Журналист Руслан Ербота: Шетелде баспасөз картасын «есік ашқыш» деп атайды

— Біраз жыл журналистикада жүрсіз, пікір білдіретін жөніңіз бар. Оның үстіне өткенде Facebook-парақшаңызда осы заң жобасы туралы пост жаздыңыз. Масс-медиа туралы заң жобасын оқыдыңыз ба? Ойыңыз қандай?

— Пост жазғаным рас. Оны кім қалай қабылдайды — әркімнің өз еркі. Өз ойымды айттым. Заң жобасын бір қарап шықтым, бірақ жұмыс тобында болған емеспін. Ал кей әріптесімнің, журналистикаға қатысты қоғамдық ұйымдардың сынап жатқанынан өртеніп кеткен дүние көргем жоқ. Бұл — заңды нәрсе. Оның үстіне менің түсінігімде, кез келген заң жобасы осылай ашық талқылануы керек. Министрлік пен журналистикаға қатысы бар қоғамдық ұйымдардың ашық талқылау жүргізгенін құптаймын.

— Сонда өзіңіз қай жақтасыз?

— Ортасындамын.

— Ойыңызды ашық айтсаңыз.

— Негізі заң жобасында журналистика саласында бұрыннан айтыла-айтыла жауыр болған, шешімі табылмай келген проблемалар бар. Министрліктің кеш те болса, бір шешімге келіп, 1990-жылдардың соңында, интернет, әлеуметтік желі деген түсінік жоқ кезде қабылданған заңды түбегейлі өзгертуге кіріскенін құптауға болады. Бірақ менің идеал ойымда бізде азаматтық қоғам дамыған болса, сайлау, сот жүйелері ашық та әділ болса, Англия, Франция, АҚШ сияқты шынайы демократиялы мемлекет болса, онда БАҚ туралы арнайы заңның да қажеті шамалы еді. Бірақ ондай демократияға біздің жағдайымызда бір күнде, бір жылда жету мүмкін емес екенін мойындауымыз да керек. Түбінде керек емес десем де, белгілі бір кезеңде БАҚ заңы керек.

— Жалпы мәселеден жалқы мәселеге ауыссақ, Масс-медиа туралы заң жобасының 1-тарауы, 3-бабы, 3-тармағында мемлекеттік сатып алу туралы шарт енді қолданылмайтыны жазылған. Оның орнына грант, субсидия сияқты формалар ұсынылады. Олардың мемлекеттік сатып алудан не айырмасы бар? Түптеп келгенде атауы ғана басқа, заты бір боп шықпай ма?

— Біздегі бұқаралық ақпарат құралдары қаржыны қайдан тауып отыр дегенге келейік. Бізде кім қалай айтса да, аттап өтіп кете алмайтын бір шындық бар. Ол — қазақ ақпарат кеңістігінің тар екені. Қазақтың саны ойдағыны, қырдағына қосқанда ары кетсе — 20 миллион. Оның 30%-і мемлекеттік тілді білмейді. Қазақ тілін білетіндердің 30%-і — бала немесе жасөспірім, олар БАҚ-ты қарамайды. Одан қалған 40%-ін ақпаратты күнделікті тұтынушы дей алмаймыз. Қазақша ақпарат тарататын БАҚ өз контентін, мақаласын, видео өнімін сататын аудиториясының ауқымы тар. Азық-түлікке тапқанын әрең жеткізіп отырған жұрт қоғамдық телеарнаға немесе тәуелсіз басылымға жаппай ақша шығарғысы келмейді.

Саясат тақырыбын айтпағанда,  «Домбыра» телеарнасын ашқандар жыл сайын эфир уақытын төлейтін ақша таппай, жұртқа алақан жайып шаршап жүр. Ал әр қазақ «Нағыз қазақ — домбыра» деп мақтанғанда алдына жан салмайды.

Жазған мақалаңды, түсірген видеоңды тауар ретінде сату және сол қаржыға редакцияның жұмысын одан әрі дамыту мүмкін емес. Ақпаратты орысша тарататын 170 миллиондай аудиториясы бар «Дождь» телеканалы да ақылы контентін әрең өткізіп келді.

