ChatGPT деген не?

Бұл — тілдік модель. ChatGPT — адам сияқты, адамның тіліне ұқсас етіп, еліктеп жауап беруге үйретілген дүние. Бірақ өзінің жеке логикасы жоқ, тек үйретілген нәрсені қайталап бере алады.

Мұны жасанды интеллект деп атауға келе қоймайды. Жалпы жасанды интеллектінің анықтамасын әркім әрқалай түсінеді, анықтамасы шексіз сияқты. Кейбіреулер қарапайым T9 функциясының өзін жасанды интеллект деуі мүмкін. Адам сияқты ойлап, сол сияқты эмоция көрсете алса, бұл, әрине, абсолют жасанды интеллект. Ал біз айтып отырған GPT чатын осы екі ұғымның ортасындағы жаңалық деуге болады. 

Данияр Мұқанов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Данияр Мұқанов ChatGPT IT саласындағы төңкеріс екенін айтады. Бірақ чаттың қазақ тіліндегі нұсқасы әзірге тым нашар.

Әзірге бұл чат ағылшын тілінде керемет жұмыс істеп тұр. Қазақ тілінде қате, қисынсыз ақпарат беріп қалатын кездері болады. Сондықтан ChatGPT қазақ тілінде дұрыс сөйлесе алуы үшін желіге сапалы ақпарат пен сауатты жазылған әдебиеттерді жүктеуіміз керек. Сонда ол қазақ тілі құрамы мен морфологиясын, сөйлем құрылымдарын “түсінуге” тырысады, — дейді ол.

Эксперт чаттың қазақ тілінде қате сөйлейтініне жоба авторларын кінәлауға болмайды дейді. Ол бұл кемшілік себептерін өзінше жіктеп көрді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұған оны жасап шығарғандар емес, өзіміз кінәліміз. Интернетте қазақша ақпарат, біріншіден, аз. Екіншіден, оның көбі қате жазылған. Ү әрпінің орнына у жазып, і әрпін и әрпімен алмастырып, қалай болса солай жаза береміз. Үшіншіден, қазақ тілінде жазылған көп ақпарат сылдыр су, кеңсе терминіне толы. Бір сайтқа кіріп, ақпарат оқысаң, оның қазақша жазылмағанын, автор орысшадан аударып қоя салғанын бірден білесің. Ондай мәтінде қазақ тілінде жоқ, өтірік аударма сөз көп болады. Ал ChatGPT осы мәтіндер негізінде жұмыс істейді. Сол себепті қазақша сұраққа ағылшын тілінде жауап бергеніндей нақты жауап бере алмайды. Сұрақ ішінде аталған бір сөзді іліп алып, соның айналасындағы барлық қоқысты шығарып бере салуы да мүмкін.

Мұны қалай шешеміз?

Данияр Мұқанов бұл мәселені мемлекет деңгейінде шешкен жөн деп есептейді. Оның сөзінше, Microsoft компаниясымен тиімді келісімшарт жасаудың жолы көп.

Ең басты әрі ұтымды амал — Microsoft компаниясына мемлекеттік құрылымдардың ұсыныс жасағаны. GPT чатында қазақ тілін дамыту үшін компанияға сапалы әдебиеттерді бере аламыз. Ұсыныста мұның бәрін тек сол чатты оқыту үшін қолдануға рұқсат ететінін, ал ашық қолданысқа рұқсат жоқ екенін жаза аламыз. Microsoft бұл ұсынысты бірден қабылдайды деп ойлаймын. Себебі бұл компания 2003 жылы Word бағдарламасына қазақ тілін қосып, қазақ тілінің дамуы үшін мемлекеттен бұрын қадам жасап қойған, — дейді Данияр Мұқанов.

ChatGPT-дің қазір екі нұсқасы бар: біріншісі — түпнұсқа, екіншісі — Bing жүйесіндегі жетілдірілген нұсқа. Эксперт екінші нұсқаның қазақ тілі білімі жақсырақ екенін байқаған.

Данияр Мұқанов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әрине, әлі де ағылшын деңгейіндегі чат сапасына жетпейді. Мысалы, ағылшын тілінде “Пифагор теориясын Хәрри Поттердегі Хәгрид қалай түсіндірер еді, солай түсіндіріп бер” деп сұрай аламыз. Болмаса “Шерлок Холмс пен Шекспир кездесіп қалса, қандай диалог болуы мүмкін еді?” деп сұрасақ, жап-жақсы диалог жазып береді. Себебі ағылшын тілінде Шерлок Холмс туралы да, Шекспир мен Хәрри Поттер жайлы да сапалы дерек бар. Ал чат соның бәрін оқып, меңгеріп алған. Мұндай нәрсені қазақша сұрасақ, ол тек сұраған адамымыздың қай жылы қайда туғанын жазып жіберуі мүмкін, — деді ол. 

Тексеріп көру үшін чаттан Абайдың гуманистік идеясын түсіндіріп бер деп сұрадық. Чатқа сұрақ қоймас бұрын, оған алда қазақша сөйлейтініміз туралы сигнал баруы үшін қазақ тілінде амандасып алу керек.

Жетілдірілген ChatGPT скрині

Осыдан соң чатпен ағылшын тілінде сөйлесіп, тура сол сұрақты қойдық. Бұл жауап толығырақ шыққандай.

Жетілдірілген ChatGPT скрині

Қаншалық тез жауап береді?

ChatGPT-дің жетілдірілген нұсқасы түпнұсқадан әлдеқайда жылдам істейтінін байқадық. Ол Абайдың гуманистік идеясы туралы деректі небәрі 3 секундта жазып берді. Ал түпнұсқа бір уақытта сұрақ қойғандар саны көп болса, сәл күте тұруды сұрауы мүмкін. Жалпы екеуі де 3-4 секунд ішінде жауап береді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл тегін бе?

ChatGPT–дің екі нұсқасы да әзірге тегін істеп тұр. Бірақ эксперт алдағы уақытта мұнда да түрлі жарнамалық интеграция болуы мүмкін деп отыр. 

Түпнұсқа чат GPT қазірден PRO-нұсқасын ұсынып үлгерді. Адам көп бола қалып, кезек күткіңіз келмесе, айына 20 доллар төлеп, жазылып алсаңыз болады. Bing-нұсқасындағы чат тегін, тек ол жабық чат болғандықтан, тіркелу үшін арнайы өтініш жіберу керек. Бірнеше күнде рұқсат беріледі, содан кейін еркін қолдана беруге болады, — дейді Данияр Мұқанов. 

Бұл чаттың пайда болғаны IT әлеміне қалай әсер етеді?

Эксперт ChatGPT іздеу желілерінің жұмысын жақсартады дейді. Оның сөзіне қарағанда, осы жаңалықтың арқасында Google де дамудың жаңа кезеңіне қадам басуы мүмкін.

Негізі ChatGPT тек IT емес, бірнеше сала үшін жаңалық болғалы тұр. Microsoft бұл технологияны өзі алып, толықтырып, аса батыл әрі ұтымды қадам жасады. Мұны IT саласындағы үлкен төңкеріс деуге болады. Себебі қазір бәріміз іздеу құралы ретінде тек Google желісін қолданамыз. Ол іздегенімізді дереу тауып береді. Бірақ бір кемшін тұсы сол, 20 жыл бұрын қалай жұмыс істесе, қазір дәл солай жұмыс істейді. Бұл — тоқырау. 

Данияр Мұқанов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазір “Тісім ауырса, не істеймін?” деп сұрасаңыз, Google шығарып берген алғашқы бес бет қоқыс ақпарат болады. Өйткені сайт авторлары SEO–тақырыпша негізінде іздеп жатқан нәрсеге келсе де, келмесе де іздеу жолағының бірнеше бетіне шығаратын етіп баптаулар енгізеді. Мұны жылдар бұрын көбі білмегенімен, кейін келе көп қолданылатын болып кетті. Ал бұның кесірін көретін — қарапайым желі қолданушылары. 

