Адамзат алғаш рет астероидтың траекториясын өзгертті

Америкалық DART (Double Asteroid Redirection Test — «Қос астероид орбитасын өзгерту тесті») деген зонд былтыр күзде сағатына 24 мың километр жылдамдықпен жүріп Диморф астероидына соғылған еді. Бұл туралы NASA хабарлады.

Бұл операцияның мақсаты — астероид траекториясын технологиялар арқылы өзгерту. Операция сәтті өтсе, болашақта Жер планетасын астероидтардан қорғайтын  жүйе құруға болады.

Фото: Dart.jhuapl.edu

Соқтығысқан соң қос астероидтың бірі үгітіліп, екіншісі тежеле бастағанын барлау зонды видеоға түсіріп алған. «517 кг DART зондымен соқтығысқаннан кейін Коллизеймен шамалас Диморф қос астероиды траекториясын өзгертіп, операция сәтті аяқталды» делінген зондтың ресми сайтында.

NASA ғалымдары соққының басқа да салдарын зерттеу үшін тағы бір барлау зондын жібереді. Мамандар осы операция жер шарына астероидтардан төнген түрлі қауіптің алдын алуға көмектеседі дейді.

Антарктидада енді қарбыз өседі

Антарктидадағы Ресейдің «Восток» станциясына қарбыз бен қияр өсіретін комплекс жеткізілді. Бұл туралы «Известия» баспасы хабарлады.

Фото: Global Look Press/Maksim Konstantinov

Құрылғыны Санкт-Петербургтағы Агрофизика институты жасап шыққан. Оны Антарктида жағасынан Восток станциясына жеткізуге 50 сағат уақыт кеткен. Жиынтықты орнатқаннан кейін оның ішіне көкөніс пен жидек өсіре бастайды. Ресей мен шетелдің тез пісетін қарбыз сорттарының тұқымы таңдалған.

Құрылғы технологиясы өсімдікке қолайлы қоректік жүйе мен күн сәулесін алмастыратын светодиот жарыққа негізделген. Фитокомплекстің ерекшелігі сол, мұнда өсімдікке топырақ емес, оның орнына тамыр жүйесінің жұмысын реттеп отыратын арнайы материал төсесе жеткілікті. Осы технология арқасында алатын өнім дәмі мен иісі табиғи жолмен өсірілген жеміс-жидектерден кем болмайды.

3 жыл бұрын алғаш рет осы технологиямен «Восток» станциясында 30 келі қызынақ пен тоғыз келі тәтті бұрыш өсірілген. Биыл ғалымдар қарбыз өсіруді жоспарлап отыр.

Қатерлі ісікпен күресетін «арқан»

Қатерлі ісікпен күресетін молекулалық «арқан» ойлап табылды. Молекулалық «арқаны» бар иммун жасушалары қатерлі ісік шалған жасушаларды оңай әрі тез табады. Бұл туралы Әулие Иуда балалар ауруханасының зерттеуші ғалымдары Nature Biotechnology журналында жарық көрген зерттеуде баяндайды.

Молекулалық «арқан» — химерикалық антигендік рецепторларға (CAR) негізделген иммунотерапияның жақсартылған формасы (модификациясы). Олар қатерлі ісік жасушаларын табу үшін қолданылады. Молекулалық «арқан» — белгілі бір антигендермен қосылатын, иммун жүйесін белсенді ететін, домендермен селективті байланысатын, антидене фрагменттерін біріктіретін ақуыз. CAR — иммун жасушаларының беткі қабатына қосылады. Бұл әдіс лейкемия сияқты қатерлі ісікті тауып, емдеуге көмектесті.

Ал ғалымдардың тапқан жаңа «арқан» әдісі CAR молекуласын иммун жасушаларының ішінде «арқандап, байлап қоюға» ұқсайды. Қарапайым CAR-ға қарағанда бұл әдістің ерекшелігі қатерлі ісік ауруын оңай жеңуге мүмкіндік береді. Байланған CAR-лар өкпе, сүйек және ми ісіктері бар зертханадағы жануарлардың аман қалу мүмкүндігін арттырған.

Жаңалықтың бір ерекшелігі мынау: ғалымдар жаңа әдісті ескі әдіс соңына төрт ақ амин қышылын қосу арқылы ашқан. Бұл амин қышқылдарды сигнал жіберуге қатысатын және жасушаның ішкі құрылымының жабысуына көмектесетін Scribble ақуызымен байланыстырады.

Иіс сезетін робошегіртке

Робошегіртке енді иіс сезеді. Израиль ғалымдары биосенсормен жабдықталған робот жасады. Бұл туралы Reuters журналы хабарлады.

Мамандардың айтуынша, олар  биологиялық сенсоры бар шегіртке мұртын жасап шыққан. Оның басты ерекшелігі иіс сезу қабілетінде болып тұр. Бұл қабілеті вирус пен улы газдың таралу аймағын анықтауға көмектеседі.

Фото: REUTERS/Amir Cohen

Мұртының арқасында шегіртке иісті жақсы сезеді, — деді Тель-Авив университетіндегі (Израиль) өнертапқыштар.

Мұны тексеру үшін ғалымдар шегірткені иіске реакция беретін екі электрод арасына қойып қойған. Робот иістің қандай және қайдан шығып жатқанын анықтаған.

Біз иіс сезе алатын және сол иістің қайдан шығып жатқанын таба алатын кішкентай робот жасауды мақсат еттік, — деді өнертабыс авторларының бірі Нета Швил.

Оның әріптесі Бена Моазаның айтуынша, бұндай биогибридті роботтарды аурулардың алдын алып, диагностика жасап, медицинада қолдануға болады. Робошегіртке полиция қызметкерлерінің бомбаларды іздеп табуына көмектесуі мүмкін.

Өзі жүретін көліктерге арналған бағдаршам 

Өзі жүретін көліктерге арналған бағдаршам ойлап табылды. Солтүстік Каролина университеті мамандарының айтуынша, жүргізушілер мен өздігінен жүретін көліктер бір-бірін түсінбегендіктен жолда кептеліс артуы мүмкін. Бұл проблеманы шешу үшін АҚШ-тағы инженерлер бағдаршамға төртінші түс қосуды ұсынып отыр. Ол жолдағы жүргізушілер мен өзі жүретін автокөліктер әрекетін реттеу үшін қажет.

Ғылыми жұмыс IEEE Explore журналында жарық көрді.

Жол қиылысында өзі жүретін көлік саны көбейгенде бағдаршамның төртінші түсі жанады. Ғылыми жұмыс бойынша, төртінші түс жанғанда, адам басқаратын көлік өзі жүретін көлік іс-әрекетін қайталауы керек. Демек, адам сол жүйеге сеніп, қасындағы көлік жүрсе, жүріп, тоқтаса, тоқтауы қажет. Мұның бәрін бағдаршамның төртінші белгісі реттеп отырады.

Ғалымдардың айтуынша, жаңа белгі өзі жүретін көліктерге әсер етпейді. Себебі олар өзара ақпарат алмаса алады. Төртінші белгі тек жүргізушісі бар көліктерге арналған. Инженерлер жаңа бағдаршам арқасында кептеліс кеміп, жанармай шығыны азаяды деп болжап отыр.

Айдын Отарбек