Екіншіден, біздің жағдайда қандай да бір ақпарат құралын ашып, оның жұмысын жүргізуге, тілшінің айлығын төлеуге құрылтайшы керек. Қазақша ақпарат тарататын БАҚ-қа құрылтайшы боп, бар шығынын өтейтін кәсіпкерлер жоқтың қасы.

Сол себепті қазақша контентті дамытудың, бар шығынын өтеудің бір жолы — мемлекеттік тапсырыс. Бізде БАҚ қана емес, барлық бизнес, су жеткізу, жол салу, қызылша, жүгері егу, мал бордақылау және тағы басқа кәсіп түрлері мемлекеттік тапсырысқа қарап отырғаны шындық. Мемлекеттік тапсырыс әлбетте бір шенеуніктің қалтасынан шығып жатқан ақша емес. Ол — халықтың салығынан жиналған қаржы. Бірақ осы мемлекеттік тапсырыс кейінгі 30 жылда жемқорлықтың ордасына айналды. Мұны президенттен бастап, бесіктегі балаға дейін айтып жүр. Ашықтық жоқ.

БАҚ саласына келсек, ақпарат құралдарына берілетін мемлекеттік тапсырыстың тиімділігі нөл екенін ашық айтқан үлкен шенеунік, мемлекеттік хатшы Марат Тәжин еді. Бұл — 2013 жылы болған оқиға. Бірақ көп ұзамай ол Ресейге елші болып кетті де, мемлекеттік тапсырысқа қатысты реформасы аяқсыз қалды.

Осы мемлекеттік тапсырыстың берілуінде, тапсырыстың сапалы орындалуында ашықтық жоқ екенін бәрі айтып жүр. Елдегі саяси режимге байланысты мемлекеттік тапсырыс бұқаралық ақпарат құралдарына цензура орнатқаны да баршаға белгілі.

Енді мәселені қалай шешу керек? БАҚ-қа күн көру үшін, тілшілерге айлық, авторларға қаламақы төлеу үшін қаржы беріп қолдайтын бизнесмен керек, не мемлекеттік тапсырыс қажет. Ондай бизнесмен көп болса, қанекей?! Ал олардың қатары көбейгенше, мемтапсырыстың бағыты мен берілу формасы реттелуі шарт. Сонымен қатар мемтапсырыстағы баға нарықтағы бағаға сәйкес келуге тиіс.

Министрлік ұсынған грант осы жолдарға жасалған дұрыс қадам деп білем. Сосын грант аясында жасалған дүниеге авторлық құқық беріледі. Бұл да жақсы. Қазіргі кезде журналист жасаған дүниесіне авторлық құқығын даулауы қиын. Сондықтан ашық жүргізілмейтін мемлекеттік тапсырыстың грантқа ауысуын қолдаймын. Бірақ ол әділ бөлінуі қажет.

— Ал субсидия жайында не айтасыз?

— Меніңше, субсидия газет пен телеарнаға қатысты. Журналистикада жүрген 20 жылымның тең жартысы газетте өтті. Біз қалыптасқан саяси режимде газетті қолдан өлтіріп алдық. Әрине, «смартфон бар кезде газет не керек?» дейтіндер бар. Бұл енді бітпейтін дау. Газетте қазір үш мәселе бар. Біріншісі — оқырман көңілінен шығатын газет шығару, яғни мазмұнды ету. Екіншісі — оны тарату, жаздырту. Үшіншісі — баспа шығыны. Үшеуі де — күрделі мәселе. Елдегі саяси жағдай сөз бостандығына есігін ашса, мазмұны өздігінен реттеледі. Ал уақытында тарату жағы «Қазпошта» деген монополистің қолында. Бұл мекеменің басшылығы ауысты, енді газетті дер кезінде тарату жұмысы да алға басатын шығар. Жуырда ақпарат және қоғамдық даму министрі осы мекеме басшысымен кездесіп, уағдаласып жатқанын көрдік. Министрлік өкілдері «субсидия арқылы баспа шығыны мен жоғары оқу орындарына, кітапханаларға жаздыртуды қолға аламыз, студенттерге тегін таратылады» деп отыр. Бастама дұрыс сияқты. Бірақ жүзеге асу тетігі қандай боларын уақыт көрсетер.