Ал Bing қазір осы іздеу барысын жеңілдете түсті. Ол бірден желідегі деректерді және экранның бір бұрышынан GPT жауабын шығарып береді. Екіншісінің жауабы, әрине, ықшам әрі нақты. Астында бірден дереккөзі де жазылып тұрады. Чаттың қандай дереккөзге сүйеніп жауап бергеніне қарап-ақ, сеніп-сенбейтініңізді шешесіз. 

Бұрын бір жаққа барғыңыз келсе, саяхатқа шыққыңыз келсе, кемі 10 сайтқа кіруіңіз керек еді. Елдің пікірін, қонақүй бағасын, арзан дәмханаларды, тағы басқасын бөлек-бөлек іздеу керек еді. Ал қазір мұның бәрін санаулы секунд ішінде GPT чаты орындап, бірден дайын тізімді ұсынады. 

Тағы не істей алады?

Ресейде бір студент ChatGPT-ге 23 сағат ішінде диплом жұмысын жаздырып алды. Негізі мұндай жұмысты чат бұдан да жылдам істей алады. Бастысы, жұмыс механикасын түсініп алу керек. Ол бірден 80 беттік зерттеу жұмысын жазып бере салмайды. Бірінші тақырыпты жазасыз, ол оны тармақтарға бөліп, мазмұнын шығарып береді. Кейін сол мазмұны бойынша әр бөлімге бөлек дерек жинап беруді сұрайсыз. Солайша, 80 бетті жинап шығасыз. 

Эксперт кейде кейбір сөз қайталанып кетуі мүмкін дейді. Оның айтуынша, мұндай кезде қолдан түзетіп жіберу керек. Сонда плагиат тексерісінен де өтіп кетуге болады.

Бұған қоса чаттың код жазу бейімділігі де жақсы дамыған. Бірақ Данияр Мұқанов кодтың дұрыстығы — 99% дейді. Ал IT-мамандар үшін бұл — үлкен қауіп. 

Өзің код жаза алмасаң, сол 1% қатені байқамай қалуың мүмкін. Сондықтан мұны қолданатын IT-қызметкерлердің мықты маман болғаны маңызды. ChatGPT біз үшін тек қара жұмысты істетіп алатын, уақыт үнемдейтін құрал деуге болады. Артынан жылдам тексеріп өту керек. 

Дегенмен ChatGPT кодты да өте жылдам жазатынын байқадық. Эксперт одан Фаренгейтті Цельсий шамасына аударатын код жазып беруді сұрады. Жауап 4 секунд ішінде келді.

Жетілдірілген ChatGPT скрині

Қандай зиян келуі мүмкін?

Эксперт чаттың дәл осы код жазу функциясы IT бағытында оқитын студенттерге кері әсер етуі мүмкін дейді. Ол бұл студенттерді еріншек етіп, білігін де төмендетіп жібере ме деп алаңдайды.

Басқа салаларды білмедім, бірақ IT–бағытндағы студенттер үшін код қалай жазылатынын түсініп алған маңызды. Үй тапсырмасына код жазып келуді берсе, студент ChatGPT–дан сұрай салуы мүмкін. Өзі түсінбейді, миында сақталмайды. Меніңше, бұл білім саласы үшін проблема болады. Бірақ GPT чатынан көбіне бұрыннан көшіретіндер көмек алатын шығар. 

ChatGPT жұмыссыздық тудыруы мүмкін бе?

Данияр Мұқанов ChatGPT пайда болғалы жұмыссыз қалғандар баршылық дейді. Дәл осы сұрақты ChatGPT-дің өзіне қойдық.

ChatGPT жетілдірілген нұсқасы
ChatGPT жетілдірілген нұсқасы

Данияр Мұқанов оның жауабын оқып, жақында чатбот эксперттерді де алмастырады дейді. Бұған қоса эксперт чатбот бірден копирайтерлерді ығыстыратынын айтады.

Әсіресе ағылшын тілінде жазатын копирайтерлер енді басқа жұмыс іздей берсе болады. ChatGPT жетілген сайын жұмыссыздар тізімі толыға түсуі мүмкін. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Данияр Мұқанов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ағылшын тілінде жазатын копирайтерлер дәурені өтті деуге болады. Жалпы копирайтинг мамандығы керексіз боп қалуы мүмкін. Бұған қоса заңгерлер жұмысы жеңілдей түседі немесе олардың табысы төмендеуі мүмкін. Себебі кейбір келісімшарт формаларын да осы GPT чаты жазып бере алады. Ал қауіп төніп тұрған негізгі мамандықтар — бухгалтерлер мен қаржыгерлер. Олардың жұмысы автоматтандыруға өте бейім. Сол себепті жақын болашақта осы мамандар да жұмыссыз қалуы мүмкін. Пропорционал болмаса да, data scientist, machine learning мамандарына сұраныс арта түседі. 

Тура сол сияқты 2018 жылы Volvo жасанды интеллект арқылы өздігінен жүретін жүк көліктерін шығарды. Тек қиын бұрылыстарда арнайы мамандар қашықтан түрлі әрекет жасап, көліктің бұрылуына көмектесетін. Бірақ бұл адам аяғы баспайтын жерлерде асхана ашып, тамақ сатып отыратын көп адамның жұмыссыз қалуына себеп болды. 

Бұл өмірдің заңдылығы шығар. Оған қоса ChatGPT әсерінен бағдарлама әзірлейтіндерге қойылатын талап күшейді. Мысалы, бұл мамандар біліктілігіне қарай senior, middle, junior деп бөлінеді. Junior – енді университет бітірген жастар. Ал ChatGPT сол junior маман деңгейінде код жаза алады, оның үстіне оны тегін әрі тез істейді. Сондықтан оларға енді жұмыс табу қиындай түседі. 

Енді junior мамандар көп оқуы керек. Университеттен бөлек қосымша курсқа қатысып, білігін о бастан арттыруға тура келеді. Бірақ қатты қорқудың пайдасы жоқ. Бір мамандық кетіп, орнына жаңасы келіп жатыр ғой. Тек бәріміз осыған үйреніп, бейімделуді дамыту керек. 

Авторлық құқық мәселесі қалай болады?

Данияр Мұқанов жасанды интеллектер әлемдегі авторлық құқық мәселесін ушықтырып жібереді деген тұжырым айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазір біреу авторлық құқығын қорғап, шағымдана қойған күннің өзінде дұрыс үкім шығарар маман табу екіталай. 

Жасанды интеллект жұмысына қатысты авторлық құқықты қорғау әзірге қиын болып тұр. Өйткені жасанды интеллект авторлық құқықты бұзса, кімді жауапқа тартатынымыз белгісіз. Оның үстіне қазір сот жүйесі де әлсіздеу. Ондағы көп маман жасанды интеллект тұрмақ, сайттың қалай жұмыс істейтінін білмеуі мүмкін. Оны Facebook қолданушыларының жеке дерегі жарияланып кеткенде Марк Цукербергтен сенаторлар “Facebook қалай жұмыс істейді?”, “Қалай ақша табады?” деп сұрағанынан-ақ түсінуге болады. Сондықтан соттың дұрыс шешім шығаруы да қиындау. 

Эксперт әлемдегі заң жүйесі IT саласындағы жаңалықтарға ілесіп үлгере алмай жатқанын айтады. Сол себепті авторлық құқық мәселесі алдағы бірнеше жыл даулы әрі талқыға толы тақырып болуы мүмкін.

Сұхбат аяқталған соң, экспертке қойылған сұрақтың  бәрін ChatGPT–ге де қойып көрдік. Данияр Мұқанов жауаптарды бір оқып шығып, чаттың аз уақыт ішінде эксперттерді алмастыратын дәрежеге жеткені — авторлар жетістігі дейді.