1999 жылдан бері бізде заңнама өзгермеген. Ол кезде интернет болмады. Көбіне газет-журналдар болды. Сондықтан қазір заман талабы бойынша жаңа заңнамаға қажеттілік туындап отырғаны белгілі. Бірінші, ақпараттық доктрина. Оны кеше ғана үкімет қаулысымен бекітіліп, президент әкімшілігіне ұсынылды. Ақпараттық доктрина біздегі негізгі ұғымдарды айқындайды. Мысалы, сөз бостандығы, журналистің мәртебесі, ақпараттық иммунитетті арттыру, ақпараттық қауіпсіздікке қарсы тұру. Осындай басты қағидаттарды анықтайтын ұғымдар доктринада топтастырылған, — деді Дархан Қыдырәлі.
Оның айтуынша, ол бірнеше уақыт бойы ашық порталда тұрған. Оған қатысты айтылған әртүрлі пікірлердің негізгілері ескерілген.
Екінші, масс-медиа туралы. Ол жайында көптеген пікір айтылып жатқанын білеміз. Бұл қалыпты жағдай. Өйткені ол бұған дейін де талқыланған және алда мәжіліске дейін тағы талқыланады, — деп атап өтті министр.
Дархан Қыдырәлі пресс-карта айналасында көтерілген мәселені де түсіндірді.
Пресс-карта — ол жақында ғана енгізілген тәжірибе емес, ол көптеген елде бар. Университетті бітірген журналист жұмысын атқара береді. Пресс-карта ол журналистің құқықтық мәртебесін айқындайды. Оған артықшылықтар береді. Бір жағынан ол стимул, ынталандыру. Сол арқылы мысалы, жеңілдікпен пәтер алу, әлеуметтік көмек алу немесе ақпаратқа тез қол жеткізу мәселелерінде көптеген артықшылыққа ие болады. Пресс-карта алғысы келмеген журналистер қалыпты жұмысын жалғастыра береді, — деп түсіндірді ақпарат министрі сұхбатта.
Ол осы мәселе бойынша журналистердің сұрақтарына жауап беруге дайын екенін жеткізді.