— Баспа шығыны мен жазылуға субсидия берілді делік, ол қай газеттерге бұйырады?

— Бұл — басты сұрақ. Министр Дархан Қыдырәлі «министрлік үшін БАҚ-тың бәрі бірдей, мемлекеттік, жекеменшік» деп бөлмейтінін айтты. «Егемен Қазақстанға», «Қазақ әдебиетіне» берілетін  субсидия «Дат» газетіне де тисе, онда тамаша болар еді. Қанша дегенмен 5-10 мыңдай тираж — кез келген газетке керемет тарту.

— Ал телеарнаға субсидия не үшін қажет?

— Бұл жерде әңгіме медиа өлшемге қатысты деп түсіндім. Бұрын газетте жүргенімде телеарнада сапасыз түсірілген дүниелерге қарным ашатын. Кейін «Алматы»,  «31 канал» телеарналарында жұмыс істеп көрген соң ішкі мәселесін түсіндім. Мысалы, телеарнада шығып жатқан танымдық дүниелерге қараңызшы, әйтеуір бірдеңесі кем боп тұрады. Өйткені идеясы бар, көзі жанып тұрған журналистер ары кетсе 3 миллион теңгеге артар жүгі ауыр деректі фильмдер түсіріп жүр.

Жаңалық қызметінде күндіз-түні ойда-қырда шапқылап жүрген тілшілердің де айлығы мәз емес.

Көрерменнің көңілінен шықса да, көбіне қазақша бағдарлама көпке бармай жабылып қалады. Неге? Себебі қазақша өнімнің жарнамасы жоқ. Ал жарнама не себепті жоқ? Ол қалай келеді? Қайдан келеді? Мысалы, Қазақстан нарығында шетелдің ірі-ірі жеке компаниялары өнімін саудалап жүр. Олар сол өнімін жарнамалау үшін телеарнаға жарнама беретін кезде әр телеарнаны аралап жүрмейді. Ортадағы жарнама компаниясына хабарласады. Ал бізде халықаралық сертификаты бар медиаға өлшем жасайтын компания жалғыз. Оның өз тәртібі бар. Өлшем жасайтын құралдарын 100 мыңнан астам тұрғыны бар елдімекендерге ғана орналастырады. Ал қазағы көп Жаңаөзен сияқты қала тұрғындарының саны 100 мыңға жетпейді. Жаңаөзен тұрғындары көретін хабарға жарнама бармайды.

Басқа мысал айтайын, меніңше, аймақтық телеарналар ішінде Жетісу облысындағы «Жетісу» каналы мықты. Сол Жетісу каналына да жаңағы медиа өлшемнің кесірінен дұрыс жарнама бармайды. Өйткені бұл аймақта 100 мыңнан астам тұрғыны бар елдімекен жоқ. Тағы бір мысал, Алматының сыртында 1,5 миллион адам бар. Бірақ осы 1,5 миллион қазақты тұрып жатқан елдімекеніне шаққанда, 100 мың тұрғыны бар елдімекен шықпайды.

Ал медиаға өлшем жасайтын компания «50 мыңдай тұрғыны бар елдімекендерге өлшем қондырғысын қоюға қаржымыз жоқ» деп кері тартып келеді. Министрлік осы қондырғыны қоюға субсидия бергісі кеп отырғандай. Осы проблема шешілсе, онда қазақша бағдарламаға, қазақша хабарға жарнама келер еді. Сөйтіп бұл қазақ тілді журналистиканың әлеуетін көтереді.

— Өткенде журналист пен блогердің ара-жігін ажырату керек дедіңіз. Сол ойыңызды тарқатып айтсаңыз.

