Басты бетЖаңалықтарТүркиядағы жер...

Түркиядағы жер сілкінісінен қаза болғандар саны 17,6 мыңға жетті

Дәл қазіргі сәтте 17 674 адам қаза болып, 72 879 адам жарақат алды, — деді Октай Кахраманмараш провинциясында өткен брифингіде.

Ол сонымен қатар зардап шеккен провинцияларда газ және электр қуаты қалпына келтірілгенін, бірақ кейбір жерлерде сақтық шараларына байланысты әлі берілмегенін атап өтті.

Оның айтуынша, провинцияларда 29 мыңнан астам құтқарушы үйінділерді аршып жатыр.

Айта кетейік, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында магнитудасы 7,7 жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері елдің 10 провинциясында, сонымен қатар шекаралас Сирияда да сезілді. Алғашқы соққыдан кейін тағы 20-дан астам дүмпу тіркелген.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған жер сілкінісін 1939 жылдан бергі елдегі ең ірі табиғи апат деп айтты. Ол кезде зілзала Эрзинджан қаласын жермен-жексен етіп, 32 мыңнан аса адамның өмірін қиған.

Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Екі провинцияда – Шанлыурфа және Килисте іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды.