Қызылорда облысының уақытын бір сағат кейінге шегеру ұсынылды

Депутат осы сауалын Премьер-министрге жолдамақшы. Оның айтуынша, Арал, Қазалы аудандарының мәслихат депутаттары географиялық уақыттың қолайсыздығын айтып, шағымданған.

Себебі, 2005 жылдың 15 наурызында Үкімет қаулысына сәйкес Қазақстанда жазғы және қысқы уақытқа көшу тоқтатылған еді. Оған дейін көршілес Ақтөбе облысымен бір сағаттық белдеуде жатқан Қызылорда, Қостанай облыстарында уақытты 1 сағат ілгері жылжыту туралы шешім қабылданған болатын.

Депутат бұл биологиялық уақыттың бұзылуы қызылордалықтарға ауыр тиіп жатқанын айтады.

«Географиялық белдеуге сәйкес қалыптасып қалған табиғи және үйреншікті биологиялық уақытты бұзу өңір халқының тұрмыс-тіршілігіне, көңіл-күйіне, денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр. Осылайша, жылдар бойы қалыптасқан тіршілік заңы бұзылуда. Таңертең 250 мың бүлдіршін мен оқушылардың тым ерте оянып, тас қараңғыда мектепке баруы балалардың денсаулығына, одан қала берді сабақ үлгеріміне әсер ететіндігін мұғалімдер мен дәрігерлер де үнемі айтып жүр», — деді ол.

Халық қалаулысы егер бұл мәселе шешімін таппаса, жергілікті тұрғындар түбінде ауыр дертке шалдығуы мүмкін екенін ғылыми деректермен дәлелдеуге тырысты.

«Адам эволюциясы, сомнология, физиология және хрономедицина саласын 10 жыл бойы зерттеген Панин, Дорохов, Рапопорт сияқты Ресейдің ірі ғалымдары адамды үнемі географиялық уақыттан бұрын мәжбүрлі түрде ұйқысынан тұрғызу созылмалы аурулардың өршуіне, обыр, қан тамырлары жүйесі аурулары, суицид, тіпті жол-көлік оқиғасының көбеюіне, жаңа аурулардың пайда болуына себеп болатынын дәлелдеді. Сондай-ақ, оның әсері күзгі және қысқы уақыттарда қатты сезілетіні жөнінде ғылыми тұжырымдама бар», — деп атап өтті ол.

Осыдан кейін депутат қазақстандық ғылыми орталықтар жасаған ғылыми зерттеулерге жүгінді. Онда адамдарда ұйқышылдық, бас ауыруы секілді ауру белгілері жылдан жылға көбейіп келе жатқаны көрсетілген. Соңғы 10 жылдың ішінде мектеп жасындағы балалардың арасында аурушаңдық көбейіп кеткен. Осыны айтқан Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысынан осы мәселені тезірек шешуді өтінді.

«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, уақыт стандартының әртүрлі болуы 2,7 млн шаршы шақырым, орасан зор жерді алып жатқан еліміз үшін табиғи заңдылық. 11 түрлі уақыт белдеуі бар Ресейдің барлық өңірі Мәскеу уақытымен жүріп жатқан жоқ. Сондықтан Қызылорда облысының аумағы шамамен 53-68 градус меридианда орналасқандықтан, бір сағаттық айырмашылық анық байқалады. Бұл – табиғи уақыт. Сондықтан осындай географиялық табиғи уақытты бұрынғы қалпына келтіру ешқандай қаржылық шығынды қажет етпейді. Өңір халқының талап-тілегін ескеріп, оң шешім қабылдайсыз деген үміттеміз», — деп түйіндеді сөзін депутат.

 

ДереккөзBaq.kz