— Жасыратыны жоқ, саяси цензурадан, мемлекеттік тапсырыстың дұрыс жүзеге аспауынан біздегі журналистиканың өңешіне қорғасын құйылып, даусы өшкен. Осының кесірінен және әлеуметтік желінің дамуынан блогердің айы оңынан туды. Дамыған елдерде де дәстүрлі БАҚ-тан гөрі әлеуметтік желідегі сөзге сенім көп. Дегенмен бұл уақытша құбылыс деп білемін. Өйткені хайптан да қоғам шаршайды. Журналист пен блогер екеуі де қандай да бір ақпарат таратушы болғанымен, біріншісінде жауапкершілік көп. Екіншісінде ол мүлдем жоқ. Қандай да бір ақпаратты таратқанда кәсібилік керек. Ақпараттың бұрыс-дұрыстығын тексеру, тарататын ақпараттың кісінің жеке басын қорламау, жеке басына қауіп төндірмеу, тараптардың теңдей пікірі дегендей қарапайым талаптардың орындалғаны шарт. Журналистің мойнында осындай жауапкершілік бар. Ал блогерде жоқ. Екінші мәселе — бізде блогер көп. Әрқайсы жарнама таратып жанын бағып жүр. Олар журналистер сияқты салық та төлемейді. Осы проблема реттелмесе, барлық журналист кәсіби жұмысын тастап, ертең бәрі блогер боп кетеді. Қаржы жағынан осы жол тиімді.

— Оны қалай реттеу керек?

Қайбір күні ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты БАҚ-қа қатысты мемлекеттік саясат департаментінің директоры Жасұлан Өмірәлиев Алматыда журналистермен жүздесті. Сонда осы мәселені сұрадым. Оның айтуынша, енді блогер деген түсінік болмайды. Заң жобасында әлеуметтік желі қолданушысы «инфлюенсер» деп белгіленеді. Мәселен, менің YouTube-каналым,  сіздің Telegram-каналыңыз, әріптесіңіздің Instagram-парақшасы бар делік. Әркім өз парақшасын өзі қалаған бағытта инфлюенсер ретінде жүргізе береді. Жарнама шығарса, оның жарнама екенін көрсетуге, тиісінше салығын төлеуге тиіс.

— Сонда блогерді инфлюенсер деп атын ауыстырғанда не  өзгерді?

— Блогер мен инфлюенсер деген түсінік қолданыстағы заңда жоқ. Бірақ кейінгі кездері блогерлер түрлі жиынға қатысып, мемлекеттік органдарға журналист ретінде сауал жіберіп жүр. Алайда блогер деген журналист сияқты күнделікті ақпарат ағымында жүрген жан емес. Қалаған кезде белсенді болады, қаламаса, демалып жатады. Енді министрліктің ойы жүзеге асса, олар өз бағытын таңдауы керек. Не БАҚ ретінде тіркеліп, журналистей қызмет етуі шарт, не өз парақшасын өзі қалаған бағытта жүргізуі керек. Айырмашылығы сол, инфлюенсер мемлекеттік орындарға жіберген сауалына жауапты қатардағы азаматтар сияқты 15 күн ішінде алады. Ал журналистерге мемлекеттік орындар заң жобасы бойынша, күрделі сұрақ болса, 5 күнде, өте өзекті болса, 3 сағатта жауап беруге тиіс.

— 5 күн көп емес пе?

— Иә, ақпарат қазанында қайнап жүрген журналист үшін бұл мерзім көп көрінеді. Оның үстіне көп жағдайда мемлекеттік қызметкерлерден жалпылама жауап келіп шаршатады. Журналистің жұмысы дұрыс жүруі үшін мемлекеттік орындардағы баспасөз орталығы мен хатшылығының да жұмысын күшейту қажет. Өйткені, мысалы, облыс әкімдігінің баспасөз орталығында ары кетсе төрт-ақ маман жұмыс істейді. Ал әкімдікке қарайтын басқарма саны — 20. Осы 20-ның екі-үшеуінде ғана бөлек баспасөз хатшысы бар. Әлгі төрт маман 17 басқарманың ортасында шапқылап жүріп жатыр. Сондықтан баспасөз қызметінде азды-көпті істеген адам ретінде айтарым, тілшілердің кейбір сұрағына жауап беру үшін үш-төрт басқармадан анықтама алуға тура келеді. Осындай екі жақтағы жағдайды ескергенде, күрделі сұраққа жауап қату мерзімі 5 күн деген көңілге қонымды.

