Басты бет / Жаңалықтар /
Назгүл Омарбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Назгүл Омарбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сүт безі қатерлі ісігі: әйел өзін-өзі қалай тексере алады?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кейінгі дерегінше, сүт безінің қатерлі ісігі дүниежүзі бойынша ең жиі кездесетін ісік. Қазақстанның статистика мәліметтері де осындай. Назгүл Омарбаеваның айтуынша, елімізде сүт безі қатерлі ісігінен жыл сайын мыңнан аса әйел көз жұмады.

Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу жолдары 

Денсаулық сақтау министрлігінің онкологтарға берген маңызды екі тапсырмасы бар: қатерлі ісіктің алдын алу және ерте анықтау.

Алдын алудың басты амалы — салауатты өмір салтын ұстану, ішімдік пен темекіден бас тарту, диета ұстау, спортпен шұғылдану. Бұған қоса тәтті мен ұн өнімдерін азырақ жеген жөн. Сүт безі қатерлі ісігі гормонға тәуелді болғандықтан, эстрогеннің (жыныс гормоны — ред.) көбеюіне тікелей әсер етеді. 

Сонымен қатар ісіктің алдын алу үшін әйелдің ерте тұрмыс құрып, көпбалалы болғаны маңызды. Әйел босанған сайын организмі эстрогеннен демалады. Өйткені жүктілік кезінде эстроген деңгейі төмендейді. Ал ДДСҰ баланы кемі 1-2 жасқа дейін емізу керек дейді. Бұл бала үшін де, ана үшін де өте маңызды. Омыраудан сүт шыққан сайын сүт безі түтіктері жаңарып отырады. Осылайша сүт безі қатерлі ісігінің де алдын алуға болады.

e996f23bb3fb21076d2a25243e197366 Сүт безі қатерлі ісігі: әйел өзін-өзі қалай тексере алады?
Назгүл Омарбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сүт безі — өте эмоционал орган. Әйел адамның көңіл-күйі түссе де, жеген тамағы ұнамаса да, ұйқысы дұрыс болмаса да ауырады. Бірақ ең басты себеп — стресс. Сондықтан күйзелістен аулақ болған жөн. 

Тағы бір маңызды себеп — сүт безіне зақым келуі. Автобуста, қоғамдық орында, тұрмыста кеуде  тұсын ұрып алу да ісікке ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда ауыртпалықты сезсеңіз, көп созбай маманға барыңыз. Бәрінен бұрын денсаулықты күтіп, абай болуға тырысыңыз.

Сүт безіне жиі шалдығатын әйелдер 

Қатерлі ісікке шалдығатын әйелдер арасында күйеуге шықпаған, жүкті болмаған немесе ЭКҰ (экстракорпоральді ұрықтандыру) жасаған әйелдер көп. ЭКҰ кезінде организмнің гормонал салмағы артып, әйелдер сүт безі қатерлі ісігіне шалдығып жатады. Сол себепті ЭКҰ арқылы босанамын деген әйелдер міндетті түрде маммологтың жіті бақылауынан өтуі керек. 

Бірақ сүт безі қатерлі ісігі қаупі бар деп, ЭКҰ жасатуға тыйым сала алмаймыз. Біз тек науқасқа қауіп бар екенін ескертеміз. ЭКҰ жасататындардың көбі – жасы 40-тан асқан, көптен бала сүйе алмай жүрген әйелдер. Сондықтан олар көп жағдайда қатерлі ісік қаупіне көз жұма қарайды. 

Сүт безі қатерлі ісігіне шалдығу ықтималдылығы жоғары келесі топ — менопаузаға ерте жеткен әйелдер. Климакс кезінде әйел бір ысып, бір суып, қатты қиналуы мүмкін. Осындайда гинекологтар жағдайды жеңілдету үшін оларға гормон алмастырушы ем жазып береді. Ондай дәрі ішетін әйелдер де маммологқа қаралып тұрғаны абзал. Қандай да бір ісік белгілері пайда болса, дер кезінде алдын алу керек. 

Қаралуды бастайтын жас

20 жастан асқан қыз-келіншектер міндетті түрде жылына бір рет маммологқа қаралып тұруы керек. Еліміздің кез келген емханасында маммологтар тегін қабылдайды. Шағымыңыз болмаса да, жылына бір рет бір күн арнап, сүт безін ультрадыбыстық зерттеуден өткізу керек. Ал 40 жастан асқан әйелдерге міндетті түрде екі жылда бір рет маммографиялық скрининг жасалады. Скрининг — сау халықты тексергеннен кейін симптомыз ісікті анықтау үшін енгізілген шара. 

46211d4524c3388715afae744239d879 Сүт безі қатерлі ісігі: әйел өзін-өзі қалай тексере алады?
Назгүл Омарбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстанда 2008 жылдан бастап 40-70 жас аралығындағы әйелдерге 2 жыл сайын емхана рентгенологы мен онкология мамандары тексерісінен өту міндеттелді. Күдік тудыратын жағдайлар болса, жоғары институт мамандарына жолдама беріледі. Кейін арнайы ем тағайындалады. 

Өзін-өзі тексеру — аурудың алдын алудың маңызды бөлімі

Қыз-келіншектер айына бір рет етеккір циклінің 5-10 күн аралығындағы бір күнді таңдап, өзін-өзі бақылауы керек. Оның екі әдісі бар. 

Бірінші әдіс. Айнаның алдына тұрып, қолыңызды жоғары көтеріңіз, сосын жанға созыңыз. Екі жақ кеуде қаншалық симметриялы қозғалатынына мән беріңіз. Сүт безінде ісік болса, кеуде бір қалыпта қатып қалады. Екі қолды тең көтергенде бір кеуде көтеріліп, екіншісі қозғалмаса, күдіктенуге болады. 

04b905b07e70c25a08890c68748af67a Сүт безі қатерлі ісігі: әйел өзін-өзі қалай тексере алады?
Назгүл Омарбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кеуде симметриялы болып көтерілуі керек. Ал сүт безі аймағындағы тері ісінбеген, қабынбаған, қызармаған болуы керек.

Айнаға бір қырынан, содан кейін тік қарап қарап тұрып тағы қайталау керек. 

4dbe18e7c0ce25b3f7d426313e1d8869 Сүт безі қатерлі ісігі: әйел өзін-өзі қалай тексере алады?
Назгүл Омарбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Екінші әдіс. Орныңыздан тұрып, үш саусақпен кейде тұсын басып көріңіз. Бірінші сырт жағынан бастап, сағат тілімен сүт безін айналдырып ұстап шығу керек. Екі жағын бірдей, оң жақ қолмен, сол жақ қолмен айналдырып шығыңыз. Кейін бас бармақ пен сұқ саусақты біріктіріп, әр емшекті қысып көру керек. Осы кезде бірнеше түрлі сұйық ағуы мүмкін. Емізілген сүттен қалған ақ қалдық ақса, қауіпті емес. Ал қоңыр сұйық немесе қан ағып жатса, дәрігерге жүгіру керек. 

aee074e586fc75bd6fbe062c2178f0bf Сүт безі қатерлі ісігі: әйел өзін-өзі қалай тексере алады?
Назгүл Омарбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осы әдістің бәрін жатып та жасап көру керек. Бұл, әсіресе омырауы үлкен әйелдер үшін тиімді. Жатқан кезде мұндай әйелдердің кеудесінде без бар-жоғы анығырақ білінеді. 

Омырау тұсындағы ұсақ бөртпе мен түк қаншалық қауіпті? 

Омырау маңайындағы ұсақ бөртпелердің зияны жоқ. Омырау айналасында түк қабаты болады. Ол аймақ етеккір цикліне байланысты көтеріліп, басылуы мүмкін. Кейбір әйелдің табиғи ерекшелегіне байланысты сүт безі аймағы түкті келеді. Бірақ уақыт өте пайда болған түкке үнемі мән берген дұрыс. Себебі тестостерон (жыныс гормоны — ред.) мөлшері артса, түк көбейеді деген де дерек бар. Ал бұл, әрине, ісікке себеп болуы мүмкін. Мұндайды байқасаңыз, эндокринологқа бір көрініп қойыңыз.

Қолтықтың тершеңдігі сүт безі ісігін тудыра ма?

Қолтық тұсының тершеңдігі – адамның табиғи ерекшелігі. Бірақ қолтықтың шаншып ауруы лимфатүйіндердің қабынуынан болады. Демек сол аймаққа инфекция түскен болуы мүмкін. Сол үшін қолтық маңайы мен қолтықтың өзін басып көруіміз керек. Сүт безі мен қолтық арасында без болады. Басып көргенде қолға тері астындағы түйіндер білінеді, олар қауіпті емес. Ал бұршақ тәрізді без барын байқасаңыз, бұл, өкінішке қарай, онкология белгісі. 

