— 2018 жылы «Мұзбалақ» толықметражды мультфильмі жарық көрді. Бүгінде «Алтын адам» туралы тарихи анимацияны дайындап жатырсыздар. Туындының идеясы қандай?
— «Мұзбалақты» шығарар кезде «Алтын адам» туралы мультхикая жасау идеясы келді. Сценаристерге ойымды айттым. Алғашқы сценарий көңілімнен шықпады. Оны сарапшылар кеңесі де мақұлдамады. Кейін сценариді Әннас Бағдат жазды. Сол кісінің жазғанын мен де, сарапшылар кеңесі де ұнаттық. Сценарий дайын болғанда Қазақфильмнен қолдау болды. Бұл 2018 жылдың аяғы еді. Сол кезде экс-президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы шықты. Сонда «Алтын адам» туралы анық айтылды, яғни мақалада қозғалған тақырып біздің ойымызбен жақсы сәйкесті.
2019 жыл басталғанда жоба тоқтап қалды, оның нақты себебін білмедік. Сенатқа хат жаздық, идеямызды ұсындық. Біздің мәселеміз 2020 жылы қаралды да, «Алтын адам» анимация ретінде бекітілді. Дегенмен бірнеше рет қаралып, өзгеріс енгізу қажет болғасын сценариді қайта жаздық. Кейіпкерлердің аты қалғанымен көп нәрсені өзгерттік.
«Алтын адам» — біздің ең құнды жәдігеріміздің бірі. Оны балаларға насихаттау керек. Осы фильм арқылы «Алтын адам кім?» деген сұраққа жауап бергім келеді. Ол сырты жылтыраған, алтын-күміспен қапталған адам емес, оның жаны, іші, рухы алтын. Фильмнің негізгі идеясы — осы. Бірақ «Қазақфильм» басшылығымен фильмдегі локацияларға келген кезде біраз келіспей қалдық. Біз алтын адамды масштабты, рухты, еңсені көтеретін, былай айтқанда ауқатты, салтанатты, қазіргі жастар қызыға қарайтын адам ретінде жасағымыз келді. Дегенмен басшылық «ата-бабамыз тошалада, кепеде тұрған, бізде биік ғимараттар болған емес» деп кейбір локацияны жөн көрмеді.
Жобаға тарихшылар кеңесші болып қатысты. Соңында ортақ мәмілеге келдік. Дегенмен өзіміз ойлағандай фантазияға толы, сән-салтанатты етіп жасай алмадық.
2020 жылы басталған жобамыз 3 жылға созылды. Осы уақытта үш рет тоқтап қалып, жалпы 11 ай ғана жұмыс істеппіз. Фильмнің сапасы уақытпен, бюджетпен өлшенеді. Бюджетін бөліп қойса да, уақыттың маңызы ерекше. Себебі анимацияда әр миллисекунд — өте құнды еңбек.
— Қазір мультфильм қай кезеңде тұр?
— 2022 жылы 5 ай жұмыс істедік. Осынша уақытта картинаның 50 минутын дайындап үлгердік. Оның да піспей тұрған жерін пісіріп, қайта өңдеуге біраз уақыт керек. Фильмнің жалпы ұзақтығы — 70 минут. Материалды жасағанмен сүзгіден өткіземіз. Экраннан көріп, кем-кетігін реттеп шығу және бар. Сол үшін бізге тағы да уақыт керек.
Дегенмен 2022 жыл аяғында жоба тоқтады. Себебі жобаның есебін жауып, тапсыру керек болды. Мемлекеттік жүйе солай болып тұр. Уақытты құр кетірмей кем-кетігін өзіміз жасай береміз. Бірақ ол үшін ақша төленбейді. Биыл жоба қайта ашылуы үшін өтініш жазамыз. Министрлік дұрыс көріп жатса, жобамыз қайта басталып, бюджеттен биылға қаржы бөлінеді. Ол үшін де біз тағы жарты жыл жоғалтып алуымыз мүмкін. Ең ашынатынымыз – осы. Мамандар енді қызу кірісіп, жұмысты істеп жатқанда тоқтап қалады. Сосын олар жан-жаққа тарап, басқа жұмыспен айналысып кетеді. Мұндай сәттер шығармашылық команданың шабытын су сепкендей басады.
— «Алтын адам» фильмде қандай адам?
— Фильмдегі алтын адамның есімі – Аңқыл. Оның Жұпар және Барыс деген достары бар. Оған қоса бірінші және екінші пландағы он шақты кейіпкер қостық. Барлығын жалпы қосқанда 40-қа дейін барады. Фильм сюжетіндегі басты нәрсе — құнды жәдігер алтын сауытты жас буынға насихаттау. Мультфильмді көрген балалардың көкейінде «Алтын сауытты қандай адам киді екен?» деген сұрақ болады. Біз сол сұраққа сюжетпен, оқиғалармен жауап бергіміз келеді.
Алтын сауытта төрт жебе бар. Ол арқылы адамзатқа керек төрт негізгі қасиетті белгіледік. Бас кейіпкердің бойында парасат, ерлік, әділет бар екенін көрсетіп келеміз де, ең қажеті, алдыңғыларды толықтыратыны деп ізгілікті қосамыз. Ізгілік деген – мейірім. Ізгілік деген — бәріне қамқор болу. Алтын адамның бойында осы төртінші қасиет — ізгілік көрінген кезде оның сауытында төртінші жебе пайда болады. Осы қасиеттер бойында тоғысқан адам – алтын адам. Бұл сақтың ұрпағы, қазақтың әр баласы осы төрт қасиетті бойына жиған, осы алтын сауытқа лайық алтын адам болса екен деген ойдан туды.
Хикая тарихи әрі философиялық ойға құрылғандықтан мектеп жасындағы балаға арналған. 7-8 жасар балалар мен одан үлкендерге ұсынамыз. Бұйырса, көктемде прокатқа шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл туындыны 40-қа жуық адам жасап жатыр.
— Жалпы толықметражды анимация фильмін қанша уақытта дайындап шығаруға болады?
— Бұрын Walt Disney бір толықметражды фильмді 4-5 жылда жасап шығаратын. Қазір техника қарқынды дамып, бағдарлама көбейіп 2-2,5 жылда өндіруге болады. Сонда біз ең болмағанда ТМД елдеріне танылатын туындымызды шығара алатын жағдайға жетер едік.
— Қазір анимация режиссерына сұраныс қандай?
— Анимация режиссерына сұраныс өте жақсы. Жылдан жылға көбейіп келеді. Мысалы, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсіп, анимация режиссурасын таңдайтындар көбейіп жатыр. Бұрын осы мамандықта 7-8 адамнан оқыса, қазір 30-40 шақты студент жиналатын болған. Оның үстіне анимация жасайтын мамандарға жақсы жалақы төленеді. Дүниежүзінде біздің елдегіден де жоғары бағаланады.
— Анимация режиссурасында оқып жатқан студенттерге не шабыт береді?
— Қазір шығып жатқан мультфильмдер осы мамандыққа қызықтырып, шабыттандыра алады деп ойлаймын. Қазір бар фильмдерді көріп, студенттер «мен де істей алады екем» деп өзіне сене бастайды. Сонымен қатар қазақстандық фильмдер шетелден, халықаралық фестивальдерден жүлде алып жатыр. Мұның бәрі «анимация режиссеры болсам» деген жастар үшін өте маңызды.
— Аниматорларға қосымша көп іздену керек шығар?
— Көбіне қосымша үйреніп, оқып отыруға, мамандықтың заманға сай жаңа тұсын үйренуге тура келеді. Қазір интернетте бәрі бар, видеосабақтар да жетеді. Ақылы сабақтарды да сатып аламыз. Тек өз қаржысына оқымаса, болмайды деген нәрсе жоқ. Мысалы, былтыр корпорация атынан Францияға барып, ондағы үлкен анимация студиясында тәжірибе алмастық.
Темірбек Жүргенов академиясында аниматорлар 5 жыл оқиды. Бірақ онда жалпылама оқытады. Оқытудың мұндай жүйесі аса тиімді емес. Әрқайсының бөлек оқытылғаны жақсы. Мысалы, 2D анимацияны жасайтын адам бөлек, суретші бөлек, сценарист бөлек оқып, әрқайсы өз ісін үйреніп шықса, құба-құп.
Бірақ оқуды аяқтаған соң қосымша ізденуге тура келеді. Себебі заман күнде дамып жатыр. Мысалы, өзіміз үлкен киностудиялардың мультфильмін көріп, соңындағы титрларды қараймыз. Онда анимацияның қалай жасалғаны туралы мәлімет болады. Сөйтіп анимация жасаудың мүлдем басқа түрлерін көрдік. Шынын айтқанда, анимация не екенін Францияға барғанда жақсырақ түсіндік. «Мұзбалақты» басқа бағдарламада жасаған едік. Ал қазір мүлдем басқа бағдарламамен жұмыс істеп жатырмыз. Аниматор бағдарламаның мүмкіндіктеріне қарай икемделе білуі керек.
— Мемлекет қазақ анимациясын қолдап жатыр ма?
— Әрине, Қазақ анимация шығармашылық бірлестігінің құрылғаны, Ұлттық киноны қолдау орталығынан қаржы бөлінгені, «Балапан» телеарнасындағы анимация жұмыстары — мемлекеттің қолдауы. Бірақ әттең-айы да бар. Ол – жұмыстың нақты жүйеге түспегені. Анимация өзі басқаша сала, көп еңбекті талап етеді. Бір анимацияны жасап шығу инемен құдық қазғандай. Сол үшін басқаша жүйе құрастырып, өзіне сай келетін, жұмысқа ыңғайсыздық туғызбайтын сала болып кеткені маңызды. 3 жылда 11 ай ғана жұмыс істедік дегенім — осы ғой. Нақты жүйе болмағандықтан жұмыс беймезгіл тоқтап қалады, қаржы уақтылы бөлінбейді және тағы басқа.
Анимация көп техниканы бір уақытта жұмылдырып бітіре салатын құрылыс емес, көп жұмысшыны шақырып жылдам төсеп аяқтайтын жол да емес. Бұл іске өз маманы ғана кірісіп істей алады. Онда да шебері жасай алады. Қағазға сурет салып жүрген адамның бәрі анимация жасай бермейді. Аниматор болу үшін мықты суретші болуың керек. Оған қоса актерлықты сезіне алуың қажет. «Кез келген өнердің тоқтаған жерінен анимация басталады» деген сөз бар. Бұл — фантазия мен шексіздікті қажет ететін дүние. Сол үшін мұнда жұмыс істейтін адамдар өз ісінің шебері болғаны өте маңызды.
— Өзіңіз шығармашылығыңызда қанша мультфильм түсірдіңіз?
— Алғаш рет 2008 жылы курс жұмысы ретінде бір анимацияны жасап шығардым. Одан кейін диплом жұмысы ретінде Қазақфильмнің қолдауымен қысқаметражды «Ақ қаз» мультфильмін шығардық. Одан кейін «Тастөк», «Бақыт жолында» деген қысқаметражды туындылар болды. Кейін 2018 жылы «Мұзбалақ» шықты. «Мұзбалақтан» соң тоқтап қалған жоқпыз. «Ырыс ыдыстар», «Әсем әуен» деген сериалдар шығардық және балаларға арналған жалпы он шақты анимациялық фильмдер жарық көрді.
— Неге анимацияны таңдадыңыз?
— Оны өзім де білмеймін. Жол өзі әкеледі ғой. Әйтпесе бизнесті немесе мемлекеттік қызметті таңдауға болар еді. Алғашқыда бәрі сурет салудан басталды. Мектепте суретті жақсы салатынмын әрі ол сүйікті ісім еді. Мықты суретші боламын деп ойлайтынмын. Кейін анимация саласын танып, қызығып кеттім.
Анимацияда сурет те саласың, оған қоса музыка, әдебиет, актерлық, театр, режиссура деген сияқты түрлі өнерді бір сәтте қамти алады екенсің. Сонысымен анимация жаныма жақын болды. Әуелі Қытайда көркемсурет колледжінде оқыдым. Сол жақта Қытайдағы Корей анимация студиясында жұмыс істедім. Студия кіл мықтыларды таңдап алды, көп жобаларға қатыстырды. Есімде қалғаны қазір дүниежүзіне танымал, қазақша «Саяхатшы Дара» деген мультфильмді салуға қатысқан едім. Оны кейін теледидардан көрдім. Сол студияда жұмыс істеп жүргенде өзіме не керек екенін білдім. 2005 жылы Қазақстанға келіп, өнер академиясында оқыдым. Содан өз анимациямызды қалыптастырсақ деген ниетпен жұмыс істеп кеттік.
— Әңгімеңізге рақмет!