Сосын өз басым елдегі саяси өзгерістерге, көп проблемаға писсимист тұрғыдан қараймын. Дегенмен Қаңтар оқиғасынан кейін елдегі саяси жүйе бәрібір өзгереді. Алдағы жылдары жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі өзгереді. Аудан әкімдері тікелей сайланады. Облыс әкімдері мәслихат депутаттарына бағынышты болады.  Орталықтағы мемлекет аппаратының жұмысы өзгереді. Бұрынғыдай барлық проблеманы бір адамға сырттай ысырып қойып, бір адам ғана жақсы атты болу жүйесі келмеске кетеді. Барлық жерде әр шенеунік өз ісіне көпшілік алдында жауапты болады. Сондай күн келсе, әкімдер де, министрлер де,  олардың баспасөз хатшысы да журналистердің сұрағына қуып жүріп жауап беретін болады. «5 күн» деп санап отырмайды. Өйткені тез жауап беру өздерінің жұмысы үшін қажет болады.

— Тым оптимист болып кеткен жоқсыз ба?

— Айтсам сенбейсіз. 2000-жылдардың басында парламентте тілші болғанымда біз Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Серікболсын Әбділдин сияқты депутаттардан қашып жүретінбіз. Өйткені ол кісілер бізді ұстап алса, «Сөзімді неге толық бермегенсің?», «Қашан мен көтерген проблеманы шығарасың?» деп ұрысатын. Сосын парламент отырысына келген әкімдер мен министрлердің өзі журналистерге келіп амандасып, шайға шақырып, бірге темекі шегіп, тақырып талқылайтын.  Кейінгі 10 жылда ғой депутат та, министр де желаяқ болып, журналист көрсе тұра қашатынды шығарғаны.

— Масс медиа туралы заң жобасына қарсы шығып, қол жинап жатқан әріптестеріңіз баспасөз картасына қарсы. Бұл туралы не айтасыз?

— Баспасөз картасына қатысты ойымды Facebook-тағы парақшама қысқа қайырып жазғам. Ойымды толықтыра кетейін. Бірақ әңгімені әріден бастауға тура келеді. Баспасөз картасы журналистің әлеуетін көтеру үшін қажет болса, онда бұл тақырыпты бастаған қазақ журналистері. Әріптестерім маған ренжуі де мүмкін, бірақ сонда да айтайын. Қазақ журналистері бірнеше жылдан бері «журналиске арнайы статус керек» деген тақырыпты хайпқа айналдырып жіберді. Олардың ойы, журналиске үй алатын кезде, баспана кезегіне тұратын уақытта қандай да бір жеңілдік керек. Журналистер үрлеген осы тақырыпты депутаттар да қолдап, шоқтай қыздырып, тілшілердің алдында абырой жинап, үкіметке проблема етіп қойды.

Бірақ, меніңше, журналиске қандай да бір арнаулы әлеуметтік статус беруге болмайды. Өйткені біздің мамандықта нақты стандарт жоқ. Мәселен, дәрігер болу үшін 7 жыл оқиды, арнаулы мекемеде тәжірибеден өтеді, білігін тексертеді, содан кейін барып қана науқасты емдейді. Мұғалім мамандығына қойылатын талап та осындай. Ал журналист мамандығында стандарт жоқ. Біз де екінің бірі — журналист. Сайт ашу проблема емес. Оған әркімді журналист ретінде тіркеу, қызметтік куәлік жасатып беру түкке тұрмайды. Үкімет ертең журналиске арнаулы статус берсе, онда оңай жерден жеке басының жағдайын жасап қалғысы келген алаяқтың бәрі журналист болып шығады.

— Олай болса, қазақ журналистері неге әлеуметтік арнайы статус сұрап жүр?

— Өте жақсы сұрақ. Өйткені қазақша журналистикада қаржы жоқ. Орысша жазатын журналистердің әлеуметтік статус сұрап, алақан жайып жүргенін көрдіңіз бе? Жоқ. Өйткені олардың қалың аудиториясы бар. Қалтасы қалың демеушісі көп. Жарнамасы ағылып, төгіліп келіп тұр. Ал қазақ журналистикасында осының бірі жоқ екенін жоғарыда айттым. Осы жоқтықтан ғой әлеуметтік статус сұрап жүргені.

— Сонда әлгі баспасөз картасы арқылы әлеуметтік көмек беріледі дегенді қолдайсыз ба?

Журналист болғаны үшін оған әлеуметтік көмек берілсін дегенді қолдамаймын. Журналистің тігіншіден, етікшіден еш артықшылығы жоқ. Журналиске әділ бәсеке керек. Әділ бәсеке орнаса, жарнама тартуға қатысты қиындық болмаса, саясатта, экономикада әділдік болса, журналистикаға қатысты проблема өздігінен реттеледі.

— Ал баспасөз картасына қатысты ойыңыз қандай? Бұл журналистерді өзара алалау емес пе?

— Кеше редакцияда отырып осы мәселені талқылап, біраз жерге бардық. Журналист деген кім? Жұрттан қандай журналисті білесіз деп сұрасаң, көбі телеарнадағы дикторлардың атын айтады. Қайбір жылы әріптесімнің өтінішімен, журналистика шеберлігі жайында ақылы курста сабақ өттім. Он шақты адам айына 30 мың теңгеден ақша төлеп, әлгі курсқа жазылған екен. Солар маған бірде-бір журналистің атын айта алмады. Бәрі дикторды «журналист» деп ойлайды. Содан журналистің қара жұмысы қандай екенін түсіндіріп берген едім, ертесі әлгілердің бәрі курстан бас тартып, ақшасын қайтарып алыпты. Әріптесім әлі күнге дейін соған ренжіп жүр.

Редакцияда телеоператор, видеоинженер сияқты басқа да мамандар бар, мысалы. Оларға да баспасөз картасы берілуі керек пе? Онда корректор мен бет қаттаушыны да шет қалдыруға болмайды ғой.

Өзім осы күнге дейін бірде-бір журналистер одағына мүше болған емеспін. Әлгі баспасөз картасын алу үшін қандай да бір одаққа мүше болуға тиіспін бе? Мұндай сұрақ көп.

Екінші жағынан қарасақ, өркениетті елдерде мұндай баспасөз картасы бар. Мысалы, 2019 жылы Ирак пен Сирия соғысында, басқа да қақтығыс аймағында ақпарат таратқысы келген журналистерге Англиядағы Frontline Club қоғамдық ұйымы баспасөз картасын таратты. Таратқанда да бәріне жыртыс жыртқандай үлестіріп бере салмаған. Арнайы дайындықтан өткізген, соған шыдағанына ғана баспасөз картасын берген. Сол карта арқылы журналистер қақтығыс, соғыс аймағына бара алған.

Тағы бір мысал — 1946 жылы құрылған шаңғы тебетін журналистердің SCIJ деген халықаралық ұйымы бар. Шатаспасам, оған 80 елдің журналисі мүше. Оның арасында Қазақстан журналистері де бар. Бұл ұйым жыл сайын журналистер арасында шаңғыдан жарыс ұйымдастырады. Осы жарысқа өтініш тапсырғанда олар баспасөз картасын сұрайды. Шетелдегі әріптестерім мұндай баспасөз картасын «есік ашқыш» деп атайды. Оны өз елдеріндегі қоғамдық ұйымдардан алатындарын, ол карта Еуроодақ елдерінде мойындалатынын, БҰҰ мен Еуропарламент жиынына қатысуға, түрлі мәдени шараға,  музейге кіруге әрдайым есік ашатынын айтады.

— Ал біздің жағдайда басқаша болмай ма? Мәселен, журналистерді алалау, картасы жоқты журналист деп мойындамау ше?

