Министрліктің мәліметінше, 10 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш қаласында құтқару-іздестіру жұмысы барысында әйелдің денесі табылды. Алматыдан келген туыстары оны Қазақстан азаматы Жанар Жақсыбекова деп таныды.
Қазақстандық дипломаттар қаза болған отандасымыздың денесін Кахраманмараштан Анталияға және одан әрі Алматыға жеткізуге, сонымен қатар құжаттарды ресімдеуге барынша жәрдем берді. Бүгін мәйіт Талдықорғанға жеткізілді, — делінген хабарламада.
Тасымалдау бойынша барлық шығынды мемлекет өз мойнына алды. Сонымен қатар Pegasus түрік авиакомпаниясы қаза болған ҚР азаматының бірге келген туыстарына 90%-тік жеңілдік береді.
Еске салайық, бұған дейін СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Кахраманмарашта тағы бір қазақстандық іздестіріліп жатқанын хабарлаған еді.
Дүмпуден кейін хабарсыз кеткен Сәбина Мамадиярова Хатай провинциясы Антакья қаласынан аман-есен табылды. Үйінді астында қалған екі қазақстандық қаза болды.