өзге де ұйымдар мен азаматтар арасындағы дауды реттеу жөніндегі қоғамдық диалогқа қатыса алады. Жақын болашақта бұл мемлекеттік органдар жұмысының бюрократиялық кемшіліктерін жоя отырып, осындай істердің азаматтардың пайдасына шешілуіне әсер етеді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелсіздігін конституциялық-құқықтық тұрғыда бекіту де маңызды. Бұл оның қолына түскен істер адам мен азамат құқығының жоғары басымдығы қағидатына сүйене отырып, мүмкіндігінше әділ қаралатынын көрсетеді. Сонымен қатар адам құқықтарын дамыту және қорғау мақсатында омбудсменге адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу құқығы берілді.
«Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық» мемлекеттік мекемесі — адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және өзге де қызметін қамтамасыз етуші жұмыс органы. Еліміздің барлық 20 өңірінде адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі жұмыс істейді.
Комиссардың жұмысы қоғамға айқын көрініп, қоғамдық өмірдің бір бөлігіне айналуы керек. Мемлекеттік орган басшыларының үстінен түскен шағым олардың өзіне қайтып келмей, кінәлі адамға қатысты нақты шара қабылдай алатын орынға жетуге тиіс. Уәкілдің рөлін күшейту адам құқықтарын қорғаудың конституциялық кепілдігін нығайтуға және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың бұл құқықты күнделікті жұмыста сақтауына ықпал етеді.
Сөз соңында Қазақстанның адам құқы бойынша сындарлы саясатының бір нәтижесі оның 2022-2024 жылдарға арналған БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі ретінде қайта сайлануы болғанын айтып өтейік. Бұл, сөзсіз, Қазақстан Республикасының қоғамды одан әрі демократияландыру және адам құқықтарының негізгі қағидаттары мен нормаларын сақтау жолындағы қызметіне жаңа серпін береді.
Алмас Әубекеров