Әріптестерімді толғандырып отырған осы мәселе. Жоғарыда министрлік өкілі Алматыда кездесу өткізді дедім ғой, сол кезде осыны сұрадық. Оның айтуынша, баспасөз картасын алу-алмау әр журналистің өз еркі. «Баспасөз картасын алмаған журналиске немесе фрилансерге аккредитация берілмейді деген сөз жоқ», — деді. «Баспасөз картасын алмаған журналист пен фрилансердің сұрағына мемлекеттік орындар жауап бермейді деген сөз жоқ», — деді. Қайбір сұхбатында «журналистерге баспасөз картасын беру мәселесі қоғамдық ұйымдардың құзыретінде болуы қажет» деп министр де айтты. Министрдің осы ойын қолдаймын.

Шындығында, министрліктің баспасөз картасын таратып беруге шамасы да келмейді. Бұл нағыз бюрократияға айналады. Ал ондай жұмысты атқаратын бізде қоғамдық ұйым бар ма? Бұл да — күрделі сұрақ. Өйткені бізде шынайы дамыған қоғамдық ұйым да жоқ. Тәуелсіз кәсіподақ та жоқ. Бірақ күндердің күнінде ондай қоғамдық ұйымдар дамуы керек қой. Ақыры журналистикаға қатысты сөз қозғаған екенбіз, тағы бір мәселені айта кетейін. Меніңше, мемлекеттік органдар журналистерге қандай да бір марапат беруді тоқтатуы керек. Бұл да қоғамдық ұйымның құзырындағы мәселе болуы шарт.

Бәлкім, министрліктің баспасөз картасын ұсынуы, оған қандай да бір жеңілдік қарастыруы қоғамдық ұйымдардың дамуына септігін тигізер. Оның үстіне кейінгі кезде қазақ журналистерінде бір серпіліс байқалады. Былтыр 20 сайт бас қосып, Qazaq Media Association қауымдастығын құрды. Бұл қоғамдық негізде құрылып жатқан ұйым.

— Заң жобасында «арнайы жағдайларда» деген мәселе бар. Осы арнайы жағдайларға баспасөз картасы барлар ғана кіреді, олардың материалы органдардың мақұлдануынан өтуі керек деген талап та бар.

— Иә. Расын айтуы керек бізде салалық журналистика мүлдем жоқ. Мысалы, әскери журналистика жоқ. Құдай басқа салмасын, қандай да бір әскери қақтығыс болса, ондай жерге қандай журналист баруы керек? Мысалы, мен редактор ретінде тілшілерімді жібермес едім.

— Неге?

— Біріншіден, біреудің өміріне, оның бала-шағасы алдында жауапкершілік алғым келмейді. Екіншіден, соғыс алаңы романтика іздейтін жер емес. Қайбір жылы қорғаныс министрлігі журналистерге Ақтау қаласында терроризмге қатысты бір апталық жабық семинар өткізді.  «Азаттықта» жұмыс істеп жүрген кезім еді, ерінбей бардым. Сол кезде романтизмнен арылдым. Өйткені кез келген террористің бірінші міндеті әрі әрекеті қоғамды дүр сілкіндіру екенін анық түсіндім. Ондай амалға жету үшін ол не істейді? Нысанаға журналисті алады.

Сонымен қатар журналист соғыс алаңында жүріп тұруы үшін ширақ болуы керек. Алғашқы медицина көмегін беруге даяр болуы шарт. Осы тұрғыдан келгенде ондай арнайы жерлерге арнайы дайындықтан өткен, сондай жерге баруға өзі шешім қабылдаған, арнайы баспасөз картасы бар журналистердің барғаны жөн. Қақтығыс алаңы журналист үшін қолшатыр көтеріп, серуендеп жүретін жер емес. Жоғарыда айтқанымдай, Сирия мен Ирак соғысына барғысы келгендерге Ұлыбританиядағы ұйым баспасөз картасын берген.

Десе де екінші проблема бар. «Арнайы жағдайларды» пайдаланып, елдегі митингілерден хабар тарататын басқа журналистердің жұмысын шектеуге болмайды.

Бұл заң жобасы әлі талай талқыланады. Процесс әлі біткен жоқ.