Алматыда қанша жаңа тұрғын үй салынады?

Жаңа тұрғын үйдің көпшілігі Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарына қосылған аумақта салынып жатыр. Олардың саны — 136.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметіне қарағанда, әңгіме мынадай құрылыс компаниялары салып жатқан тұрғын үй туралы болып тұр:

— объектінің жоба алдындағы құжаттамасы бар, олар — сәулет-жоспарлау тапсырмасы және келісілген эскиз жобасы;

— құрылыс нормаларына сай деген сараптаманың оң қорытындысын алған;

— құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы қала құрылысын бақылау бөліміне хабарлаған.

Қалада қанша тұрғын үй кешені жоғарыдағы процедурадан өтпей, яғни заңсыз салынып жатқаны белгісіз. Оны тексергенде ғана анықтауға болады.

Қазір заңсыз салынған 19 тұрғын үйге қатысты сот жүріп жатыр, — делінген басқарма хабарламасында.

Былтыр Алматыда 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Басқармадағылар бұл қанша тұрғын үй екенін білмейді (басқармаға тек шаршы метр туралы ақпарат түседі, олардың қай тұрғын үй екені жазылмайды). Бұл 14 191 пәтер екені ғана белгілі.

Биыл тұрғын үй салатын компаниялар құрылыс қарқынын бәсеңдетпейді. 2023 жылғы қаңтар айында 166,6 мың шаршы метр (1 455 пәтер) қолданысқа берілді.