906e0e871e45ec1279d56196cfc1d66a Сүт безі қатерлі ісігі: әйел өзін-өзі қалай тексере алады?
Назгүл Омарбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Омырау үлкен болса, ісікке шалдығу ықтималдылығы жоғары ма?

Омырау көлемі, оның төмен не жоғары орналасқаны сүт безі қатерлі ісігіне әсер етпейді. Тек сүт безі өлшемі үлкен болған сайын ісікті табу қиындай түседі. Мамандар кеудесі  төртінші өлшемнен жоғары әйелдерді тексергенде аздап қиналып жатады. 

Ішкиім сапасы қаншалық маңызды?

Ішкиімнің сапалы әрі ыңғайлы болуы өте маңызды. Рас, кейде пуш-ап немесе кеудені астынан көтеріп тұратын қатты сүйекшесі бар ішкиім кигіміз келеді. Бірақ мұны тек айына бір-екі рет той-томалаққа барғанда кисе жеткілікті. Мұндайды күнде кию денсаулыққа қауіпті. Қатты қысатын ішкиім әсерінен сүт безі аймағына қан бармай, жүйке түтіктері қысылады. Кейін сүт безі тұсы қабынып, бұл ісікке алып келеді. 

Сондықтан табиғи маталардан тігілген, ауа өткізетін, денені қатты қыспайтын ішкиім таңдай білу маңызды. Бұған қоса жылына кемі екі рет жаңа ішкиім сатып алған жөн.

a53db60973e76688e956cb724fde672f Сүт безі қатерлі ісігі: әйел өзін-өзі қалай тексере алады?
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Міндетті түрде ішкиімнің ішіне қарайлап тұрған жөн. Кейде емшекте сұйық аққанын байқамай қалуымыз мүмкін. Ондай сұйық та — дәрігерге баруға себеп. 

Негізі қатерлі ісіктің алдын алудың ең маңызды амалы — әйелдің өзін-өзі жақсы көретіні. Өзін жақсы көретін әйел уақтылы дәрігерге де барады, ішкиімнің де сапалысын әрі ыңғайлысын киеді. 

Етеккір циклі алдында сүт безінің ауруы 

Кейбір әйелдің етеккір басталмас бұрын кеуде тұсы сезімтал болып кетуі мүмкін. Кейін омырау үлкейіп, ісіңкіреп кетеді. Бұл — мастопатия белгісі. Мастопатия — гормондар қызметінің бұзылуынан сүт бездерінде әртүрлі түйіннің пайда болуы деген сөз. Мұндай әйелдер жылына бір рет маммологқа қаралып тұруы керек. Бұл, әрине, кей жағдайда қауіпсіз болып жатады. Ал кейде кіші жамбастың қабынуының белгісі болуы да мүмкін. Демек кейде гинеколог көмегі керек. 

Тапсыратын анализдер

Сүт безі сыртқы орган болғандықтан, УДЗ мен маммографияға түскен жеткілікті. 

Сүт безі қатерлі ісігі емделе ме?

Сүт безі қатерлі ісігі емделеді. Бастысы, оны дер кезінде анықтап, ем тағайындау керек. Ішкі түйсігі мықты, жауапкершілігі бар әйелдер “осы бірдеңе дұрыс емес-ау” деп бірден өзі бірінші кезеңде келіп жатады. Бұл, әрине, жоғарыда айтылған кеңестерді тыңдап кеудесін үнемі бақылап отыратындар. Болмаса, скрининг арқылы ісікті аурудың бірінші кезеңінде-ақ анықтауымыз мүмкін. Осындай әйелдер санын жалпы қыз-келіншектердің 80-90%–іне жеткізуіміз керек. Сонда елде сүт безі қатерлі ісігінен өлім болмайды. Бізде, өкінішке қарай, әлі тегін скринингке шақырудың өзі қиын болып тұр. Ел әлі өзін дұғамен, “Құдай сақтасынмен” емдеп жүр.  

Әйелдер көп нәрсені білмейді. Денсаулығында ақау барын сезген күннің өзінде балгер аралап, ісіктің үшінші кезеңіне өтіп кеткенде келіп жатады. Мұндай жағдайда да көмектесе аламыз. Тек ауырып, ем іздеп әлек болғаннан, организмді химиямен улағаннан гөрі ісікті алдын ала анықтап, зиянсыз ем тағайындаған дұрыс.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram